وَعَنْ زَيْدِ بْنِ وَهْبٍ قَالَ: «مَرَرْتُ بِالرَّبَذَةِ فَإِذَا بِأَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقُلْتُ لَهُ: “مَا أَنْزَلَكَ مَنْزِلَكَ هَذَا؟” قَالَ: “كُنْتُ بِالشَّامِ، فَاخْتَلَفْتُ أَنَا وَمُعَاوِيَةُ فِي هَذِهِ الْآيَةِ: ﴿وَالَّذِينَ يَكْنِزُونَ الذَّهَبَ وَالْفِضَّةَ وَلَا يُنْفِقُونَهَا فِي سَبِيلِ اللَّهِ﴾. فَقَالَ مُعَاوِيَةُ: ‘نَزَلَتْ فِي أَهْلِ الْكِتَابِ’. فَقُلْتُ: ‘نَزَلَتْ فِينَا وَفِيهِمْ’. فَكَانَ بَيْنِي وَبَيْنَهُ فِي ذَلِكَ، وَكَتَبَ إِلَى عُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَشْكُونِي، فَكَتَبَ إِلَيَّ عُثْمَانُ أَنِ اقْدَمِ الْمَدِينَةَ، فَقَدِمْتُهَا، فَكَثُرَ النَّاسُ عَلَيَّ حَتَّى كَأَنَّهُمْ لَمْ يَرَوْنِي قَبْلَ ذَلِكَ، فَذَكَرْتُ ذَلِكَ لِعُثْمَانَ، فَقَالَ لِي: ‘إِنْ شِئْتَ تَنَحَّيْتَ فَكُنْتَ قَرِيبًا’. فَذَاكَ الَّذِي أَنْزَلَنِي هَذَا الْمَنْزِلَ، وَلَوْ أَمَّرُوا عَلَيَّ عَبْدًا حَبَشِيًّا لَسَمِعْتُ وَأَطَعْتُ”». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Табиғин Зәйд ибн Уәһб былай деді: «Рабазаға жолым түсіп, Әбу Заррды (р.а.) көрдім. Одан: “Мұнда не себепті қоныстандың?” – деп сұрадым. Ол: “Шамда жүргенімде Муғауия екеуміз алтын мен күміс жинау жайында түскен аятты әрқалай түсіндік”, – деді». Бұл аяттарда былай делінеді: «Уа, иман келтіргендер! Шүбәсіз, яһудилердің машайықтары мен христиан дінбасыларының көпшілігі ел-жұрттың дүние-мүлкін сөзсіз арам жолмен жеуде һәм оларды Алланың ақ жолынан қақпайлауда. Ендеше, алтын мен күмісті үсті-үстіне жиып, оны Алла жолында жұмсамайтындарды жан төзгісіз азаппен “сүйіншіле”. Қиямет күні дүниеде үсті-үстіне жиылған алтын мен күміс тозақ отына қыздырылып, онымен иелерінің маңдайлары, бүйірлері және арқалары күйдіріледі һәм оларға: “Міне, мыналар – қара бастарың үшін жиғандарың. Ал енді сол жиған дүниелеріңнің дәмін татыңдар”, – делінеді».1 Зәйд Әбу Заррдың сөзін әрі қарай былай жеткізді: «Муғауия: “Бұл аят кітап иелеріне қатысты түсті”, – деді. Мен: “Бізге де, оларға да қатысты түсті”, – дедім. Осы мәселеде арамызда пікір қайшылығы туды. Муғауия Османға (р.а.) хат жазып, менің үстімнен шағым түсірді. Осман да маған хат жолдап, Мәдинаға келуімді бұйырды. Мәдинаға келгенімде, жұрт мені бұрын көрмегендей айналама жиналды. Жайымды Османға айттым. Ол: “Қаласаң, қаладан шығып, жақын маңға қоныстан”, – деді. Мені мұнда әкелген себеп осы. Тіпті Хабашстаннан шыққан құлды маған басшы етіп қойса да, сөзін тыңдап, оған бағынар едім».2
Түсіндірме
Әбу Зарр Ғифари (р.а.) – сахабалардың арасында айрықша орны бар, дүниеге қызықпаған заһид. Оның ғибратқа толы өмірінің маңызды бір кезеңі осы риуаятта баяндалады. Шамда жүргенінде ол Алла елшісінің (с.а.с.) тұрмыс салтын үлгі етуді уағыздады. Оның айтуынша, Алла жолында жұмсауға немесе қарызды өтеуге арналмаған бір динардың да, бір дирһамның да үйде бір түн жатуына болмайды. Әйтпесе адам жоғарыдағы аятта ескертілген азапқа ілігеді деп түсінді. Бұл пікірде ол Шамның әкімі Муғауиямен және бірқатар өзге билеушімен келіспеді. Өз ұстанымына адал әрі берік болды. Риуаяттарда айтылғандай, Алла жолында сын айтқан адамның сынынан қаймықпады. Оның пікірін құптағандар ел ішінде көбейіп, бұл мәселе жұрт аузында жүрді. Әскерилердің арасында да оны жақтағандар болды. Ең үлкен келіспеушілік Муғауия екеуінің арасында туды. Әбу Зарр оны ысырап жасады, Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетінен алшақтады деп сынады. Муғауия ел ішінде бүлік тумасын деп істің мәнін халифа Османға (р.а.) жеткізді. Осман да осыдан қауіптеніп, Әбу Заррды Мәдинаға шақырды. Алайда оның Мәдинаға келуімен мәселе шешіле қойған жоқ. Риуаяттағыдай, халық оған айрықша көңіл бөліп, қызығушылық танытты. Табаридің баяндауынша, жұрт Әбу Заррдың айналасына жиналып, Шамнан неге оралғанын сұрады. Осыны көрген Осман, Муғауия Шамда алаңдағандай, Мәдинада да бүлік туып жүрмесін деп қауіптенді. Ибн Батталдың айтуынша, халықтың қайта-қайта сұрақ қойып, екеуінің пікір қайшылығын сөз етуі Әбу Заррдың өзін де алаңдатты. Ол Османның сөгісіне ұшырап қалам ба деп, алдына барып, жұрттың өзін алғаш көргендей айналасына жиналуы көңіліне күдік салғанын айтты. Сонда Осман: «Бүлік тууынан қауіптенсең, Мәдинаның маңынан бір жер тауып, сонда қоныстан», – деп кеңес берді. Осы кеңеспен Әбу Зарр Мәдинадан үш күндік жердегі Рабаза ауылына көшті. Омар кезінде бұл жерді қазынаға тиесілі түйелердің жайылымына пайдаланған.
Кей еңбектерде Осман (р.а.) Әбу Заррды жер аударды делінеді. Оқиға жайындағы риуаяттарды бірге қарастырғанда, оны жер аудару деп бағалау қиын. Әбу Заррдың өз ықтиярымен көшкені қисынға көбірек келеді. Ғалымдар риуаяттан бірнеше тұжырым шығарған.
1. Әбу Зарр мен Муғауия (р.а.) бұл аяттың кітап иелеріне де қатысты екенін бірдей мойындаған. Ғалымдар бұдан иман келтірмеген адамдарға да шариғаттың жекелеген үкімдері қатысты, олар сол бойынша есеп береді деген тұжырым жасаған.
2. Ел басқарғандар ғалымдарға жұмсақ мәміле жасауы керек. Муғауия Әбу Заррдың пікіріне қарсылық білдіргенде дөрекілікке бармай, Османға хат жолдаған. Осман да Әбу Заррдың пікіріне қосылмаса да, оған қаталдық танытпаған.
3. Басшылыққа қарсы шығып, ел ішіне іріткі салудан сақтану және билік иесіне бағыну керек.
4. Ижтиһадқа жататын мәселелерде әртүрлі пікір айтуға болады.
5. Жақсылыққа шақыру жолында, тіпті адамды туған жерінен алыстатуға тура келсе де, қатаң шараға жүгінуге болады.
6. Зиянның алдын алу пайда келтіруден басым. Әбу Заррдың Мәдинада қалып, ілім таратуы жұртқа пайдалы болар еді. Алайда Осман оның кесімді пікірлері бүлікке ұласуы мүмкін деп қауіптеніп, Рабазаға қоныстанғанын жөн көрді.
7. Айни «Умдәтул-қари» еңбегінде былай дейді: «Бұл хадис пікір алшақтығына жол берілетінін көрсетеді. Осман да, сол кездегі сахабалар да Әбу Заррды жеке пікірі үшін айыптаған жоқ. Ешкім оған: “Бұлай сенуге болмайды”, – демеді. Өйткені Әбу Зарр өз пікірін Алла елшісінің (с.а.с.) хадистеріне сүйеніп, сүннеттен дәлел келтіріп айтатын. Мысалы, ол: “Ұхұд тауындай алтыным болса, үш динардан басқасын Алла жолында жұмсар едім”, – деген хадисті келтірген. Әбу Һурайрамен пікірталасында: “Кім алтын мен күміс жинаса, сол жиғанымен денесі күйдіріледі”, – деген хадиске сүйенген. Бұл келіспеушілік ілім жолында пікір алшақтығы қияметке дейін жалғасатынын көрсетеді. Мұндай алшақтық ижмағ арқылы ғана жойылады...»
Бүгінде жеке дәулет жинауға қарсы көзқарастағы кейбіреулер Әбу Заррды мысал етіп, Ислам да ауқатты болуға қарсы дейді. Автор бұл пікірді қате санайды. Әбу Зарр – ірі сахабалардың бірі. Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларының тура жолда екенін айтқан. Муғауия, Осман және Әбу Һурайра да сахабалардың көрнектілерінен еді. Османның тұсында Әбу Заррдың пікіріне қосылмаған сахабалардың көп болғанын да ескеру керек. Автор даулы мәселеде көпшіліктің пікіріне сүйенуді Исламның бір ұстанымы деп түсіндіреді. Осы мәселеде ол Осман мен оның пікірін құптағандардың ұстанымын үмбетке ортақ жол деп біледі. Әбу Заррдың көзқарасы жеке пікір ретінде қалды. Оны ұстанамын деген адамға Ислам атынан айып тағып, бөгет жасауға болмайды. Сол көзқарасты ұстанғандар да көпшілік таңдаған жолға тыйым сала алмайды. Үмбетке бағыт беретін өлшем – көпшілік ұстанған ортақ жол. Зекет пен садақаға қатысты міндеттер орындалса, дініміз дәулет жинауға қарсы шықпайды.