وَعَنْ عَلِيٍّ أَيْضًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ قَالَ: «مَا فِي الْقُرْآنِ آيَةٌ أَحَبُّ إِلَيَّ مِنْ هَذِهِ الْآيَةِ: ﴿إِنَّ اللَّهَ لَا يَغْفِرُ أَنْ يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَلِكَ لِمَنْ يَشَاءُ﴾». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әли (р.а.) былай дейді: «Құранда мен ең жақсы көретін аят – мынау». ﴿إِنَّ اللَّهَ لَا يَغْفِرُ أَنْ يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَلِكَ لِمَنْ يَشَاءُ وَمَنْ يُشْرِكْ بِاللَّهِ فَقَدِ افْتَرَى إِثْمًا عَظِيمًا﴾ «Алла өзіне серік қосқанды әсте кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды істеген құлдарынан қалағанын кешіреді. Кімде-кім Аллаға өзгелерді серік етіп қосса, сұмдық өтірік айтқан әрі өте ауыр күнәға батқан болады».1 2
Түсіндірме
Әлидің (р.а.) бұл аятты айрықша жақсы көруінің себебі – харижилердің пікірін осы аяттың теріске шығаруы. Харижилер үлкен күнә жасаған кісіні Аллаға серік қосқан адамға теңеп, мәңгі тозақта қалады деп санаған. Аятта Алланың Өзіне серік қосуды кешірмейтіні, ал одан өзге күнәларды қалаған құлына кешіретіні айтылған. Демек, үлкен күнәнің бәрі ширкке жатпайды. Аллаға серік қосудан бас тартып, иман келтіріп, тәубеге келген адамның иманы қабыл болып, мүшрік кезінде істеген күнәлары кешіріледі.
Ғалымдардың түсіндіруінше, Алла иман мен тәубе арқылы ширк күнәсін кешірсе, одан өзге күнәлар да тәубемен кешіріледі. Ал аяттағы «қалағанын кешіреді» деген сөз таухидке иман келтірген, бірақ жасаған күнәсіне тәубе етпегендерге қатысты. Үлкен не кіші күнәсіне тәубе етпестен қайтыс болған адамның үкімі Алланың қалауына қалады. Алла қаласа, оны кешіріп, рақымымен жәннатқа кіргізеді, қаласа, азаптан соң жәннатқа кіргізеді.