عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَطَعَ نَخْلَ بَنِي النَّضِيرِ وَحَرَّقَ، وَهِيَ الْبُوَيْرَةُ وَفِيهَا يَقُولُ حَسَّانُ بْنِ ثَابِتٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: وَهَانَ عَلَى سَرَاةِ بَنِي لُؤَيٍّ حَرِيقٌ بِالْبُوَيْرَةِ مُسْتَطِيرُ. فَأَجَابَهُ أَبُو سُفْيَانُ بْنِ الْحَارِثِ يَقُولُ: أَدَامَ اللَّهُ ذَلِكَ مِنْ صَنِيعٍ وَحَرَّقَ فِي نَوَاحِيهَا السَّعِيرُ. سَتَعْلَمُ أَيُّنَا مِنْهَا بِنُزْهٍ وَتَعْلَمُ أَيَّ أَرْضَيْنَا تَضِيرُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. وَزَادَ فِي رِوَايَةٍ لِمُسْلِمٍ، وَفِيهَا نَزَلَتْ: ﴿مَا قَطَعْتُمْ مِنْ لِينَةٍ أَوْ تَرَكْتُمُوهَا قَائِمَةً عَلَى أُصُولِهَا فَبِإِذْنِ اللَّهِ وَلِيُخْزِيَ الْفَاسِقِينَ﴾. «السُّرَاةُ» جَمْعُ سَرِيٍّ وَهُوَ النَّفِيسُ الشَّرِيفُ. وَ»الْمُسْتَطِيرُ» الْمُتَفَرِّقُ الْمُتَّسِعُ. وَقَوْلُهُ: «بِنُزْهٍ» أَيْ بِبَعِيدٍ، وَفُلَانُ يَتَنَزَّهُ عَنْ كَذَا: أَيْ يَبْتَعِدُ عَنْهُ. وَ»اللِّينَةُ» نَوْعٌ مِنَ النَّخْلِ.
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Бәни Надырдың құрма ағаштарын кестіріп, өртетті. Бұл жер Бууайра деп аталатын». Осыған орай Хассан ибн Сәбит (р.а.): «Бууайрада лапылдаған өрт Бәни Луәйдің игі жақсыларына ауыр тимеді», – деген.
Әбу Суфиян ибн әл-Харис ибн Абдулмутталиб оған былай жауап берді: «Алла осы істі жалғастырсын, төңірегіне жалын жайылсын. Өрттен қайсымыздың аулақ екенімізді, екі жердің қайсысына зиян тиетінін сонда көрерсің».
Мүслимнің риуаятында мына қосымша бар: «Мына аят осы хадис жайлы түскен: ﴿مَا قَطَعْتُمْ مِنْ لِينَةٍ أَوْ تَرَكْتُمُوهَا قَائِمَةً عَلَىٰ أُصُولِهَا فَبِإِذْنِ اللَّهِ وَلِيُخْزِيَ الْفَاسِقِينَ﴾ “Қандай да бір құрма ағашын кескен болсаңдар да, яки кеспей-ақ өз діңінде тік өсіп тұрған күйінде қалдырсаңдар да, мұның бәрі Алланың рұқсатымен әрі тура жолдан тайған күнәһарларды қорлау үшін еді”» («Хашр», 5-аят).1
Түсіндірме
1. Бәни Надыр – Мәдинада қоныстанған ірі үш яһуди тайпасының бірі. Негізінен егін егіп, әсіресе құрма бақтарымен аты шыққан. Арадағы келісімге сай, Алла елшісі (с.а.с.) олардан Бәни Килабтың екі кісісіне төленетін құнға үлес қосуды сұрамақ болып, солардың қонысына барды. Ол екі кісіні Биъру Мағуна қырғынынан аман қалған Амр ибн Умайя әд-Дамри қателесіп өлтірген еді. Бәни Надыр Алла елшісінің (с.а.с.) аз ғана сахабасымен келгенін қастандық жасауға орайлы сәт деп білді. «Өтінішіңді орындаймыз, істі реттейміз», – деп, әңгімемен бөгей тұрып, үйдің төбесінен басына диірмен тасын тастамақ болды. Алла тағала мұны уахи арқылы білдіргенде, Алла елшісі (с.а.с.) бір шаруасы бардай дереу Мәдинаға қайтып кетті. Қасындағылар біраздан соң қуып жетті. Алла елшісі (с.а.с.) оларға қастандық жайында уахи келгенін, сол себепті шұғыл қайтқанын айтты.
Алла елшісі (с.а.с.) Мұхаммед ибн Мәсләманы жіберіп, оларға мына сөзді жеткізді: «Бұл жерден көшіңдер. Енді менімен бірге тұра алмайсыңдар. Маған белгілі болған қастандықты жасамақ болдыңдар. Он күн мұрсат беремін. Одан кейін мұнда қалған адамның басы алынады».
Бәни Надыр көшке қамдана бастады. Сол кезде мұнафықтардың басшысы Абдулла ибн Убай ибн Сәлул кісі жіберіп: «Ешқайда кетпеңдер, қорғандарыңда қалыңдар. Менің екі мың адамым қорғандарыңа барып, сендерді қорғайды. Қажет болса, сендермен бірге өледі. Өзге яһуди тайпасы Бәни Құрайза мен Ғатафандағы одақтасымыз да жәрдем береді», – деді.
Бәни Надыр осы уәдеге сеніп, Алла елшісіне (с.а.с.) кісі жіберіп: «Қолыңнан келгенін істе, біз ешқайда кетпейміз», – деді. Алла елшісі (с.а.с.): «Аллаһу әкбар! Яһудилердің күні бітті», – деді. Мұсылмандар да тәкбір айтты.
Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабалар дереу барып, Бәни Надырды қоршады. Оларға өзге яһуди тайпаларынан да, Ғатафаннан да, Абдулла ибн Убайдан да көмек келмеді.
Алла елшісі (с.а.с.) қоршауды күшейтіп, құрма бақтарын өртетті. Ақыры үміті үзілген Бәни Надыр бітім ұсынды. Алла елшісі (с.а.с.) қару-жарақтан өзге, көлігіне арта алған мүлкін алып кетуге рұқсат етті. Олар келісіп, заттарын алты жүз түйеге артып, Хайбарға кетті. Он бес күндік қоршаудан кейін Бәни Надыр Мәдинадан көшті. Мұсылмандарға мол дүние мен қару-жарақ қалды. Оның ішінде елу сауыт, елу қалқан, үш жүз қырық қылыш бар еді. Осылайша мұсылмандардың қару-жарағы едәуір көбейді.
2. Хассан ибн Сәбиттің «Бууайрада лапылдаған өрт Бәни Луәйдің игі жақсыларына ауыр тимеді» деген бәйіті Құрайышты кінәлап айтылған. Кирманидың айтуынша, Бәни Құрайзаның басшысы Кәғб ибн Әсадты Алла елшісімен (с.а.с.) жасасқан келісімін бұзуға итермелеп, Хандақ шайқасындағы опасыздығына себеп болған да – Құрайыш. Олар мұсылмандарға қарсы қимылдың бәрін қолдап, Алла елшісі (с.а.с.) шабуыл жасаса, көмек беруге уәде еткен.
3. Хассанға жауап берген Әбу Суфиян ибн әл-Харис – Алла елшісінің (с.а.с.) көкесінің баласы. Ол кезде мұсылман болмаған. Мекке алынғанда исламды қабылдаған.
Ол жауабында өрт сөнбей, Бууайраның маңын, яғни Мәдинаны да шарпыса екен дейді: «Өрттен кім аулақ қалғанын көреміз. Оның зардабын Мекке тарта ма, Мәдина тарта ма, сонда білесің».
Өрт мұсылман еместерге зиян тигізгенде, өзі де ол кезде мұсылман болмаған Әбу Суфиян неге оларға залал тілейді деген сұрақ тууы мүмкін. Бууайраның маңын шарпитын өртті тілеуі Мәдинаның да өртенгенін қалау еді. Одан мұсылмандар зиян шегер еді.
4. Мүслимнің бір нұсқасында осы оқиғаға орай «Хашр» сүресінің 5-аяты түскені айтылады. Бәни Надырдың Мәдинадан кетуі және кетерінде үйлерін өз қолдарымен қиратуы жөнінде өзге аяттар да түскен. Бұл жай тәпсір бөлімінде сөз болады (№ 822, 823, 827).
- 1Бұхари, «Мағази», 14, «Харс», 6, «Жиһад», 154, «Тәпсір», «Хашр». Мүслим, «Жиһад», 29 (№ 1746). Тирмизи, «Тәпсір», «Хашр» (№ 3298). Әбу Дәуіт, «Жиһад», 91 (№ 2615).