وَلِأَبِي دَاوُدَ: «الْمُكَاتَبُ عَبْدٌ مَا بَقِيَ عَلَيْهِ مِنْ مُكَاتَبَتِهِ دِرْهَمٌ».
Әбу Дәуіттің бір риуаятында: «Мүкатәбтің келісім бойынша мойнында бір дирхам қарызы қалса да, ол құл күйінде қалады»1, – делінген.
Түсіндірме
Мүкатәбә немесе китабат – құл мен иесінің арасында жасалатын, құлдың өз азаттығын сатып алуын көздейтін келісім. Келісім бойынша құл не күң белгіленген соманы иесіне төлеп, азаттығына қол жеткізеді. Келісім жасасқан құлды «мүкатәб», иесін «мүкатиб» деп атайды.
Алдыңғы риуаяттарда құлдың қарызын түгел өтеген соң азат болатыны айтылады. Ибн әт-Тин мүкатәбә келісімінің Исламнан бұрын да болғанын және Исламның оны мойындағанын айтады. Алғашқы буын ғалымдарының бұл мәселеде түрлі пікірі бар.
Абдулла ибн Сәбит, Зүбәйір, Сүлеймен ибн Ясар, Зәйд ибн Сәбит, Айша және имам Мәлик мүкатәбтің аз да болса қарызы қалса, құл күйінде қалатынын айтқан.
Әли (р.а.): «Қарызының жартысын төлесе, құлдықтан босап, борышкерге айналады», – деген. Одан құлдың төлеген мөлшеріне қарай азат болатыны жайлы пікір де жеткен.
Ибн Мәсғуд: «Құл екі жүз дирхамға келісім жасасқанымен, шын құны жүз дирхам болса, сол жүз дирхамды төлеген соң азат болады», – деген.
Ата: «Мүкатәб келісілген соманың төрттен үшін төлесе, азат болады», – деген.
Ибн Аббас (р.а.) Пайғамбардан (с.а.с.): «Мүкатәб төлеген мөлшеріне қарай азат болады», – деген риуаят жеткізген. Оны Нәсәи келтірген.
Зурқани көпшілік ғалымдардың дәлелі ретінде Бәрира туралы риуаятты атайды. Бәрира мүкатәбә жасасқанымен, борышын өтей алмағандықтан сатылған. Осы мәселе жайында Зәйд ибн Сәбит пен Әли (р.а.) пікір алмасқан. Зәйд: «Зина жасаса, оған рәжім жазасын бересің бе? Куәлік етсе, куәлігін қабылдайсың ба?» – деп сұраған. Әли: «Жоқ», – дегенде, Зәйд: «Олай болса, мойнында борышы тұрғанда ол құл күйінде қалады», – деген.
Хаттаби: «Бұл хадис мүкатәбті сатуға болады дегендерге дәлел. Ол бастапқы қалпында иесінің мүлкі саналғандықтан, оны сатуға тыйым салынбайды. Сондай-ақ мүкатәб келісімдегі ақшаны толық төлемей қайтыс болса, борышын жабуға жететін мүлік қалдырса да, азат болды деп есептелмейді. Өйткені ол құл болып дүниеден өтті. Мүлкін иесі алады, балалары болса, олар да иесінің құлы болып қалады», – дейді.
Бұл үкім Омар ибн әл-Хаттаб пен Зәйд ибн Сәбиттен (р.а.) жеткен. Омар ибн Абдулазиз, Зуһри, Қатада, имам Шафиғи және Ахмад ибн Ханбал да осы пікірді ұстанған.
Әл-Әрдәбили «әл-Әзкарда»: «Көпшілік мүкатәб келісім ақысын толық төлемей қайтыс болса, қалған қарызы аз не көп болғанына, оны өтеуге жететін мүлік немесе балалары қалғанына қарамастан, осы хадис бойынша құл болып дүниеден өтті деп үкім берген», – дейді.
Әбу Ханифа: «Мүкатәб қайтыс болған соң борышын жабуға жетерлік мүлік қалса, азат етіледі. Ондай мүлік қалмаса, азат етілмейді», – деген.
Имам Мәлик: «Артында балалары қалса, азат етіледі. Балалары қалмаса, азат етілмейді», – деген.
Хадис мүкатәбтің келісілген соманы түгел өтеген соң азат болатынына дәлел ретінде келтіріледі. Сахабалардың, табиғиндердің және олардан кейінгі буын ғалымдарының көпшілігі осы пікірде.
- 1Әбу Дәуіт, «Итқ», 1, (3926).