عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِينَ أَرَادَ حُنَيْنًا: مَنْزِلُنَا غَدًا إِنْ شَاءَ اللَّهُ بِخَيْفِ بَنِي كِنَانَةَ حَيْثُ تَقَاسَمُوا عَلَى الْكُفْرِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. «الْخَيْفُ»: مَا انْحَدَرَ عَنْ غَلِيظِ الْجَبَلِ وَارْتَفَعَ عَنْ مَسِيلٍ الْمَاءِ.
Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) Хунайнға бет алмақ болғанда: “Алла қаласа, ертең Бәни Кинананың Хайфына қонамыз. Олар сол жерде күпірлік жолында ант беріскен”, – деді».1
Түсіндірме
1. «Хайф» – таудың етегі. Бәни Кинананың Хайфы деп әл-Мухассабты атайды. Мүслимдегі түсіндірмеге қарағанда, Құрайыш пен Бәни Кинана сол жерде бас қосып, Бәни Хашим мен Бәни Мутталиб Мұхаммедті өздеріне тапсырғанша олармен қыз алыспауға, сауда жасаспауға ант байласып, мұсылмандарды тұқыртпақ болған.
2. Бұл оқиға Хабашстанға һижреттен кейін болды. Нәжаши мұсылмандарды қорғап, оларды қайтарып әкетуге барған құрайыштықтар құр қол оралды. Бұған ашуланған меккелік мүшріктер мұсылмандарды туыстықпен паналатқан Хашим мен Мутталиб әулеттерін сол қолдаудан бас тартқызбақ болып, келісім жасасты. Келісім олардың сауда жасауына, некелесуіне, тіпті бас қосып, сөйлесуіне тыйым салды. Мәтінін жазып, Қағбаға іліп қойды.
Бұл оқшаулау үш жылға созылды. Мұсылмандар қатты қиналды. Тіпті жерден тапқан қатып қалған теріні қайнатып жеуге мәжбүр болды. Балалардың шырқыраған дауысы алыстан естіліп тұратын.
Зорлық шегіне жеткенде, Алла келісімнің мәтінін құрттарға жегізіп, Өз есімі жазылған жерлерін ғана қалдырды. Бұл жағдай Алла елшісіне уахи арқылы хабарланды. Ол мұны көкесі Әбу Талибке айтты. Әбу Талиб келісімге қол қойған мүшріктерге: «Мұхаммедтің айтуынша, Алла келісімдеріңді құрттарға жегізіп, зорлық туралы жазғандарыңның бәрін жойыпты. Тек “Алла” деген сөздер қалыпты. Бауырымның баласы маған ешқашан өтірік айтқан емес. Айтқаны рас болса, зорлықтарыңды тоқтатыңдар. Өтірік болса, оны өз қолыммен тапсырамын, сонда білгендеріңді істеңдер», – деді.
Мүшріктер ұсынысты қабыл алып, айтқаны рас болса, оқшаулауды тоқтатуға уәде берді. Барып қарағанда, келісім мәтіні Алла елшісі айтқан күйде екен. Көбі Әбу Талибке берген уәдесіне бармақ тістеп өкінсе де, сөзінде тұруға тура келді. Оқиға пайғамбарлықтың оныншы жылында болды.
3. Кей ғалымдар Алла елшісінің әл-Мухассабқа аялдауын сол күндерді еске алып, Алланың жақсылығына шүкіршілік етуі деп түсіндірген. Олар бұл әрекеттің астарында меккеліктерге: «Сол кездегі шешімдерің мен істеріңді білеміз. Соған қарамастан сендерге қандай кешірім мен ынтымақ танытқанымызды да біліңдер», – деген мағына жатқанын айтады.
4. Бұл жерде «Хунайн» сөзімен қай уақыттың меңзелгені маңызды. Кей ғалымдар мұны Меккенің азат етілуімен байланыстырады, өйткені Хунайн жорығы одан іле-шала болды. Басқа нұсқада «Меккеге бармақ болғанда» делінген. Бұл сөз Меккенің азат етілуі кезінде де, қажылық кезінде де айтылып, екі бөлек оқиғаға қатысты екі риуаят болуы мүмкін. Уақиди жазып алған бір риуаят сөздің Мекке алынарда айтылғанын растайды. Әзірет Жәбир жеткізгендей, Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Алла бізге жеңіс берсе, мүшріктер ант беріскен Хайфқа тоқтаймыз. Ол – бізді оқшаулаған Әбу Талиб сайының қарсы беті».
- 1Бұхари, № 4285, «Хаж», 45, «Сахабалардың артықшылықтары», 39, «Таухид», 31. Мүслим, «Хаж», № 1314.