وَعَنْ عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّهُ سَأَلَهُ رَجُلٌ طَلَّقَ امْرَأَتَهُ ثُمَّ وَقَعَ بِهَا وَلَمْ يُشْهِدْ عَلَى طَلَاقِهَا وَلَا عَلَى رَجْعَتِهَا. فَقَالَ: طَلَّقْتَ لِغَيْرِ السُّنَّةِ، وَرَاجَعْتَ لِغَيْرِ السُّنَّةِ. أَشْهِدْ عَلَى طَلَاقِهَا وَعَلَى رَجْعَتِهَا وَلَا تَعُدْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Бір кісі Имран ибн Хұсайннан (р.а.) әйеліне талақ айтып, кейін онымен жақындасқанын, талақ айтқанына да, қайта қосылғанына да куәгер шақырмағанын айтып, үкімін сұрады. Имран: «Талақты да, қайта қосылуды да сүннетке сай атқармапсың. Талақ айтқаныңа да, қайта қосылғаныңа да куәгер шақыр. Бұдан кейін бұлай істеме», – деп жауап берді.1
Түсіндірме
Кейбір ғалымдар осы риуаятқа сүйеніп, талақ айтқанда да, қайта қосылғанда да куәгер шақыру уәжіп деген. Әбу Ханифа мен оның шәкірттері және Шәфиғи екі пікірінің бірінде қайта қосылғанда куәгер шақыруды уәжіп санамаған. Олар Ибн Омардың хадисіне сүйенеді. Онда Алла елшісі (с.а.с.): فَلْيُرَاجِعْهَا «Әйеліне қайта қосылсын», – деп бұйырған, куәгер туралы сөз айтпаған.
Имам Мәлик және Шәфиғи басқа бір пікірінде қайта қосылғанда куәгер шақыру уәжіп деген.
Кейбір түсіндірушілер мұны жеке сахабаның нақты жағдайға байланысты айтқан сөзі деп бағалаған. Олардың пікірінше, ол өз алдына міндетті үкім шығаруға дәлел бола алмайды.
- 1Әбу Дәуіт, «Талақ», 5 (№2186); Ибн Мәжа, «Талақ», 5 (№2025).