عَنْ زَيْدٍ بْنِ ثَابِتٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمَّا خَرَجَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى أُحُدٍ رَجَعَ نَاسٌ مِمَّنْ كَانَ خَرَجَ مَعَهُ، وَكَانَ أَصْحَابُ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِيهِمْ فِرْقَتَيْنِ. قَالَتْ فِرْقَةٌ: نُقَاتِلُهُمْ؛ وَقَالَتْ فِرْقَةٌ: لَا نُقَاتِلُهُمْ. فَنَزَلَتْ: فَمَا لَكُمْ فِي الْمُنَافِقِينَ فِئَتَيْنِ؛ وَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّهَا طَيْبَةُ تَنْفِي الدَّجَّالَ كَمَا يَنْفِي الْكِيرُ خَبَثَ الْحَدِيدِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Зәйд ибн Сәбит (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Ухудқа аттанғанда, ілесіп шыққандардың біразы кейін қайтты. Олар жайында сахабалар екі пікірге бөлінді. Бір тобы: “Олармен шайқасайық”, – десе, екінші тобы: “Олармен шайқаспаймыз”, – деді. Осы таласқа байланысты мына аят түсті: ﴿فَمَا لَكُمْ فِي الْمُنَافِقِينَ فِئَتَيْنِ وَاللَّهُ أَرْكَسَهُمْ بِمَا كَسَبُوا ۚ أَتُرِيدُونَ أَنْ تَهْدُوا مَنْ أَضَلَّ اللَّهُ ۖ وَمَنْ يُضْلِلِ اللَّهُ فَلَنْ تَجِدَ لَهُ سَبِيلًا﴾ “Екіжүзділерге қатысты екі топқа бөлінгендерің қалай?! Көрмеймісіңдер, істеген мұншама күнәлары себепті Алла оларды кері кетіріп, күпірлікке қайтарды. Әлде сендер Алланың адастырғанын тура жолға салғыларың келе ме?! Алла қайсыбір құлын адастырса, сен оған әсте жол тауып бере алмайсың”» («Ниса», 88-аят).
Алла елшісі (с.а.с.): «Бұл жер – Тайба. Көрік темірдің қожын қалай аршып шығарса, Тайба да Дажжалды солай қуып шығарады», – деді.1
Түсіндірме
1. Ухуд шайқасы төменде толығырақ баяндалады. Әуелі осы хадистің бірер тұсын айқындайық.
2. Басқа риуаяттарда айтылғандай, кейін қайтқандар – мұнафықтар жетекшісі Абдулла ибн Убай мен оның жақтастары. Абдулла да Алла елшісі (с.а.с.) секілді қалада қалуды жақтаған. Қаладан шығуды ұсынғандар басым түскен соң, Алла елшісі (с.а.с.) жауды Ухудта қарсы алуды ұйғарды. Абдулла мұны сылтау етіп, жақтастарына: «Мұхаммед соларды тыңдады да, менің сөзіме қарсы шықты. Өзімізді неге ажалға итермелейміз?» – деді. Сөйтіп, жауынгерлердің үштен бірін ертіп, әскерден бөлініп кетті.
3. Хадистегі екі топ – Абдулла ибн Убаймен кейін қайтқандар жайында әртүрлі үкім айтқан сахабалар. Бір тобы ең сындарлы сәтте әскерден бөлініп кеткен мұнафықтарды өлтіруді жақтаса, екінші тобы бұған қарсы болды. Талас күшейгенде жоғарыдағы аят түсті. Аяттың түсу себебі жайында өзге риуаяттар да бар.
4. Хадисте Мәдина «Тайба» деп аталған. Кейбір риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) бұрын Ясриб аталған Мәдинаны «Тайба» және «Таба» деп атағаны айтылады. Екі атау да хош иісті білдіретін «тыйб» сөзінен тарайды. Мәдинаның жамандықты қуып шығаратыны оның ондайды бойында ұстамайтынын білдіреді. Бұхаридің бір нұсқасында: «Бұл – Тайба, ол күнәларды қуып шығарады», – делінген. Тирмизиде «хубсты», яғни кір мен ластықты қуып шығаратыны айтылады.
Мұны жүрегінде жамандығы бар адамдардың Мәдинада орныға алмайтыны деп түсіндірген. Темір ұстасы да от пен көріктің көмегімен темірді қожынан арылтады.
- 1Бұхари, «Мағази», 17, «Фадаилул-Мәдина», 10, «Тәпсір», «Ниса», 15 (№ 4589). Мүслим, «Мунафиқун», 6 (№ 2776). Тирмизи, «Тәпсір», «Ниса» (№ 3031).