Хадис

Кутуб ситтә, № 648

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
61. «Тәубе» сүресі
Нөмірі
№ 648 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 18
648
Кутуб ситтә, № 648 · тараудағы реті: 18Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا نَزَلَتْ هَذِهِ الْآيَةُ ﴿وَالَّذِينَ يَكْنِزُونَ الذَّهَبَ وَالْفِضَّةَ﴾، كَبُرَ ذَلِكَ عَلَى الْمُسْلِمِينَ. فَقَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: “أَنَا أُفَرِّجُ عَنْكُمْ”. فَانْطَلَقَ فَقَالَ: “يَا نَبِيَّ اللَّهِ، إِنَّهُ كَبُرَ عَلَى أَصْحَابِكَ هَذِهِ الْآيَةُ”. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: “إِنَّ اللَّهَ لَمْ يَفْرِضِ الزَّكَاةَ إِلَّا لِيُطَيِّبَ مَا بَقِيَ مِنْ أَمْوَالِكُمْ، وَإِنَّمَا فَرَضَ الْمَوَارِيثَ لِتَكُونَ لِمَنْ بَعْدَكُمْ”. فَكَبَّرَ عُمَرُ، ثُمَّ قَالَ لَهُ: “أَلَا أُخْبِرُكَ بِخَيْرِ مَا يَكْنِزُ الْمَرْءُ؟ الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ، إِذَا نَظَرَ إِلَيْهَا سَرَّتْهُ، وَإِذَا أَمَرَهَا أَطَاعَتْهُ، وَإِذَا غَابَ عَنْهَا حَفِظَتْهُ”». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) былай дейді: «“Алтын мен күмісті үсті-үстіне жиып, оны Алла жолында жұмсамайтындарды жан төзгісіз азаппен ‘сүйіншіле’” деген аят мұсылмандарға ауыр тиді. Омар (р.а.): “Уайымдарыңды сейілтейін”, – деді де, Алла елшісіне (с.а.с.) барып: “Уа, Алланың пайғамбары, бұл аят сахабаларыңызға ауыр тиді”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Алла зекетті мал-мүліктеріңнің қалған бөлігін тазарту үшін парыз етті. Ал мұраның үлестерін дүние-мүлік кейінгілеріңе қалсын деп белгіледі”, – деді. Мұны естіген Омар (р.а.): “Аллаһу әкбар!” – деді. Алла елшісі (с.а.с.) сөзін жалғап: “Адамның жиған ең қайырлы қазынасын айтайын ба? Ол – салиқалы әйел. Күйеуі оған қараса, көңілі марқаяды, бір нәрсе тапсырса, орындайды, ал күйеуі жоқта оның абыройы мен дүние-мүлкін сақтайды”, – деді»1.

Түсіндірме

Алдыңғы бес риуаяттың бәрі де «Алтын мен күмісті үсті-үстіне жиып, оны Алла жолында жұмсамайтындарды жан төзгісіз азаппен “сүйіншіле”» деген аятқа қатысты. Ибн Аббас жеткізген соңғы риуаяттан көрінгендей, аят түскенде сахабаларды қатты алаңдатқан нәрсе – оның сыртқы мағынасынан мал-мүлік жинауға тұтас тыйым салынғандай көрінуі еді. Аяттың көздегені шынымен сол болса, адамға табиғатынан тән әрі тұрмыста орныққан дүние жинау әдетінен қалай арылмақ? Бұл иләһи әмірді қалай орындамақ? Сахабаларды толғандырған мәселе осы еді.

Омар (р.а.) келгенде Алла елшісі (с.а.с.) сахабалардың алаңдауы орынсыз екенін түсіндірді. Оларды иландыру үшін «Тәубе» сүресінің 103-аятын мысал етті. «Олардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт әрі сауаптары мен ықыластарының арта түсуіне дәнекер бол. Әрі олар үшін дұға ет! Өйткені сенің дұғаң оларды жан тыныштығына бөлеп, жүректерін орнықтырады. Алла – Сәмиғ һәм Алим». Осы аятқа сүйеніп, зекеттің қалған мал-мүлікті таза әрі адал ету үшін парыз қылынғанын айтты. Аяттағы тыйым зекеті өтелмей жиналған дәулетке қатысты. Осындай дүние тыйым салынған «кәнз», яғни қазына саналады. Зекет бергенде сол мүлікке араласқан мұқтаждың ақысы немесе күнә салдарынан жүктелген Алланың ақысы өтеліп, дүние-мүлік тазарады.

Алла елшісі (с.а.с.) сөзін мирас үкімімен де дәйектейді. Дүние жинауға тыйым салынса, мирас үлестері белгіленер ме еді? Мал иесі қайтыс болғанда, оның жинаған дүниесін қалай бөлу керегі көрсетілсе, дүние жинаудың өзіне тыйым салынбағаны аңғарылады. Зекеттің парыз етілуі де осыған дәлел. Өйткені зекет – жиналған мал-мүліктен өтелетін міндет.

Хадистің соңғы бөлігі қазынаның басқа қырын ашады. Жұрт дүние жинау дегенде алдымен алтын-күміс секілді байлықты ойлайды. Алла елшісі (с.а.с.) адамға одан да қайырлы қазынаны танытқан. Салиқалы жар, зікір ететін тіл, шүкір ететін жүрек, көркем мінез, ізгі амал мен ықылас та сондай игілікке жатады.

Хадистегі «кәнз» сөзі «қазына» дегенді білдіреді. Ендеше, Алла елшісі (с.а.с.) атаған осы қазыналар да адам баласының көңіл бөлуіне тұрарлық.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Зекет», 32 (№ 1664).