Хадис

Қызғаныш

Кутуб ситтә, 9-том, 606-тарау · 5 хадис · № 4306–4310

Хадистер

4306
Кутуб ситтә, № 4306 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى يَغَارُ وَإِنَّ الْمُؤْمِنَ يَغَارُ وَإِنَّ غَيْرَةَ اللَّهِ أَنْ يَأْتِيَ الْمُؤْمِنُ مَا حَرَّمَ اللَّهُ تَعَالَى عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Расында, Алла Тағала қызғанады, мүмін де қызғанады. Алланың қызғанышы – мүміннің Алла өзіне харам еткен істі жасауы», – деген.1

Түсіндірме

غَيْرَةٌ сөзі «қызғаныш» деп аударылды. Қади Ияд оны تَغَيُّرُ الْقَلْبِ, яғни «жүректің өзгеруі» деген ұғыммен байланыстырады. Ол: «Адам өзіне ғана қатысты нәрсеге өзге біреудің ортақтасқанын көргенде, жүрегі өзгеріп, қызғаныш пайда болады», – дейді. Бұл көбіне ерлі-зайыптылар арасында болады. Мұнда адамдарға тән қызғаныш сезімі айтылып отыр.

Алла тағалаға телінген қызғанышты Хаттаби былай түсіндіреді: «Оның мағынасын Әбу Һурайраның хадисі бәрінен анық білдіреді». Яғни осы хадисте Алланың қызғанышы мүміннің Алла харам еткен істі жасауымен байланыстырылған. Қади Ияд: «غَيْرَةٌ Аллаға қатысты қолданылғанда, харам істі жасаған пенденің халін өзгертуді меңзеуі мүмкін. Асылында, бұл сөз намыстанып қызғануды білдіреді. Осы түсіндірмеде ол өзгеріске себеп болатын ашумен байланыстырылған. Алла кітабында ашу мен разылық сипаттарын Өзіне телиді», – дейді. Ибн әл-Арабидің айтуынша, Алла тағалаға өзгеру тән емес екені нақты дәлелмен бекітілген. Сондықтан мұны тәуил етіп, Алланың пендесіне ескертуі және жаза беруі деп түсіну керек. Айни Алланың қызғанышын Оның жиіркенішті істерді харам етіп, тыйым салуымен түсіндіреді. Ол қызғаныштың бір мағынасын адам қызғанған нәрсесін өзгеге қимай, тыйым салуы деп көрсетеді. Келесі хадис те осы ойды ашады. Алла қызғанғандықтан арсыз істерді харам етті. Харам ету – істелуіне тыйым салу деген сөз. Әбу Һурайраның хадисінде Алланың қызғанышы мүміннің Алла тыйым салған істі жасауымен байланыстырылады.

  1. 1Бұхари, «Неке», № 5223. Мүслим, «Тәубе», № 2761. Тирмизи, «Емізу», № 1168.
4307
Кутуб ситтә, № 4307 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: لَا أَحَدَ أَغْيَرُ مِنَ اللَّهِ، مِنْ أَجْلِ ذَلِكَ حَرَّمَ الْفَوَاحِشَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَمَا بَطَنَ، وَلَا أَحَدَ أَحَبُّ إِلَيْهِ الْمَدْحُ مِنَ اللَّهِ، مِنْ أَجْلِ ذَلِكَ مَدَحَ نَفْسَهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естіген: «Алладан асқан қызғаншақ ешкім жоқ. Сондықтан Ол арсыз істердің ашығын да, жасырынын да харам етті. Мадақты Алладан артық жақсы көретін ешкім жоқ. Сондықтан Ол Өзін мадақтады».1

Түсіндірме

1. Хадистегі «фауахиш» – «фахиша» сөзінің көпше түрі. Фахиша – сөзбен не іспен жасалатын арсыздық. Алланың құлдарына харам еткен істері осы ұғымға кіреді. Ибн әл-Әсир «Ән-Ниһая» еңбегінде: «Хадистерде “фухш” пен “фахша” деген сөздер шектен шыққан және жамандығы көп істерге қатысты қолданылады. Көбіне зина мағынасында айтылады», – деп түсіндіреді.

2. Алланың мадақты жақсы көруі туралы Айни былай дейді: «Мұның игілігі құлдарға тиеді. Олар Алланы көркем есімдерімен атап, кемшіліктен пәктеп, кәміл сипаттарымен дәріптегені үшін сауап алады. Олар мұны істемесе де, Алла еш нәрсеге мұқтаж емес. Құлдарының мадағынан Оған пайда келмейтіні сияқты, мадақтамауынан да зиян келмейді». Хадистен Алланы тәсбих, тәһлил, тахмид және өзге зікірлермен еске алып, мадақтаудың абзал екені аңғарылады.

  1. 1Бұхари, «Неке», 107, «Тәпсір» («Әнғам», 7, «Ағраф», 1), «Таухид», 15. Мүслим, «Тәубе», № 2760. Тирмизи, «Дұғалар», № 3530.
4308
Кутуб ситтә, № 4308 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ سَعْدُ بْنُ عُبَادَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ لَوْ وَجَدْتُ مَعَ أَهْلِي رَجُلًا أُمْهِلَهُ حَتَّى آتِيَ بِأَرْبَعَةِ شُهَدَاءَ؟ فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: نَعَمْ. فَقَالَ: كَلَّا. وَالَّذِي بَعَثَكَ بِالْحَقِّ إِنْ كُنْتُ لَأُعَجِّلُهُ بِالسَّيْفِ قَبْلَ ذَلِكَ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: اسْمَعُوا إِلَى مَا يَقُولُ سَيِّدُكُمْ. إِنَّهُ لَغَيُورٌ، وَأَنَا أَغْيَرُ مِنْهُ، وَاللَّهُ تَعَالَى أَغْيَرُ مِنِّي». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ. «أُعَجِّلُهُ بِالسَّيْفِ» أَيْ أَضْرِبُهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Сағд ибн Убада (р.а.): “Уа, Расулалла! Әйелімнің қасынан бір еркекті тапсам, төрт куә әкелгенше оған мұрсат беремін бе?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Иә”, – деді. Сағд: “Жоқ! Сені ақиқатпен жіберген Алланың атымен ант етемін, оған дейін-ақ оны қылышпен ұрар едім”, – деді. Сонда Алла елшісі: “Басшыларыңның не айтып тұрғанын тыңдаңдар. Ол, расында, қызғаншақ. Мен одан да қызғаншақпын, Алла Тағала менен де қызғаншақ”, – деді».1

Түсіндірме

Хадис бірнеше нұсқада жеткен. Ол ар-намысты әйелге зина жаласын жабуға қатысты аят түскенде айтылған. Ибн Аббастың риуаяты бойынша: ﴿وَالَّذِينَ يَرْمُونَ الْمُحْصَنَاتِ ثُمَّ لَمْ يَأْتُوا بِأَرْبَعَةِ شُهَدَاءَ فَاجْلِدُوهُمْ ثَمَانِينَ جَلْدَةً وَلَا تَقْبَلُوا لَهُمْ شَهَادَةً أَبَدًا ۚ وَأُولَٰئِكَ هُمُ الْفَاسِقُونَ﴾ «Ары таза әйелдерге зина қылды деп, жала жапқаннан кейін сөзін растайтын төрт бірдей куә әкеле алмағандарға сексен дүре соғыңдар. Содан кейін олардың куәлігін әсте қабылдамаңдар. Олар азғындардың нақ өзі» («Нұр» сүресі, 4-аят) деген аят түскен соң, қызғаншақтығымен танылған Сағд ибн Убада: «Аят осылай ма? Яғни әйеліммен бірге бір еркекті көріп тұрып, төрт куә әкелгенше оған қол тигізе алмаймын ба? Аллаға ант етемін, мен төрт куә әкелгенше ол ойындағысын істеп бітеді. Әйелімнің қасынан бір еркекті көрсем, іркілмей қылыштың өткір жүзімен шауып түсіремін», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) сонда: «Сағдтың қызғанышына таң қалып тұрсыңдар ма? Мен одан да қызғаншақпын, Алла менен де қызғаншақ. Сол себепті Алла арсыз істердің ашығын да, жасырынын да харам етті. Алладан артық кешірім сұрағанды жақсы көретін ешкім жоқ. Сондықтан Ол сүйіншілеушілер мен ескертушілер жіберді», – дейді.

Әзірет Сағд: «Уа, Расулалла! Айтқаныңыз – ақиқат, ол Алланың құзырынан келген. Бірақ алғаш естігенде қайран қалдым», – дейді.

Бұл сөзбен Алла елшісі (с.а.с.) Сағд ибн Убадаға бейне бір: «Алла тағала сенен де қатты қызғанғанымен, пендесінің кешірім сұрап, тәубеге келуін жақсы көреді. Айыбы дәлелденбей тұрып, оны жазаламайды. Ал сен оны зина үстінде көрдім деп, неліктен өлтірмек боласың?» – дегісі келгендей.

Имам Шафиғи осы риуаятқа сүйеніп, әйелімен зина үстінде көрдім деп бір еркекті өлтірген кісі оған дәлел келтіре алмаса, өлім жазасына кесіледі деп үкім берген. Алла елшісі (с.а.с.) біреудің кінәсі бейтарап айғақпен дәлелденбейінше, ішкі сезімге сүйеніп жаза кеспеген. Ибн Мәжада келген, бір бөлігі Бұхариде де бар риуаятта Алла елшісі: «Егер ешбір дәлелсіз біреуді рәжім ететін болсам, пәленше әйелді рәжім етер едім. Өйткені оның сөзі, сыртқы кейпі және қасына кіргендер күмәнді күшейтеді», – дейді.

Нәуәуи мұнда айғақ та, әйелдің мойындауы да болмағанын түсіндіреді. Жұрттың аузынан аузына тарағаны – әлгі әйел туралы күмәнді сөз ғана. Риуаят біреудің жамандық істегені туралы ел арасында сөз тарағаны үшін оған жаза кесуге болмайтынын көрсетеді. Ол үшін міндетті түрде айғақ қажет.

  1. 1Мүслим, «Лиған», № 1498. Мәлік, «Муатта», «Үкімдер», 17 (2-том, 737-бет). Әбу Дәуіт, «Құн», № 4532.
4309
Кутуб ситтә, № 4309 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ خَرَجَ مِنْ عِنْدِنَا لَيْلًا. قَالَتْ: فَغِرْتُ عَلَيْهِ أَنْ يَكُونَ أَتَى بَعْضَ نِسَائِهِ، فَجَاءَ فَرَأَى مَا أَصْنَعُ. فَقَالَ: مَا لَكِ يَا عَائِشَةُ، أَغِرْتِ؟ فَقُلْتُ: وَمَا لِي لَا يَغَارُ مِثْلِي عَلَى مِثْلِكَ؟ فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَقَدْ جَاءَكِ شَيْطَانُكِ. قُلْتُ: أَوَمَعِيَ شَيْطَانٌ؟ قَالَ: لَيْسَ أَحَدٌ إِلَّا وَمَعَهُ شَيْطَانٌ. قُلْتُ: وَمَعَكَ؟ قَالَ: نَعَمْ. وَلَكِنْ أَعَانِي اللَّهُ عَلَيْهِ فَأَسْلَمَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ. قَوْلُهُ: «فَأَسْلَمَ» أَيْ انْقَادَ وَأَذْعَنَ وَصَارَ طَوْعًا فَلَا يَكَادُ يَعْرِضُ لِي بِمَا لَا أُرِيدُهُ، وَلَيْسَ مِنَ الْإِسْلَامِ الَّذِي هُوَ بِمَعْنَى الْإِيمَانِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір түні қасымнан шығып кетті. Менің кезегімде әйелдерінің біріне барды ма екен деп, қызғанышқа бой алдырдым. Ол қайтып келгенде менің халімді көріп: “Уа, Айша, саған не болды? Қызғандың ба?” – деп сұрады. “Мен сияқты адам сіз сияқты жанды қалай қызғанбасын?” – дедім. Алла елшісі: “Саған шайтаның келген екен ғой”, – деді. “Менімен бірге шайтан бар ма?” – деп сұрадым. “Иә, шайтаны жоқ ешкім жоқ”, – деді. “Сізбен бірге де бар ма?” – дедім. “Иә. Бірақ Раббым оған қарсы маған жәрдем берді де, ол мұсылман болды”1, – деді».2

Түсіндірме

1. Нәуәуидің түсіндіруінше, түбірі س ل م болатын осы сөздің соңғы әрпі екі түрлі харакатпен оқылған.

1) أَسْلَمُ (әсләму). Соңғы мим әрпі даммамен оқылады.

Бұл оқылым «аман қалу» мағынасын береді. Сонда Пайғамбардың сөзі «Алла оған қарсы маған жәрдем берді, сөйтіп мен оның кесірі мен бүлігінен аман қалдым» деп түсініледі.

2) أَسْلَمَ (әсләмә). Соңғы мим әрпі фатхамен оқылады.

Бұл оқылым «мұсылман болды» дегенді білдіреді. Яғни шайтан мұсылман болып, жақсылықтан өзге ештеңеге үндемейтіндіктен, оның зияны тимейді.

Ғалымдар осы екі оқылымның қайсысы басым екені жөнінде әртүрлі пікір айтқан. Хаттаби: «Дұрысы әрі таңдаулысы – бірінші оқылым», – десе, Қади Ияд екіншісін жөн көреді. Нәуәуи Қади Иядтың мына сөзін жеткізеді: «Үмбет Алла елшісінің (с.а.с.) исмәтіне, яғни қорғалғанына бірауыздан келіскен. Оның тәні, ойы мен тілі шайтанның кесірінен қорғалған».3

2. Хадис шайтанның бүлігінен, азғыруынан және уәсуәсасынан сақтандырады. Оның адамнан ажырамайтынын ескертіп, кесірінен мүмкіндігінше сақ болуға үндейді.

  1. 1Нәуәуи, «Сахих Мүслимге түсіндірме», №2815 хадис. فَأَسْلَمَ оқылымы «ол мұсылман болды», فَأَسْلَمُ оқылымы «оның кесірінен аман боламын» деген мағына береді.
  2. 2Мүслим, «Мұнафықтардың сипаттары», № 2815. Нәсәи, «Әйелдермен қарым-қатынас», 4 (7-том, 72-бет).
  3. 3Нәуәуи, «Сахих Мүслимге түсіндірме», № 2815 хадистің түсіндірмесі.
4310
Кутуб ситтә, № 4310 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша

وَعَنْهَا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «مَا رَأَيْتُ صَانِعَةَ طَعَامٍ مِثْلَ صَفِيَّةَ، صَنَعَتْ لِرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ طَعَامًا وَهُوَ فِي بَيْتِي فَأَخَذَنِي أَفْكَلٌ فَارْتَعَدْتُ مِنْ شِدَّةِ الْغَيْرَةِ فَكَسَرْتُ الْإِنَاءَ ثُمَّ نَدِمْتُ. فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَا كَفَّارَةُ مَا صَنَعْتُ؟ قَالَ: إِنَاءٌ مِثْلُ إِنَاءٍ وَطَعَامٌ مِثْلُ طَعَامٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. «أَفْكَلٌ» بِفَتْحِ الْهَمْزَةِ: الرَّعْدَةُ مِنْ بَرْدٍ أَوْ خَوْفٍ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) тағы былай дейді: «Сафия (р.а.) сияқты дәмді ас әзірлейтін жанды көрген емеспін. Бірде Алла елшісі (с.а.с.) менің бөлмемде отырғанда, Сафия оған ас дайындап жіберді. Қатты қызғанғаннан қалшылдап кетіп, ыдысын сындырып тастадым. Кейін ісіме өкініп: “Уа, Расулалла! Бұл ісімнің кәффараты қандай?” – деп сұрадым. Алла елшісі: “Ыдыстың орнына сондай ыдыс, астың орнына сондай ас бер”, – деді».1

Түсіндірме

1. Ғалымдар хадистің фиқһтық мағынасын былай түсіндірген: «Құны бағаланатын зат бүлінсе, дәл сондайы табылғанда, өтемге сол заттың теңі беріледі. Дәл сондай зат табылмаса, құны өтеледі». Шафиғилер мен ханафилер осы пікірді ұстанады.

Қасталани былай дейді: «Дирхам секілді бірліктері өзара ұқсас заттың орнын сондай затпен өтеу негізге алынады. Ал табақ құны жеке бағаланатын заттардың қатарына жатады. Хадисте соған қарамастан сынған табақтың орнына сондай табақ беру айтылғандықтан, түсіндіруді қажет ететін жайт бар». Бәйхақи оған былай жауап береді: «Алла елшісінің (с.а.с.) екі әйелінің бөлмесінде екі табақ бар еді. Ол сынған табақты сындырған әйелдің бөлмесінде қалдырып, оны осылай жазалады. Ал бөлмедегі бүтін табақты екінші әйеліне жіберді. Демек, хадисте дауласушы тарапқа қатысты үкім айтылып тұрған жоқ».

Бәйхақидың бұл түсіндірмесі сынға ұшыраған. Оған қарсы Ибн Әбу Хатим жеткізген мына риуаят келтіріледі: «Кім бір затты сындырса, сынғаны өзінде қалып, иесіне сондай зат береді».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Сауда», № 3568. Нәсәи, «Әйелдермен қарым-қатынас», 4 (7-том, 71-бет).