Хадис

Кутуб ситтә, № 655

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
61. «Тәубе» сүресі
Нөмірі
№ 655 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 25
655
Кутуб ситтә, № 655 · тараудағы реті: 25Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿إِلَّا تَنْفِرُوا يُعَذِّبْكُمْ عَذَابًا أَلِيمًا﴾ وَ﴿مَا كَانَ لِأَهْلِ الْمَدِينَةِ وَمَنْ حَوْلَهُمْ مِنَ الْأَعْرَابِ أَنْ يَتَخَلَّفُوا عَنْ رَسُولِ اللَّهِ﴾، قَالَ: «نَسَخَتْهَا ﴿وَمَا كَانَ الْمُؤْمِنُونَ لِيَنْفِرُوا كَافَّةً﴾». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) былай деді: «“Осыдан өздеріңе бұйырылғандай жаппай атқа қонбайтын болсаңдар, Алла сендерді жан төзгісіз азапқа душар етіп…”1 және “Мәдина халқының және айналасындағы бәдәуилердің Расулаллаға қайшы келіп, оған ермеуі және қара бастарының ғана қамын күйттеуі орынсыз”2 деген аяттардың үкімін “Сонымен қатар, мүміндердің жаппай жорыққа аттанғаны да орынсыз. Ендеше, әр елден бір топ адам қалып діни ілімдерді терең меңгеріп, жорыққа аттанғандар қайтып оралғанда, күнә атаулыдан аулақ жүруі үшін оларды ескертуі керек емес пе?!”3 аяты жойды».4

Түсіндірме

Үкімі жойылғаны айтылған алғашқы екі аят мүміндерді жорыққа шығуға міндеттейді. Олардың үкімін өзгерткен «Тәубе» сүресінің 122-аяты бойынша мүміндердің бір бөлігі жорыққа шығады, қалғандары қалып, діни іліммен айналысады.

Бұл аяттардың үкімі өзгергені жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Мәселен, Қатада ﴿مَا كَانَ لِأَهْلِ الْمَدِينَةِ وَمَنْ حَوْلَهُمْ مِنَ الْأَعْرَابِ أَنْ يَتَخَلَّفُوا عَنْ رَسُولِ اللَّهِ وَلَا يَرْغَبُوا بِأَنْفُسِهِمْ عَنْ نَفْسِهِ﴾ «Мәдина халқының және айналасындағы бәдәуилердің Расулаллаға қайшы келіп, оған ермеуі және қара бастарының ғана қамын күйттеуі орынсыз»5 деген аятты былай түсіндіреді: «Бұл үкім Алла елшісінің (с.а.с.) өзіне қатысты. Ол жорыққа шыққанда, үзірі барлардан өзгенің бәрі оған еруге міндетті еді». Өзге имамдар жорыққа қатысуы мұсылмандарға аса қажет болмаған кісілерге қалып қоюға рұқсат берген. Ал Әузағи, Ибн әл-Мүбәрак, Ибн Жәбир және Сағид ибн Абдулазиз бұл аяттың үкімі үмбеттің алғашқы буынын да, кейінгі ұрпақтарын да қамтиды деген. Ибн Зәйдтің айтуынша, аят мұсылмандар аз болған кезге қатысты. Кейін олардың саны көбейгенде, Алла тағала бұл үкімді өзгертіп, кейбіріне жорыққа шықпай қалуға рұқсат берді.

Ибн Аббас (р.анһума) «Тәубе» сүресінің 122-аятының түсу себебін былай баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) жорыққа шыққанда, Мәдинада үзірі барлар мен мұнафықтар ғана қалатын. Тәбук жорығынан оралған кезде түскен аяттар жорыққа шықпағандарды қатаң айыптады. Бұдан кейін мүміндер жорыққа жаппай шығып, Алла елшісін (с.а.с.) Мәдинада жалғыз қалдыратын болды». Сонда Алла тағала ﴿وَمَا كَانَ الْمُؤْمِنُونَ لِيَنْفِرُوا كَافَّةً فَلَوْلَا نَفَرَ مِنْ كُلِّ فِرْقَةٍ مِنْهُمْ طَائِفَةٌ لِيَتَفَقَّهُوا فِي الدِّينِ وَلِيُنْذِرُوا قَوْمَهُمْ إِذَا رَجَعُوا إِلَيْهِمْ لَعَلَّهُمْ يَحْذَرُونَ﴾ «Сонымен қатар, мүміндердің жаппай жорыққа аттанғаны да орынсыз. Ендеше, әр елден бір топ адам қалып діни ілімдерді терең меңгеріп, жорыққа аттанғандар қайтып оралғанда, күнә атаулыдан аулақ жүруі үшін оларды ескертуі керек емес пе?!»6 деген аятты түсірді. Бұдан былай мүміндердің бір бөлігі жорыққа аттанып, бір бөлігі Мәдинада Алла елшісінің (с.а.с.) жанында қызмет ететін болды. Өйткені сол кезеңде жорыққа шығатындармен қатар, жаңа түскен уахиды, оның үкімдері мен сүннетті жазып алып, зерделейтін әрі жорықтан қайтқандарға үйрететін кісілер де қажет еді. Мүміндер осылай істеді.

Құран кәрім осылайша елге әскермен қатар іліммен айналысатын қауым да қажет екеніне назар аудартады.

  1. 1«Тәубе» сүресі, 39-аят.
  2. 2«Тәубе» сүресі, 120-аят.
  3. 3«Тәубе» сүресі, 122-аят.
  4. 4Әбу Дәуіт, «Жиһад», 19 (№ 2505, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 2503).
  5. 5«Тәубе» сүресі, 120-аят.
  6. 6«Тәубе» сүресі, 122-аят.