Хадис

Кутуб ситтә, № 582

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
56. «Ниса» сүресі
Нөмірі
№ 582 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 48
582
Кутуб ситтә, № 582 · тараудағы реті: 48Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «خَشِيَتْ سَوْدَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنْ يُطَلِّقَهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَقَالَتْ: لَا تُطَلِّقْنِي وَأَمْسِكْنِي وَاجْعَلْ نَوْبَتِي لِعَائِشَةَ، فَفَعَلَ، فَنَزَلَتْ: ﴿فَلَا جُنَاحَ عَلَيْهِمَا أَنْ يُصْلِحَا بَيْنَهُمَا صُلْحًا ۚ وَالصُّلْحُ خَيْرٌ﴾. فَمَا اصْطَلَحَا عَلَيْهِ مِنْ شَيْءٍ فَهُوَ جَائِزٌ». أَخْرَجَهُمَا التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) былай дейді: «Сәуда анамыз (р.а.) Алла елшісі (с.а.с.) өзін талақ етер деп қорқып: “Мені талақ етпеңіз, некелі жарыңыз болып қала берейін. Маған тиесілі кезекті Айшаға беріңіз”, – деді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оның тілегін орындады. Сонда ﴿وَإِنِ امْرَأَةٌ خَافَتْ مِنْ بَعْلِهَا نُشُوزًا أَوْ إِعْرَاضًا فَلَا جُنَاحَ عَلَيْهِمَا أَنْ يُصْلِحَا بَيْنَهُمَا صُلْحًا ۚ وَالصُّلْحُ خَيْرٌ﴾ “Егер қандай да бір әйел күйеуінің өзіне салқын қарап, жұбайлық міндеттерін лайықты түрде орындамауынан немесе өзінен теріс бұрылып кетуінен қорықса, онда бір амалын тауып, екеуі өзара келісімге келу арқылы жарасатын болса, екеуі де күнә арқаламайды. Өзара келісімге келіп жарасу – қайырлы іс”1 деген аят түсті. Екеуі не жөнінде келіссе, сол келісімге рұқсат етіледі».2

Түсіндірме

1. Сәуда бинт Замға ибн Қайс әл-Құрайши (р.а.) – Хадиша анамыз (р.а.) қайтыс болғаннан кейін Алла елшісі Меккеде үйленген екінші жары. Айша анамыздан бұрын отау құрған. Алла елшісімен (с.а.с.) бірге һижрет еткен Сәуда Омардың (р.а.) халифалығының соңына таман дүние салды.

Тирмизи келтірген хадистің мағынасын қуаттайтын өзге де риуаяттар бар. Бұхари мен Мүслим Айшадан (р.а.) мына риуаятты жеткізген: «Сәуда бинт Замға өзіне тиесілі күнін Айшаға сыйлады. Сөйтіп, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Айшаға екі күнін, өзінің күнін және Сәуданың күнін бөлетін».3

Мүслимде Уқба ибн Халид жеткізген нұсқада: «Сәуда қартайған кезде өз кезегін Айшаға берді», – делінген.4

Әбу Дәуіттегі риуаятта Сәуданың кезегін не үшін бергені де баяндалған. Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) уақытын бөлгенде ешқайсымызды өзгемізден артық көрмейтін. Күн сайын бәрімізге кіріп шықпай қалған кезі сирек еді. Сәуда бинт Замға қартайып, Алла елшісі (с.а.с.) өзінен ажыраса ма деп қорыққан кезде: “Уа, Алланың елшісі, менің кезегім Айшанікі болсын”, – деді. Алла елшісі оның тілегін қабыл алды». Айша: «Біз Алла Тағала ﴿وَإِنِ امْرَأَةٌ خَافَتْ مِنْ بَعْلِهَا نُشُوزًا أَوْ إِعْرَاضًا فَلَا جُنَاحَ عَلَيْهِمَا أَنْ يُصْلِحَا بَيْنَهُمَا صُلْحًا ۚ وَالصُّلْحُ خَيْرٌ﴾ “Егер қандай да бір әйел күйеуінің өзіне салқын қарап, жұбайлық міндеттерін лайықты түрде орындамауынан немесе өзінен теріс бұрылып кетуінен қорықса, онда бір амалын тауып, екеуі өзара келісімге келу арқылы жарасатын болса, екеуі де күнә арқаламайды. Өзара келісімге келіп жарасу – қайырлы іс.”5 деген аятты осы және осыған ұқсас жағдайларға байланысты түсірді деп айтатынбыз», – дейді.

Ибн Сағдтың риуаятында Сәуда: «Сізді ақиқатпен жіберген Алланың атымен ант етемін, енді ер кісіге мұқтаждығым жоқ. Бірақ қиямет күні жарыңыз болып тірілгім келеді. Сізге Кітап түсірген Алла үшін айтыңызшы, маған ренжіп, мені талақ еттіңіз бе?» – деп сұрайды. Алла елшісі оны талақ етпегенін айтқанда, Сәуда қуанып: «Күнім мен түнімді Алла елшісінің (с.а.с.) сүйіктісі Айшаға сыйлаймын», – дейді.

Аят ерлі-зайыптыларды өзара келісуге шақырып, жарасудың ажырасудан, араздасудан және бір-бірінен сырт айналудан қайырлы екенін айтады. Аяттың жалғасы былай келеді. ﴿وَأُحْضِرَتِ الْأَنْفُسُ الشُّحَّ﴾ «Задында, нәпсі атаулының бәрі сараң һәм өзімшіл келеді.»6

Алла Тағала бұл тұста адам табиғатына тән сараңдық пен өз мүддесін күйттеуді сөз етеді. Аяттың мәнмәтініне қарағанда, әйел күйеуінің мойнындағы өз ақысынан оңай бас тартқысы келмейді, ал ер адам басқаға көңілі ауса, оған ықылас таныта алмай қалуы мүмкін. Осы орайда аятта былай делінеді. ﴿وَإِنْ تُحْسِنُوا وَتَتَّقُوا فَإِنَّ اللَّهَ كَانَ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرًا﴾ «Ендеше, әрдайым Алланы көріп тұрғандай немесе Оның өздеріңді көріп тұратынын білген күйде, игі істер істесеңдер, тақуалық танытсаңдар, біліп қойыңдар, Алла не істеп жүргендеріңнен толық хабардар.»7

  1. 1«Ниса» сүресі, 128-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәфсир», «Ниса» (3040, Ибраһим Жанан қолданған нөмірлеуде 3043).
  3. 3Бұхари, «Никах», 98 (5212); Мүслим, «Радағ», 14 (1463а).
  4. 4Мүслим, «Радағ», 14 (1463б).
  5. 5«Ниса» сүресі, 128-аят; Әбу Дәуіт, «Никах», 39 (2135).
  6. 6«Ниса» сүресі, 128-аят.
  7. 7«Ниса» сүресі, 128-аят.