وَعَنْ عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَجُلًا أَعْتَقَ سِتَّةً مَمْلُوكِينَ لَهُ عِنْدَ مَوْتِهِ وَلَمْ يَكُنْ لَهُ مَالٌ غَيْرَهُمْ. فَدَعَاهُمْ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَجَزَّأَهُمْ أَثْلَاثًا ثُمَّ أَقْرَعَ بَيْنَهُمْ فَأَعْتَقَ اثْنَيْنِ وَأَرَقَّ أَرْبَعَةً. وَقَالَ لَهُ قَوْلًا شَدِيدًا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.
Имран ибн Хусайн (р.а.) былай дейді: «Бір адам ажал аузында өзіне тиесілі алты құлды азат етті. Олардан басқа мүлкі жоқ еді. Расулалла (с.а.с.) оларды шақырып алып, үш топқа бөлді де, араларында жеребе тастады. Екеуін азат етіп, төртеуін құл күйінде қалдырды. Ал әлгі адамды қатты сөкті».1
Түсіндірме
1. Хадистегі өлім аузында жасалған азат ету қайырымдылыққа арналған өсиет сияқты қарастырылады.
2. Шариғат бойынша мүліктің үштен біріне дейін өсиет етуге болады. Қалған үштен екісі – мұрагерлердің ақысы. Мұрагерлердің үлесін түгел қайырымдылыққа жұмсауға болмайды. Сондықтан Расулалла (с.а.с.) құлдарының бәрін босатып, мұрагерлеріне ештеңе қалдырмаған адамды сөккен.
3. Нәуәуидің айтуынша, Имам Мәлик, Шафиғи, Ахмад, Исхақ, Дәуіт әз-Заһири, Ибн Жәрир және өзге ғалымдар жеребе тастауға осы хадисті дәлел еткен. Әбу Ханифа бұл жағдайда жеребе жарамсыз, әр құл өз үлесіне тиесілі бостандықты алып, қалғанын еңбегімен өтейді деген. Шағби, Нахағи, Шурайх, Хасан Басри және Ибн әл-Мусайяб та осы пікірді ұстанған.
- 1Мүслим, «Әйман», 56 (№ 1668). «Муатта», «Итқ», 3 (2-том, 774-бет). Тирмизи, «Ахкам» (№ 1364). Әбу Дәуіт, «Итқ», 10 (№ 3958–3961). Нәсәи, «Жанаиз», 65 (4-том, 64-бет).