وَعَنْ سَعِيدِ بْنِ جُبَيْرٍ قَالَ: «قُلْتُ لِابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: “سُورَةُ التَّوْبَةِ؟” قَالَ: “آلتَّوْبَةِ؟ بَلْ هِيَ الْفَاضِحَةُ، مَا زَالَتْ تَنْزِلُ: وَمِنْهُمْ وَمِنْهُمْ، حَتَّى ظَنُّوا أَنْ لَا يَبْقَى مِنَّا أَحَدٌ إِلَّا ذُكِرَ فِيهَا”. قَالَ: “قُلْتُ: ‘سُورَةُ الْأَنْفَالِ؟’ قَالَ: ‘تِلْكَ سُورَةُ بَدْرٍ’. قُلْتُ: ‘فَالْحَشْرُ؟’ قَالَ: ‘نَزَلَتْ فِي بَنِي النَّضِيرِ’”». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ، وَهَذَا لَفْظُ مُسْلِمٍ.
Сағид ибн Жубәйр былай дейді: «Ибн Аббастан (р.анһума): “‘Тәубе’ сүресі ше?” – деп сұрадым. Ол: “‘Тәубе’ дейсің бе? Ол – бетпердені ашушы сүре. ‘Олардың кейбірі... Олардың кейбірі..’ деген аяттар үсті-үстіне түсіп, адамдар ‘Арамызда аталмай қалатын ешкім болмас’ деп ойлады”, – деді. “‘Әнфал’ сүресі ше?” – дедім. “Ол – Бәдір туралы сүре”, – деді. “Ал ‘Хашр’ ше?” – дегенімде: “Ол Бәну Надирге қатысты түсті”, – деп жауап берді»1.
Түсіндірме
Осы риуаяттан Сағид ибн Жубәйрдің кейбір сүрелердің түсу себебін Ибн Аббастан сұрап білгенін аңғарамыз. Ибн Аббас «Тәубені» «фадиха», яғни «бетпердені ашушы, әшкерелеуші» деп атаған. Өйткені сүреде исламға қарсы шыққан топтардың іс-әрекеті ашық баяндалады. Бір тобы Пайғамбарды ренжіткен, енді бірі зекет пен садақаны үлестіруіне мін таққан, тағы біреулері жорықтан қалуға рұқсат сұраған. Сүренің «Бәраат» және «Тәубе» деген екі атауы бар. «Бәраат» атауы алғашқы аяттардағы мүшріктерге жасалған қатаң ескертуден шыққан. «Тәубе» атауы Тәбук жорығына қатыспай қалған адамдардың тәубесі қабыл болғанын баяндайтын аяттарға байланысты қойылған.
3 وَفِي أُخْرَى قَالَ: «قُلْتُ: “سُورَةُ الْحَشْرِ؟” قَالَ: “قُلْ سُورَةُ النَّضِيرِ”».
3. (632–633) Тағы бір риуаятта Сағид ибн Жубәйрдің «Хашр» сүресі туралы сауалына Ибн Аббас (р.анһума): «Надир сүресі деп ата», – деп жауап берген.2
Бұл риуаятта Ибн Аббас (р.анһума) сүренің «Хашр» деп аталуын қош көрмегенін аңғартады. Өйткені мұнда әңгіме қиямет күніндегі жиналу жайында өрбімейді. Сүренің негізгі тақырыбы – Бәну Надир атты яһуди тайпасының Мәдинадан жер аударылуы. Келісім бойынша тайпа мұсылмандар өтеуге тиіс құнның бір бөлігін төлеуге міндетті еді. Алла елшісі (с.а.с.) сол міндетті еске салуға барғанда, олар шатырдан үстіне диірмен тасын тастап, қастандық жасауды жоспарлады. Алла тағала оны уахи арқылы ескертті. Пайғамбар (с.а.с.) сол жерден дереу кетіп, олардың жоспары іске аспады. Алла елшісі (с.а.с.) оларға он күннің ішінде Мәдинадан кетуді бұйырды. Олардың одақтасы, мұнафықтардың басшысы Абдулла ибн Үбәй адам жіберіп: «Қамалдарыңа кіріп, шайқасыңдар. Менің екі мың адамым бар. Өзге араб тайпалары да көмекке келіп, сендер үшін ақырына дейін шайқасады», – деп оларды соғысқа итермеледі. Бәну Надир Алла елшісіне (с.а.с.): «Мекенімізді тастамаймыз. Не істесең, соны істе!» – деп хабар жіберді. Алла елшісі (с.а.с.) тайпаны дереу қоршауға алуды бұйырды. Уәде етілген көмек келмеген соң, олар он бес күн қарсылық көрсетіп, ақырында көтере алған мал-мүлкін алып, Мәдинадан кетуге келісті. Үйлерін мұсылмандар пайдаланбасын деп өз қолдарымен қиратты. «Хашр» сүресінде осы оқиға былай баяндалады: ﴿هُوَ الَّذِي أَخْرَجَ الَّذِينَ كَفَرُوا مِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ مِنْ دِيَارِهِمْ لِأَوَّلِ الْحَشْرِ مَا ظَنَنْتُمْ أَنْ يَخْرُجُوا وَظَنُّوا أَنَّهُمْ مَانِعَتُهُمْ حُصُونُهُمْ مِنَ اللَّهِ فَأَتَاهُمُ اللَّهُ مِنْ حَيْثُ لَمْ يَحْتَسِبُوا وَقَذَفَ فِي قُلُوبِهِمُ الرُّعْبَ يُخْرِبُونَ بُيُوتَهُمْ بِأَيْدِيهِمْ وَأَيْدِي الْمُؤْمِنِينَ فَاعْتَبِرُوا يَا أُولِي الْأَبْصَارِ﴾ «Ол Алла кітап иелерінен күпірлік қылғандарды қуғын-сүргінге ұшырату үшін алғаш рет бірін қалдырмай бір араға жинап, мекендерінен шығарды. Сендер оларды дәл солай шығады деп ойламаған едіңдер. Олар да бекінген қорғандары өздерін Алланың қаһарынан қорғайды деп ойлады. Алайда Алла оларға күтпеген жерден келіп, жүректеріне үрей салды. Тіпті үй-жайларын өз қолдарымен қирата бастады және мүміндердің қиратқанына да қарсы тұра алмады. Уа, ақыл иелері, міне, бұдан ғибрат алыңдар!»3
Ибн Аббастың (р.анһума) сүренің негізгі тақырыбына назар аударуы орынды. Жиырма төрт аяттың алғашқы он жетісі түгелге жуық Бәну Надирдің Мәдинадан жер аударылуын баяндайды. Құран аяттары өткен мен келешекті қатар қамтып, кейде бұрынғы оқиғаны суреттеу арқылы кейін болатын жайды да хабарлайды. Автор осы тұрғыдан Бәну Надир оқиғасын 1967 жылғы соғыстан кейінгі Синай оқиғасымен сабақтастырады. Израиль Мысырмен жасасқан келісімге сай Синайдан шыққанда, өзі салған кей құрылыстарды динамит пен бульдозердің көмегімен қиратып кеткен. Автор қаруға, қастандық пен айлаға, халықаралық саяси қолдауға сүйенген тараптың кейін де өзі тұрғызған құрылыстарын қиратуға мәжбүр болуын осы сүре алдын ала хабарлаған болуы мүмкін деп пайымдайды.
Осы тұста автор Алла елшісінің (с.а.с.) мына хадисін келтіреді: «Мұсылмандар яһудилермен соғысып, оларды өлтірмейінше, қиямет болмайды. Яһуди тас пен ағаштың артына жасырынады. Сонда тас не ағаш: “Уа, мұсылман! Уа, Алланың құлы! Артымда яһуди бар, келіп оны өлтір!” – дейді. Тек ғарқад ағашы үн қатпайды, өйткені ол – яһудилердің ағаштарының бірі».4 Автор Пайғамбардың (с.а.с.) бұл хабары түбінде орындалады деп жазады. Олардың уәде етілген мекенге жиналуы мен жасаған зұлымдығы ақырында әлем жұртшылығының өздеріне қарсы шығуына себеп болады деп түсіндіреді. Ол тас пен ағаштың тіл қатуын адамзат ар-ұжданының қарсылығына теңейді. Оның пайымынша, жәбір көргендердің зары діттеген жеріне жеткенде, жұрттың ар-ұжданы әлдеқашан шығарған үкімді жүзеге асыруға мүмкіндік туады.