عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: يَا خَيْرَ الْبَرِيَّةِ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: ذَاكَ إِبْرَاهِيمُ خَلِيلُ اللَّهِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әнәс (р.а.) былай деген: «Бір кісі Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, жаратылыс атаулының ең қайырлысы!” – деді. Сонда Алла Елшісі: “Ол – Алланың халилі Ибраһим”, – деп жауап берді»1.
Түсіндірме
«الْبَرِيَّةُ»: الْخَلْقُ.
Ғалымдар аяттар мен хадистерге сүйеніп, жаратылыс атаулының ең ардақтысы – Алла Елшісі (с.а.с.) деген. Осы хадистегі сөзді бірі Пайғамбардың қарапайымдылығы және арғы атасы, Алланың халилі Ибраһимге көрсеткен құрметі деп түсіндіреді. Екіншілері ол кезде Алла Елшісіне өз мәртебесі әлі хабарланбаған болуы мүмкін дейді. Өзге хадисте: «أَنَا سَيِّدُ وَلَدِ آدَمَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَلَا فَخْرَ». «Қиямет күні Адам ұрпағының мырзасы мен боламын. Мұны мақтан үшін айтып тұрғаным жоқ»2, – делінген. Сол сияқты пайғамбарлардың артықшылығын таласқа салмау туралы ескерту де масаттанудан тыю деп түсіндіріледі. Кейбір ғалымдар Ибраһимнің өз заманындағы адамдардың ең қайырлысы екені айтылған деп ұққан.