وَعَنْ عَلِيِّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَجُلًا يَسْتَغْفِرُ لِأَبَوَيْهِ وَهُمَا مُشْرِكَانِ، فَقُلْتُ لَهُ: “أَتَسْتَغْفِرُ لِأَبَوَيْكَ وَهُمَا مُشْرِكَانِ؟” فَقَالَ: “أَوَلَيْسَ اسْتَغْفَرَ إِبْرَاهِيمُ لِأَبِيهِ وَهُوَ مُشْرِكٌ؟” فَذَكَرْتُ ذَلِكَ لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَنَزَلَتْ: ﴿مَا كَانَ لِلنَّبِيِّ وَالَّذِينَ آمَنُوا أَنْ يَسْتَغْفِرُوا لِلْمُشْرِكِينَ﴾ الْآيَةُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.
Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) былай дейді: «Бір кісінің мүшрік ата-анасына Алладан кешірім тілегенін естідім. Оған: “Мүшрік ата-анаң үшін кешірім тілейсің бе?” – дедім. Ол: “Ибраһим де мүшрік әкесі үшін кешірім тілемеп пе еді?” – деп жауап берді. Мұны Алла елшісіне (с.а.с.) айттым. Осыдан кейін мына аяттар түсті: “Кәпір күйінде өліп, тозақтық екендігі анық белгілі болғаннан кейін, пайғамбар мен мүміндердің, тіпті жақын туысы болса да, өлген мүшріктер үшін Алладан кешірім тілеуі орынсыз. Ал Ибраһимнің әкесі үшін кешірім тілегеніне келсек, кезінде әкесіне: ‘Сен үшін Раббымнан кешірім тілеймін’, – деп берген уәдесін орындағаны ғана болатын. Алайда оған әкесінің Аллаға айнымас дұшпан екені анық белгілі болғанда, ол одан мүлдем қол үзді...”1».2
Түсіндірме
Дініміз адамдарды сеніміне қарай ажыратады. Иман келтіргендер өз алдына, иман келтірмегендер өз алдына қауым саналады. Мүміндер – иман арқылы бір-біріне бауыр. Түр-түсі, тілі, кәсібі мен елі бөлек болса да, мұның ешқайсысы олардың діндестігіне кедергі келтірмейді. Сенімі бөлек әке мен бала, аға мен іні арасында мұндай діни жақындық болмайды. Құран бұл орайда Ибраһим мен әкесі Азарды және Нұх пен тура жолдан тайған ұлын мысал етеді. Нұх ұлын құтқаруды тілегенде, Алла тағала: «Уа, Нұх! Ол сенің жанұяңнан емес...»3 – деді.
Алла елшісі (с.а.с.) өзге дін өкілдеріне Исламға шақырып хат жолдағанда, хатын «Әссәләму аләйкум» деп бастамайтын. Өйткені сәлем – дұға. Сәлем берген адам сөзін арнаған кісіге Алладан рақым тілейді. Алла елшісі (с.а.с.) мұндай хаттарында «Әссәләму ала мәниттәбағал-һуда», яғни «Тура жолға ергендерге сәлем болсын» дейтін.
Өзге дін өкілдерімен жүздескенде де сәлемдесудің өз әдебі болған. Алла елшісі (с.а.с.) мұсылмандарға оларға бірінші болып сәлем беруге асықпауды, ал олар сәлем берсе, «Уә аләйкум», яғни «Сендерге де болсын» деп жауап беруді бұйырған. Осыған орай фиқһ кітаптарында мұсылмандар өзге дін өкілдерімен аралас тұратын жерлердегі бір жайт сөз болады. Қайыр сұраған кісілер үй иесін байқамай шатастырып, оған рақым тілеп қоймауы үшін үйлер сыртынан ажыратылатындай болуы керек делінген.
Көзі тірі өзге дін өкілдеріне тілеуге болатын ең жақсы дұға – Алладан оларға тура жол нәсіп етуін сұрау. Алла елшісі (с.а.с.) мен мүміндерге мүшріктер үшін кешірім тілеуге тыйым салған аяттың түсуіне қатысты хадис және тәпсір кітаптарында тағы бір оқиға айтылады. Әбу Талибтің дәм-тұзы таусылып бара жатқанда, Алла елшісі (с.а.с.) көкесінен шәһадат сөзін айтуды қанша өтінсе де, ол айтпады. Алла елшісі (с.а.с.) бұған қатты қайғырды. Көкесі оған талай қиын күнде қол ұшын беріп, қорған болған еді. Ислам діні оның қамқорлығымен тамыр жайды деуге де болады. Осыны ойлаған Алла елшісі (с.а.с.): «Алла маған тыйым салғанға дейін сен үшін кешірім тілеймін», – деді.4 Сонда «Кәпір күйінде өліп, тозақтық екендігі анық белгілі болғаннан кейін, пайғамбар мен мүміндердің, тіпті жақын туысы болса да, өлген мүшріктер үшін Алладан кешірім тілеуі орынсыз.»5 деген аят пен «Сен жақсы көрген әр адамыңды тура жолға сала алмайсың, алайда Алла қалағанын тура жолға салады...»6 деген аят түсті.