عَنْ عِكْرِمَةَ أَنَّ ابْنَ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «حَدِّثِ النَّاسَ كُلَّ جُمُعَةٍ مَرَّةً، فَإِنْ أَبَيْتَ فَمَرَّتَيْنِ، فَإِنْ أَكْثَرْتَ فَثَلَاثَ مِرَارٍ، وَلَا تُمِلَّ النَّاسَ هَذَا الْقُرْآنَ. وَلَا أُلْفِيَنَّكَ تَأْتِي الْقَوْمَ وَهُمْ فِي حَدِيثٍ مِنْ حَدِيثِهِمْ فَتَقُصُّ عَلَيْهِمْ، فَتَقْطَعُ عَلَيْهِمْ حَدِيثَهُمْ فَتُمِلُّهُمْ، وَلَكِنْ أَنْصِتْ. فَإِذَا أَمَرُوكَ فَحَدِّثْهُمْ وَهُمْ يَشْتَهُونَهُ. فَانْظُرِ السَّجْعَ مِنَ الدُّعَاءِ فَاجْتَنِبْهُ، فَإِنِّي عَهِدْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَأَصْحَابَهُ لَا يَفْعَلُونَ إِلَّا ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Икрима Ибн Аббастың (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Адамдарға аптасына бір рет уағыз айт. Оған көнбесең, екі рет, одан да көбейткің келсе, үш рет айт. Жұртты Құраннан жалықтырма. Адамдар өзара сөйлесіп отырғанда әңгімелерін бөліп, оларды жалықтырғаныңды көрмейін. Үндемей тыңда. Олар өздері сұраса, тыңдауға құштар болып тұрғанда айт. Дұғаны жасанды ұйқасқа құрудан сақтан. Алла елшісі (с.а.с.) мен оның сахабаларының бұлай істемегенін көрдім».1
Түсіндірме
1. Риуаят дінді жеткізу әдебін үйретеді. Аптасына екі не үш рет насихат айтуға болады. Дегенмен аптасына бір рет айтқан абзал. Өйткені тым жиі айтылған уағыз жұртты жалықтыруы мүмкін.
2. Ілім үйренуге ықыласы жоқ адамға уағыз айтпаған жөн. Ибн Хажар мұны мәкрүһ деген.
3. Адамдардың әңгімесін бөліп, арасына кіріп насихат айту да құпталмаған. Ғалымдар ілімге ықылас танытқан кісіге үйрету керек деген. Ұстаз алдымен адамның ынтасын оятып, содан кейін білгенін жеткізеді. Әйтпесе сөзі де, өзі де тыңдаушыға жағымсыз болып көрінуі мүмкін.
4. Риуаятта сәжғдан сақтану айтылған. Сәжғ – қара сөздің сөйлемдерін ұйқастыру. Дұғада ұйқас қуған адам сөздің мағынасына нұқсан келтіруі, тыңдаушыны жаңылыстыруы мүмкін. Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабалары әдейі ұйқас іздемеген. Мағынаға сай өздігінен шыққан ұйқас бұған жатпайды. Мысалы, «Аллаһумма мунзил әл-китаб, сариғ әл-хисаб, һазим әл-ахзаб», яғни «Уа, Кітапты түсірген, есепті тез алатын, одақтас топтарды талқандаған Алла!» деген дұға жеткен.
Әзһаридің айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) жасанды ұйқасты бақсы-балгердің сөзіне ұқсайтындықтан мәкрүһ санаған.
- 1Бұхари, «Дағуат», 20 (№ 6337).