Хадис

Кутуб ситтә, № 4162

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
568. Құл мен қожайынның бір-біріне қарата айтатын сөздері
Нөмірі
№ 4162 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4162
Кутуб ситтә, № 4162 · тараудағы реті: 3

وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ: «لَا يَقُولَنَّ أَحَدُكُمْ عَبْدِي وَأَمَتِي. كُلُّكُمْ عَبِيدُ اللَّهِ وَكُلُّ نِسَائِكُمْ إِمَاءُ اللَّهِ، وَلَكِنْ لِيَقُلْ: غُلَامِي وَجَارِيَتِي وَفَتَايَ وَفَتَاتِي».

Қазақша аудармасы

Мүслимдегі өзге нұсқада былай делінген: «Ешқайсың “құлым”, “күңім” демесін. Барлығың Алланың құлдарысыңдар. Әйелдеріңнің бәрі де Алланың құлдары. “Қызметші жігітім”, “қызметші қызым”, “ұлым”, “қызым” десін».1

Түсіндірме

1. Расулалла (с.а.с.) бұл хадистерде қызметші мен қожайынның қарым-қатынас әдебін үйретеді. Ол қызметшіге қожайынын шектен тыс дәріптеп, лайықсыз атаумен атауға тыйым салды. Қожайынға да қол астындағыны кемсітетін сөздер айтпау, шамасы келмейтін жұмыс жүктемеу керегін ескертті. Бұхари құлға шектен тыс үстемдік етудің мәкрүһ екенін бір тарауда атап өткен. Бұл өзге адамдарға мұрын шүйіріп, тәкаппарланудың да мәкрүһ екенін аңғартады. Қол астындағы адамды «ұлым», «қызым» деп атау, ал қызметшінің «мырзам», «қожайыным» деуі – өзара сыйластықтың бір көрінісі.

Расулалла (с.а.с.) қызметшіге қожайынын Аллаға тән атаумен «Рабб» деуге тыйым салды. Араб тілінде бұл сөз «ие», «қожайын», «үйдің үлкені» деген мағынада да қолданылады. Ал жалқы, шектеусіз мағынада «Рабб» Аллаға ғана айтылады.

Ибн Баттал: «“Тәңір” сөзі секілді, “рабб” сөзін де Алладан өзге ешкімге қолдануға болмайды», – дейді.

Ибн Хажар тыйым «рабб» сөзін ештеңеге тіркемей, дара қолдануға қатысты деп түсіндірген. Тіркесіп келгенде оған тыйым жүрмейді. Бұған Юсуфтың (а.с.) қиссасындағы ﴿اذْكُرْنِي عِنْدَ رَبِّكَ﴾ «Қожайыныңа мен жайлы айт» деген сөз дәлел («Юсуф» сүресі, 42-аят). Қияметтің белгілері айтылған бір хадисте де «Күң өз қожайынын дүниеге әкелгенде» деген тіркес бар.

  1. 1Мүслим, «Әлфаз», 13 (№ 2249).