Хадис

Кутуб ситтә, № 4198

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
573. Истибра
Нөмірі
№ 4198 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4198
Кутуб ситтә, № 4198 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Сағид

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَعَثَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَوْمَ حُنَيْنٍ جَيْشًا إِلَى أَوْطَاسٍ، فَلَقُوا عَدُوًّا فَقَاتَلُوهُمْ فَظَهَرُوا عَلَيْهِمْ وَأَصَابُوا لَهُمْ سَبَايَا، فَكَأَنَّ نَاسًا مِنْ أَصْحَابِ النَّبِيِّ ﷺ تَحَرَّجُوا مِنْ غِشْيَانِهِنَّ مِنْ أَجْلِ أَزْوَاجِهِنَّ مِنَ الْمُشْرِكِينَ، فَأَنْزَلَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ فِي ذَلِكَ: ﴿وَالْمُحْصَنَاتُ مِنَ النِّسَاءِ إِلَّا مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ﴾»، أَيْ فَهُنَّ لَكُمْ حَلَالٌ إِذَا انْقَضَتْ عِدَّتُهُنَّ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Хунәйн күні Аутасқа әскер жіберді. Әскер жаумен шайқасып, жеңіске жетті де, әйелдерді тұтқынға алды. Кейбір сахабалар тұтқындағы әйелдердің мүшрік күйеулері барын ескеріп, оларға жақындаудан тартынды. Осыған байланысты Алла ﴿وَالْمُحْصَنَاتُ مِنَ النِّسَاءِ إِلَّا مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ﴾ “Һәм өзгелердің адал жарлары да сендер үшін харам. Алайда соғыс жағдайында тұтқынға түскен, күңдеріңнің жөні бөлек.” (“Ниса” сүресі, 24-аят) деген аятты түсірді». Яғни күту мерзімі біткен соң оларға жақындауға рұқсат етіледі.1

Түсіндірме

Хадисте соғыста тұтқынға түскен әйелдердің мүшрік күйеулерімен некесі бұзылған жағдайда, истибрадан кейін ғана жақындасуға рұқсат етілетіні түсіндіріледі. Жүкті әйелдің истибрасы босанғанда, жүкті емес әйелдікі бір етеккір мерзімі өткенде аяқталады.

Хаттаби бұл хадистен әйелі мен күйеуі бірге тұтқынға түссе де, некесі бұзылады деген үкім шығарады. Имам Мәлик, Шафиғи және Әбу Сәур да осы пікірде. Олар Алла елшісінің (с.а.с.): «Жүкті тұтқынға босанғанша, жүкті емес тұтқынға етеккірі келгенше жақындамаңдар», – деген сөзін дәлел етеді. Риуаятта әйелдің күйеуінің бар-жоғы немесе онымен бірге тұтқынға түскені шарт етілмеген.

Хаттаби Әбу Ханифаның өзгеше пікірін келтіреді: «Ерлі-зайыптылар бірге тұтқынға түссе, некелері бұзылмайды».

Әузағи тұтқындардың некесі жалғаса береді деген. Оның пікірінше, әйелді сатып алған иесі қаласа оны күйеуіне қалдырады, қаласа ажыратып, өз күңі етеді.

Ибн Аббас (р.а.) аятты күйеуі бар күңдердің сатылуына қатысты деп түсініп, сатылуды талаққа теңеген. Ғалымдардың көпшілігі бұл пікірді қабылдамаған. Осы мәселеге қатысты қосымша түсіндірме № 4201 хадистің тұсында берілді.

  1. 1Мүслим, «Радағ», № 1456. Тирмизи, «Никах», № 1132. Әбу Дәуіт, «Никах», № 2155, 2157. Нәсәи, «Никах», 59 (6/110). «Ниса» сүресі, 24-аят.