وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «إِنَّ سَعْدَ بْنِ مُعَاذٍ رُمِيَ يَوْمَ الْأَحْزَابِ فَقَطَعُوا أَكْحَلَهُ أَوْ أَبْجَلَهُ. فَحَسَمَهُ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالنَّارِ فَانْتَفَخَتْ يَدُهُ فَنَزَفَهُ الدَّمُ. فَحَسَمَهُ أُخْرَى فَانْتَفَخَتْ يَدُهُ. فَلَمَّا رَأَى ذَلِكَ قَالَ: اللَّهُمَّ لَا تُخْرِجْ نَفْسِي حَتَّى تُقِرَّ عَيْنِي مِنْ بَنِي قُرَيْظَةَ فَاسْتَمْسَكَ عِرْقُهُ، فَمَا قَطَرَ قَطْرَةً حَتَّى نَزَلُوا عَلَى حُكْمِهِ، فَحَكَمَ فِيهِمْ أَنْ يُقْتَلَ رِجَالُهُمْ وَيُسْتَحْيَى نِسَاؤُهُمْ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَصَبْتَ فِيهِمْ حُكْمَ اللَّهِ، وَكَانُوا أَرْبَعَمِائَةٍ. فَلَمَّا فَرَغَ مِنْ قَتْلِهِمْ انْفَتَقَ عِرْقُهُ فَمَاتَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ. «الْحَسْمُ» الْكَيُّ لِيَنْقَطِعَ الدَّمُ. وَ«الِاسْتِحْيَاءُ» الْإِبْقَاءُ وَهُوَ اسْتِفْعَالُ مِنَ الْحَيَاةِ.
Жәбир (р.а.) былай дейді: «Ахзаб, яғни Хандақ шайқасында Сағд ибн Муазға (р.а.) жебе тиіп, қолындағы ірі тамыры үзілді. Қанын тоқтату үшін Расулалла (с.а.с.) жараны күйдірді. Сағдтың қолы ісіп, көп қан кетіп, әлсіреп қалды. Расулалла (с.а.с.) жараны қайта күйдірді. Қолы тағы ісіп кетті. Мұны көрген Сағд: “Уа, Аллам! Бәни Құрайзаның ісінен көңілім тыншымайынша, жанымды алма”, – деп дұға етті. Сонда тамыры бітіп, Құрайза оның үкіміне көнгенге дейін бір тамшы қан ақпады. Сағд ерлерін өлтіріп, әйелдерін тірі қалдыруға үкім етті. Расулалла (с.а.с.): “Олар жөнінде Алланың үкіміне сай шешім шығардың”, – деді. Олар төрт жүз адам еді. Үкім орындалған соң Сағдтың тамыры жарылып, ол дүние салды. Алла оны рақымына бөлесін».1
Түсіндірме
1. Алғашқы екі риуаятта Расулалланың (с.а.с.) Хандақ шайқасы алдында ор қазуға өзі қатысқаны, сахабаларды жігерлендіру үшін бәйіт айтқаны, ал сахабалардың оған бәйітпен жауап бергені баяндалады. Соңғы екі риуаят бұған дейін жеке қарастырған Бәни Құрайзаға қатысты. Хандақ пен Бәни Құрайза шайқастары өзара тығыз байланысты, бір оқиғаның екі кезеңі іспетті. Енді Хандақ шайқасының тарихи барысына қысқаша тоқталамыз.
2. Ахзаб немесе Хандақ шайқасы һижреттің бесінші жылы зұлқағда айында, Ухуд шайқасынан шамамен екі жыл өткен соң болды. Хандақ шайқасы тәухид пен ширк арасындағы күрестің бетбұрысына айналды. Осы жерде ширктің тәухидке қарсы шабуылының беті қайтып, бұған дейін қорғанып келген тәухид иелері ендігі жерде белсенді әрекетке көшті.
Алғышарттар. «Ахзаб» – «топ» дегенді білдіретін «хизб» сөзінің көпше түрі. Мұсылмандарға қарсы Құрайышпен бірге өзге мүшрік тайпалары да одақтасып шыққандықтан, бұл оқиға Ахзаб, яғни Одақтастар шайқасы деп аталды. Ширк пен зұлымдық қараңғылығынан адамзатты арылтатын Ислам нұры күн сайын кең тарап бара жатты. Мұны көрген қарсыластары сол нұрдың күшейіп, тоқтатуға келмейтін қуатқа айналуынан сескенді. Сондықтан Исламды туған жерінде тұншықтыруға бекініп, күштерін біріктіруді қажет деп санады.
Бұған дейін талай рет аңғалдық танытқан Мекке мүшріктерінің алдағыны болжап, осынша ауқымды одақты өз беттерімен құра алғанына сену қиын. Одақтастар соғысына қажет келісімдерді жасауға яһуди басшыларының ұйытқы болғаны осыдан аңғарылады.
Ибн Сағд былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) Бәни Надырды Мәдинадан шығарған соң, олар Хайбарды паналады. Басшыларының бір тобы Меккеге барып, Құрайышты Расулаллаға (с.а.с.) қарсы шығуға шақырды. Келісім жасасып, шайқасатын уақытты белгіледі. Содан соң Ғатафан мен Бәни Сүләймге барып, олармен де осылай келісті.
Құрайыш жорыққа әзірленді. Жақын-жырақтағы одақтастары да сол мақсатқа жұмылып, төрт мың адам жиналды. Дар ән-Нәдуада көтерілген туды Осман ибн Талха ибн Әбу Талха алып жүретін болды. Үш жүз аты, мың бес жүз түйесі бар қолды Әбу Суфиян ибн Харб ибн Умәйя басқарды. Марр әз-Заһранда бұларға Суфиян ибн Абд Шамс бастаған жеті жүз Бәни Сүләйм жасағы қосылды. Талха ибн Хуайлид әл-Әсәди бастаған Бәни Әсәд те солармен бірге еді. Ұяйна ибн Хисн басқарған Фазара бар жасағын ертіп, мың түйемен келді. Әшжағ тайпасынан Мәсғуд ибн Рухайла бастаған төрт жүз адам, Бәни Муррадан әл-Харис ибн Ауф бастаған төрт жүз адам қатысты. Өзге тайпалар да қосылды. Зуһри әл-Харис ибн Ауфтың Бәни Муррамен бірге кері қайтып, соғысқа қатыспағанын айтады. Алайда дұрысы – олардың қатысқаны.
Хандаққа келген одақтас әскердің жалпы саны он мың адамға жетіп, үш ірі топқа бөлінді. Бас қолбасшы Әбу Суфиян еді». Әскердің Меккеден шыққан хабары жетісімен, Расулалла (с.а.с.) жаудың жайын жұртқа айтып, не істеу керегін ақылдасты.
Салман әл-Фариси ор қазуды ұсынды. Мұсылмандар бұл ұсынысты құп көрді. Расулалла (с.а.с.) үш мың мұсылманды Салғ тауының етегіне жинап, тауды арқаларына алды. Мәдинаға бас-көз болуға Абдулла ибн Үммі Мактумды (р.а.) қалдырды. Қаланың алдына дереу ор қазыла бастады. Жау жеткенше орды бітіру үшін мұсылмандар шапшаң қимылдады. Расулалла (с.а.с.) оларды жігерлендіріп, ор қазуға өзі де қолғабыс етті. Әр бөлік бір топқа тапсырылды. Мұһажирлер Ратиж бен Зубабтың, ансарлар Зубаб пен Бәни Убайд тауының арасын қазды. Мәдинаның екінші шетінде үйлер бір-біріне жапсарласа салынып, қамалдай тұтасып тұрғандықтан, ол жақтан кіру мүмкін емес еді.
Бәни Абд әл-Әшһал Ратижден кейінгі өз қонысын орай өтетін тұсты қазды. Сөйтіп ор Пайғамбар мешітінің арт жағына дейін жетті. Бәни Динар Журбадан қазіргі Ибн Әбу әл-Жанубтың үйіне дейінгі аралықты қазды. Олар ор қазу жұмысын алты күнде аяқтады.
Ибн Сағд ор алты күнде қазылып біткенін айтқан. Ибн Хажардың келтіруінше, өзге деректерде көңілге қонымды басқа мерзімдер аталады: бірінде жиырма, енді бірінде он төрт, тағы бірінде он бес күн делінсе, Ибн Қайимнің «Һәди» еңбегінде бір ай деп көрсетілген. Бұл сандар ордың әр тұсының қазылып біткен мерзімін білдіруі мүмкін. Өйткені Расулалла (с.а.с.) әр бөлікті бөлек топқа тапсырған. Әр топ, сірә, өзіне тиесілі тұсты алдымен аяқтауға ұмтылған.
Ибн Сағд сөзін былай жалғайды: «Мұсылмандар әйелдер мен балаларды “атам” деп аталатын қамал тәрізді берік үйлерге орналастырды.
Расулалла (с.а.с.) зұлқағданың он сегізінде шықты. Оның туы мұһажирлердің туы еді. Оны Зәйд ибн Хариса ұстады. Ансардың туын Сағд ибн Убада көтерді».
Меккеліктер жеткенде шайқас басталды. Олар алдарынан өздері күтпеген кедергіге – қазылған орға тап болды. Мұнда әскердің көптігі пайда бермеді. Ордан өту қиын, ал арғы бетте садақшылар мен қылыш ұстаған сарбаздар тұрды. Анда-санда бірлі-жарым адам ордан өтіп кетсе, оларды дереу тоқтатып, қалғандарын кері шегіндіріп отырды.
Қаланың сыртпен байланысы үзілген соң ішкі ахуал да қиындады. Шайқаспен Мәдинаны ала алмайтынын аңғарған Әбу Суфиян Бәни Құрайзаға мұсылмандармен келісімді бұзып, өз жағына шығуды ұсынды. Олар әуелде бас тартқанымен, артынан келісті. Мұны естіген Расулалла (с.а.с.) қапаланып: ﴿حَسْبُنَا اللَّهُ وَنِعْمَ الْوَكِيلُ﴾ «Бізге бір Алла жетеді. Ол қандай керемет қамқоршы!» – деумен шектелді. Сөйтіп, қала ішінде де қарсы шеп ашылды. Ерлер орды күзетіп, орындарынан кете алмады. Ол шептің жағдайы тым күрделі болғандықтан, кейде намаз оқуға да мұрша болмады. Расулалла (с.а.с.) да кейбір намаздарын уақытында оқи алмады.
Бәни Құрайзаның опасыздығынан әйелдер мен балаларға зиян тие ме деген қауіп күшейді. Расулалла (с.а.с.) қаланы қорғауға Сәләма ибн Әсләм бастаған екі жүз адам мен Зәйд ибн Хариса бастаған үш жүз адамды бөлді. Олар жұрттың рухын көтеру үшін жиі бірге тәкбір айтып отырды.
Аббас ибн Бишр бастаған топқа әр түні Расулалланың (с.а.с.) шатырын күзету тапсырылды.
Мүшріктер де қарап тұрмады. Ордан өтіп, қалаға кіретін тұс іздеп, бір жиналып, бір тарады. Әбу Суфиян, Халид ибн Уәлид, Амр ибн әл-Ас, Һубайра ибн Әбу Уаһб және Дырар ибн әл-Хаттаб әл-Фиһри кезектесіп, таңға дейін күзетте тұрды. Бір түні басшылары түгел ұйықтамай, ордан қарғып өтетін тар жер іздеді. Ондай жер таппаған соң: «Арабтар бұрын мұндай тәсіл қолданбаған», – десті. Бұл ойды мұсылмандарға парсылық жолдасы ұсынғанын естіді.
Қоршау он күннен асса да, нәтиже шықпады. Расулалла (с.а.с.) одақтастарды бір-бірінен ажыратудың жолын іздеді. Ғатафандықтармен жасырын келісіп, дүние-мүлік беріп кері қайтаруды ойлады. Тіпті Мәдина құрмасының үштен бірін беру жөнінде келісім жасалды. Ансарлар: «Бұл сіздің бұйрығыңыз болса, орындаймыз. Ал ұсыныс болса, оған разы емеспіз», – деді. Расулалла (с.а.с.): «Бұл иләһи бұйрық болса, ақылдаспас едім. Бұл – менің ұсынысым», – деді. Ансарлар: «Олай болса, оларға қылыштан өзге ештеңе бермейміз», – десті. Ибн Һишам Сағд ибн Муаздың мына сөзін жеткізеді: «Уа, Алланың елшісі! Алланы танымай, пұттарға табынған кезімізде де олар біздің құрмамызды не сыйға алатын, не сатып алатын. Енді Исламды қабылдап, тура жол таптық. Сізбен бірге абыройға жеттік. Сонда осы кезде малымызды қор болып береміз бе? Алламен ант етейік, мұндай бітімнің бізге керегі жоқ!» Келісім қағазы жыртылып, іс осылай аяқталды.
Осы арада Исламды жасырын қабылдаған Ғатафаннан шыққан Нуайм ибн Мәсғуд әл-Әшжағи маңызды іс атқарды. Ол Құрайза мен Құрайышты бір-біріне күмәндандырып, араларын ашты. Құрайзаның келісімді бұзғанына үміт артқан Құрайыш содан кейін одан күдер үзіп, нәтижесіз созылған қоршауды тоқтатуға бел буды.2
Бұл күдік қалай туды?
Нуайм (р.а.) Расулаллаға (с.а.с.) келіп, мұсылман болғанын, мұны қауымынан ешкім білмейтінін, тапсырған істі орындауға әзір екенін айтты. Расулалла (с.а.с.) оған: «Бұлардың арасын ажырата алатын жалғыз адам – сенсің. Соғыс – айла. Араларын ашып, оларды бізден алыстат», – деген мағынада тапсырма берді. Нуайм Құрайза, Құрайыш және Ғатафанның арасында жүріп, сол тапсырманы атқарды. Жаһилият дәуірінде жақын араласқан Құрайзаға келіп: «Өздеріңді жақсы көретінімді, арамызда өзгеше жақындық барын білесіңдер», – деді. Олар: «Сенің адалдығыңа күмәніміз жоқ», – деді. Нуайм: «Ғатафан мен Құрайыштың жағдайы сендердікіндей емес. Сендер осы жердің адамдарысыңдар. Мал-мүліктерің, әйелдерің мен балаларың осында. Оларды басқа жаққа алып кете алмайсыңдар. Құрайыш пен Ғатафан Мұхаммедпен соғысуға келді, сендер соларға көмектесіп отырсыңдар. Олардың мекені де, мал-мүлкі мен отбасылары да басқа жақта. Мүмкіндік тапса, олжа алып кетеді. Жеңе алмаса, елдеріне қайтып, сендерді Мұхаммедпен бетпе-бет қалдырады. Сонда оған күштерің жетпейді. Сондықтан олардың беделді кісілерінен біраз адамды кепілдікке алмай тұрып, соғысқа араласпаңдар. Кепілге алынған адамдар олардың Мұхаммедті жеңгенше шайқасатынына сенім болады», – деді. Құрайзалықтар: «Орынды пікір», – десті. Ол жерден шығып, Құрайышқа барды. Әбу Суфиян мен қасындағыларға: «Сендерді жақсы көретінімді, Мұхаммедке жақын еместігімді білесіңдер. Құлағыма хабар жетті. Достығымызды ойлап сендерге айтқалы келдім. Бірақ ешкімге айтып, мені әшкерелемеңдер», – деді. Олар уәде берді. Сонда Нуайм: «Біліп қойыңдар, яһудилер Мұхаммедпен келісімдерін бұзғанына өкініпті. Олар адам жіберіп: “Істеген ісімізге өкіндік. Ғатафан мен Құрайыштың кейбір беделді кісілерін ұстап беріп, сен оларды өлтірсең, бізге разы болып, қайта одақтасар ма едің?” – депті. Мұхаммед: “Иә”, – деп жауап беріпті. Егер яһудилер кісі жіберіп, кепілге адам сұраса, ешкімді бермеңдер», – деді.
Нуайм (р.а.) одан кейін Ғатафанға барып: «Уа, Ғатафан жұрты! Мен өздеріңнен шыққан адаммын. Сендер – менің туыстарым, жұрт ішінде ең жақындарымсыңдар. Маған сеніп, адалдығыма күмән келтірмессіңдер», – деді. Олар: «Дұрыс айтасың. Саған күмәніміз жоқ», – десті. Нуайм олардан бұл хабарды кімнен естігенін ешкімге айтпауға уәде алып, Құрайышқа айтқанын қайталады. Сөйтіп, олар да сол қауіптен сескенді.
Алланың мұсылмандарға берген бір жәрдемі мынау болды. Сенбі күні кешке Әбу Суфиян мен Ғатафанның басшылары Икрима ибн Әбу Жәһил бастаған Құрайыш пен Ғатафанның бір топ адамын Бәни Құрайзаға жіберіп: «Өз жұртымызда отырған жоқпыз. Уақытша шатырларда тұрып жатырмыз. Аттарымыз бен түйелеріміз қырылды. Сендер де шайқасқа қосылыңдар, Мұхаммедтің ісін тезірек бітірейік», – деді. Яһудилер: «Бүгін сенбі, бұл күні еш іс істемейміз. Бұрын бір қауымымыз сенбі күні соғысқаны үшін маймыл мен доңызға айналған. Оның үстіне, Мұхаммедтің ісі біткенше соғысатындарыңа кепіл боларлық бірнеше адамыңды бермесеңдер, соғысқа араласпаймыз. Соғыс сендерді тығырыққа тіресе, бізді тастап елдеріңе қайтып кетесіңдер деп қауіптенеміз. Сонда осы жерде тұратын Мұхаммедке шамамыз жетпейді», – деп жауап қайтарды. Елшілер бұл сөздерді жеткізгенде Құрайыш пен Ғатафанның адамдары: «Нуаймның айтқаны рас екен. Құрайзаға: “Бір адамымызды да кепілге бермейміз. Қаласаңдар, шығып соғысыңдар”, – деп хабар жіберіңдер», – десті. Бұл жауапты естіген құрайзалықтар: «Нуайм ибн Мәсғуд дұрыс айтыпты. Бұлар соғыс пен олжаны ғана қалайды. Мүмкіндік тапса, талап кетеді, таппаса, елдеріне қайтады. Өз жерлестеріңмен соғысып қалмаңдар. Құрайыш пен Ғатафанға: “Алламен ант етейік, кепілге адам жібермесеңдер, Мұхаммедке қарсы бірге соғыспаймыз”, – деп жауап беріңдер», – деді. Олар бұл шартты қабылдамады. Осылайша Алла араларын ажыратты.
Бір риуаятта Әбу Суфиян: «Сонда мен маймыл мен доңыздың бауырларынан көмек сұраған екенмін ғой», – деп, олардан теріс айналған.
Алла тағала сенбі түні қатты дауыл жіберді. Шатырлар жұлынды, дүние-мүлік шашылып, лагерьдің астан-кестеңі шықты.
Расулалла (с.а.с.) жау жақтан хабар біліп келуге Хузайфа ибн әл-Яманды жіберді. Өзі сол түні намазға тұрды.
Әбу Суфиян қолына: «Уа, Құрайыш жұрты! Мұнда ұзақ қала алмаймыз. Аттарымыз бен түйелеріміз қырылып, суымыз таусылды. Бәни Құрайза бізді жерге қаратты. Мына дауылдың да не істеп жатқанын көріп тұрсыңдар. Аттаныңдар, мен кеттім», – деді. Түйесінің тұсаулы екенін байқамастан мініп, тебінді. Түйе үш аяғымен көтерілгенде ғана тұсауын шешті.
Амр ибн әл-Ас пен Халид ибн Уәлид жұрт тосқауылға тап бола ма деп қауіптеніп, екі жүз салт аттылыны ертіп ең соңында қалды. Құрайыштың кеткенін естіген Ғатафан да жүгін артып, көшіп кетті.
Хузайфа оралып, көргенін Расулаллаға (с.а.с.) баяндады. Ол: «Расулалла (с.а.с.) “Оқыс әрекетке барма” деп ескертпегенде, қасымдағы адамды өлтірер едім», – деді. Таң атқанда ордың ар жағында ешкім қалмағаны белгілі болды.
Расулалла (с.а.с.) жұртқа үйлеріне қайтуға рұқсат берді. Бәрі қуана үйлеріне тарасты.
Шайқаста бірнеше мұсылман шейіт болды, қарсы жақтан да бірнеше адам қаза тапты.
Кей риуаят бойынша қоршау он бес күн, кейбірінде жиырма төрт күнге созылған.
Хандақ шайқасы екіжүзділер мен яһуди одақтастарының ұстанымын айқын көрсетті. Осы ауыр сынақта олар мұсылмандардың жігерін жасыту үшін қолдан келгенін істеді.
Кейбірі: «Мұхаммед бізге Кисра мен Қайсардың қазынасына қол жеткіземіз деп уәде берген еді. Бүгін әжетімізді өтеп, аман қайтудың өзі мұң», – деді.
Енді бірі: «Уа, Алланың елшісі! Үйлеріміз жауға ашық, қорғансыз қалды. Бізге рұқсат беріңіз, шайқас шебінен шығып, үйге қайтайық», – деді.
«Ахзаб» сүресі осы шайқастың атымен аталған. Сүренің бірқатар аятында Хандақ шайқасы сөз болады: ﴿وَإِذْ يَقُولُ الْمُنَافِقُونَ وَالَّذِينَ فِي قُلُوبِهِمْ مَرَضٌ مَا وَعَدَنَا اللَّهُ وَرَسُولُهُ إِلَّا غُرُورًا وَإِذْ قَالَتْ طَائِفَةٌ مِنْهُمْ يَا أَهْلَ يَثْرِبَ لَا مُقَامَ لَكُمْ فَارْجِعُوا ۚ وَيَسْتَأْذِنُ فَرِيقٌ مِنْهُمُ النَّبِيَّ يَقُولُونَ إِنَّ بُيُوتَنَا عَوْرَةٌ وَمَا هِيَ بِعَوْرَةٍ ۖ إِنْ يُرِيدُونَ إِلَّا فِرَارًا﴾ «сол бір қиын шақта екіжүзді мұнафықтар мен жүректерінде кеселі барлар: “Демек, Алла және Оның елшісі бізді құрғақ уәдемен алдарқатқан екен ғой!” – деп айтқан еді. Һәм олардың арасындағы бір топ: “Уа, Ясриб халқы! Енді сендер үшін бұл жерде дұшпанға қарсы шеп құрудың ешқандай мағынасы жоқ, одан да үйлеріңе қайтыңдар!” – десе, енді бір топ: “Үй-жайларымыз қорғансыз қалды”, – деп сылтауратып, пайғамбардан жамырап рұқсат сұрап жатты. Әйтсе де олардың үй-жайлары қорғансыз емес еді. Анығында, олардың бар көксегені жауға ту сыртын беріп, соғыс майданынан қашу болатын» («Ахзаб» сүресі, 12–13-аяттар).
Сол сүренің өзге аяттары мұсылмандардың шайқас үстінде бастан кешкен қиыншылығын баяндайды: ﴿إِذْ جَاءُوكُمْ مِنْ فَوْقِكُمْ وَمِنْ أَسْفَلَ مِنْكُمْ وَإِذْ زَاغَتِ الْأَبْصَارُ وَبَلَغَتِ الْقُلُوبُ الْحَنَاجِرَ وَتَظُنُّونَ بِاللَّهِ الظُّنُونَا هُنَالِكَ ابْتُلِيَ الْمُؤْمِنُونَ وَزُلْزِلُوا زِلْزَالًا شَدِيدًا﴾ «Сонда біріккен жау қолы сендерге жоғарғы жақтан да, төменгі жақтан да төніп келіп, құрсап алған еді. Сол кезде көздер шарасынан шығып, жүректер ауызға тығылып, жан алқымға келген болатын. Сөйтіп, Алла жайлы сан түрлі жағымсыз ойларға қалған едіңдер. Міне сонда мүміндер өте ауыр сынаққа тап болды және қатты күйзеліске түсті» («Ахзаб» сүресі, 10–11-аяттар).
Расулалла (с.а.с.) Құрайыштың енді шабуылға шыға алмайтынын, кезек мұсылмандарға келгенін айтты. نَغْزُوهُمْ وَلَا يَغْزُونَنَا. Алла елшісі (с.а.с.): «Біз оларға қарсы жорыққа шығамыз, олар бізге жорыққа шықпайды», – деді.3 Бәззардың риуаятында: «Олар енді сендерге шабуылдамайды, енді сендер оларға қарсы шығасыңдар», – делінген.