Хадис

Кутуб ситтә, № 650

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
61. «Тәубе» сүресі
Нөмірі
№ 650 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 20
650
Кутуб ситтә, № 650 · тараудағы реті: 20Риуаят етуші: Әбу Масғуд әл-Бәдри

وَعَنْ أَبِي مَسْعُودٍ الْبَدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمَّا نَزَلَتْ آيَةُ الصَّدَقَةِ كُنَّا نُحَامِلُ، فَجَاءَ رَجُلٌ فَتَصَدَّقَ بِشَيْءٍ كَثِيرٍ، فَقَالُوا: مُرَاءٍ. وَجَاءَ رَجُلٌ فَتَصَدَّقَ بِصَاعٍ، فَقَالُوا: إِنَّ اللَّهَ لَغَنِيٌّ عَنْ صَاعِ هَذَا. فَنَزَلَتِ ﴿الَّذِينَ يَلْمِزُونَ الْمُطَّوِّعِينَ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ فِي الصَّدَقَاتِ وَالَّذِينَ لَا يَجِدُونَ إِلَّا جُهْدَهُمْ﴾ الْآيَةَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мәсғуд әл-Бәдри (р.а.) былай дейді: «Садақа беруге үндеген аят түскенде арқамызбен жүк тасып, тапқан ақымыздан садақа беретінбіз. Бір кісі келіп, мол садақа берді. Мұнафықтар: “Бұл – риякер”, – деді. Тағы бір кісі бір сағ садақа беріп еді, олар: “Алла оның бір сағына мұқтаж емес”, – деді. Сонда “Ол екіжүзділер қайыр-садақаны молынан беретін жомарт мүміндерді де, маңдай терімен тапқан-таянған азғантай мал-пұлынан садақа беретін кедей мүміндерді де өздерінше жазғырады һәм бет-ауызын жыбырлатып мазақтайды. Әйтсе де, Алла олардың өздерін масқара қылды. Олардың лайықты сыбағасы – жан төзгісіз азап”1 деген аят түсті».2

Түсіндірме

Мүміндер «Тәубе» сүресіндегі «Олардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт...» деген әмірді, сондай-ақ Алла елшісінің (с.а.с.) «Садақа берген адамның пайдасына қиямет күні куәлік етемін», «Жорыққа дайындалып жатырмыз, садақа беріңдер» деген үндеулерін естіп, әркім өз иманына сай садақа берді. Риуаяттарда сол кездің ғибратты оқиғалары баяндалады. Өңі қара, бойы аласа, ажарсыздау бір кісі көз тартар көрікті түйені сыйға тартты. Мұнафықтар бір-біріне ым қағып: «Түйесі өзінен артық екен», – деп оны мазақ етті. Мұны естіген Алла елшісі (с.а.с.): «Өтірік айттың. Ол сенен де, түйесінен де артық», – деді. Басқа бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) садақа беруге шақырғанда, жұрттың қолынан келгенін әкелгені айтылады. Ең соңынан Әбу Хайсама әл-Ансари деген кедей кісі бір сағ құрма әкеліп: «Уа, Алланың елшісі, мына бір сағ құрманы түні бойы таң атқанша су тартып таптым. Бар ақысы екі сағ еді. Бір сағын отбасыма қалдырып, бір сағын осында әкелдім», – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оны қабылдап, құрманы жиналған құрманың үстіне себуді бұйырды. Кейбір мұнафықтар: «Алла мен Оның елшісі сенің бір сағ құрмаңа мұқтаж емес. Ол неге жарайды?» – деп мазақ етті. Абдуррахман ибн Ауф сегіз мың дирхамдық дәулетінің жартысын садақаға беріп, жартысын өзіне қалдырды. Алла елшісі (с.а.с.) оған: «Садақаға бергеніңе де, өзіңе қалдырғаныңа да Алла береке берсін», – деп дұға етті. Мұнафықтар бір-біріне ым қағып: «Алланың атымен ант етемін, Абдуррахман мұны жұрт көрсін деп берді», – деді.

Осы оқиғадан соң бір сағ құрма берген кісінің де, төрт мың дирхам садақа еткен Абдуррахман ибн Ауфтың да (Алла екеуіне разы болсын) ниетінің шынайылығын растап, мына аят түсті: «Ол екіжүзділер қайыр-садақаны молынан беретін жомарт мүміндерді де, маңдай терімен тапқан-таянған азғантай мал-пұлынан садақа беретін кедей мүміндерді де өздерінше жазғырады һәм бет-ауызын жыбырлатып мазақтайды. Әйтсе де, Алла олардың өздерін масқара қылды. Олардың лайықты сыбағасы – жан төзгісіз азап»3.

Ғалымдар аяттағы «маңдай терімен тапқан-таянған азғантай мал-пұлынан садақа беретін» деген сөздің бір сағ құрма садақа еткен кедей мүмінді меңзейтінін айтқан. Бір риуаятта жұрт көрсін деп садақа берді деген жалған айып тағылған жомарт кісілердің арасында жүз уасқ құрма берген Асым ибн Ади (р.а.) де аталады. Бір уасқ алпыс сағқа тең.

Алла елшісі (с.а.с.) тұрмысының тарлығына қарамастан аз да болса садақа бергендерге ерекше разы болған. Нәсәи жеткізген хадисте Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бір дирхам жүз мың дирхамнан озды”, – деді. Қасындағылар: “Уа, Алланың елшісі, бұл қалай?” – деп сұрады. Сонда ол: “Бір адамның екі дирхамы ғана бар еді. Соның бірін садақа етті. Енді бір адам мол дәулетінен жүз мың дирхам алып, садақа берді”, – деді».4

Алланың алдында садақаның құны берген дүниенің мөлшерімен ғана өлшенбейді. Адамның ықыласы, жомарттығы және барымен бөлісе білуі де бағаланады. Алла елшісінің (с.а.с.) бір сағ құрманы жиналған құрманың үстіне септіруінде де мән бар. Сол арқылы құрмаға береке дарысын деген болуы ықтимал.

  1. 1«Тәубе» сүресі, 79-аят.
  2. 2Бұхари, «Зекет», 10 (№ 1415), «Ижара», 13, «Тәпсір», «Тәубе», 11 (№ 4668). Мүслим, «Зекет», 72 (№ 1018). Нәсәи, «Зекет», 48 (№ 2530). Бұхаридің №4668, Мүслимнің №1018а және Нәсәидің №2530 нұсқасында «жарты сағ» делінген. Арабша мәтін Бұхаридің №1415 риуаяты бойынша қалпына келтірілді.
  3. 3«Тәубе» сүресі, 79-аят.
  4. 4Нәсәи, «Зекет», № 2527–2528.