Хадис

Кутуб ситтә, № 4216

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
576. № 4214–4218 хадистер
Нөмірі
№ 4216 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4216
Кутуб ситтә, № 4216 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Сәмура

وَعَنْ سَمُرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: عَلَى الْيَدِ مَا أَخَذَتْ حَتَّى تُؤَدِّيَهُ». قَالَ قَتَادَةُ: «ثُمَّ نَسِيَ الْحَسَنُ فَقَالَ: هُوَ أَمِينُكَ لَا ضَمَانَ عَلَيْهِ»، يَعْنِي الْعَارِيَةَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сәмура (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Адам алған затын иесіне қайтарғанша, соған жауапты». Қатада: «Хасан осы хадисті риуаят еткенін ұмытып, арият туралы: “Ол – сенім артқан адамың. Оған өтем міндеттелмейді”, – деді»1, – дейді.

Түсіндірме

1. Ғалымдар хадистегі «қол» сөзін затты алған адамның өзі деп түсіндірген. Рауи ариятты атап өткенімен, Пайғамбардың (с.а.с.) сөзі жалпылама айтылған. Сондықтан бұған күшпен алынған мүлік, арият пен аманат та кіреді. Күшпен алынған зат иесі сұрамаса да қайтарылады. Арияттың белгіленген мерзімі бітсе, иесі сұрамай-ақ беріледі. Аманат иесі сұраған кезде қайтарылады. Ибн әл-Мәләктің осы түсіндірмесін Әли әл-Қари орынды санаған.

2. Қатаданың айтуынша, Хасан Басри хадисті жеткізгенін кейін ұмытып, арият жайында өзге пікірге келген. Ол ариятты аманатқа, ал оны алған адамды аманат сақтаушыға теңеген. Сондықтан аманат кінәсіз жоғалса, аманат сақтаушы өтем төлемейтіні сияқты, ариятқа алған адам да зат кінәсіз жоғалса, өтем төлемейді деген.

3. Шәуқани Хасан Басридің жеткізген хадисі мен өз ұстанымы арасындағы айырмаға байланысты: «Мұндайда рауидің өз пікіріне емес, риуаятқа сүйенеді», – деген қағиданы еске салады.

4. Аманатқа не ариятқа алған адам зат жоғалса, оны өтеуге міндетті дейтін ғалымдар осы хадисті дәлел етеді.

Басқа ғалымдар Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен «Сеніп тапсырылған адамға өтем міндеттелмейді» және «Қиянат жасамаған арият алушыға өтем міндеттелмейді» деген мағыналас риуаяттарды негізге алған. Олардың пікірінше, аманат, арият немесе жалға алынған зат табиғи апаттан, ұрлықтан, күшпен тартып алудан немесе басқа еріксіз себептен жоғалса, адам кінәсіз әрі қиянат жасамаған жағдайда өтем төлемейді. Шафиғилер мен ханбалилер осы пікірді ұстанады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», № 3561. Тирмизи, «Буюғ», № 1266.