وَعَنْ مَالِكٍ قَالَ: «سَمِعْتُ ابْنَ الْمُسَيَّبِ وَحُمَيْدَ بْنَ عَبْدِ الرَّحْمنِ بْنِ عَوفٍ وَعُبَيدَ اللَّهِ بْنَ عَبْدِاللَّهِ بْنِ عُتْبَةَ وَسُلَيْمَانَ بْنَ يَسَارٍ، كُلُّهُمْ يَقُولُ: سَمِعْتُ أَبَا هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: سَمِعْتُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: أَيُّمَا امْرَأَةٍ طَلَّقَهَا زَوْجُهَا تَطْلِيقَةً أَوْ تَطْلِيقَتَيْنِ ثُمَّ تَرَكَهَا حَتَّى تَحِلَّ وَيَتَزَوَّجَهَا زَوْجٌ غَيْرُهُ فَيَمُوتُ عَنْهَا أَوْ يُطَلِّقُهَا ثُمَّ يَرُدُّهَا الْأَوَّلُ، أَنَّهَا تَكُونُ عِنْدَهُ عَلَى مَا بَقِيَ مِنْ طَلَاقِهَا». قَالَ مَالِكٌ رَحِمَهُ اللَّهُ: وَتِلْكَ السُّنَّةُ الَّتِي لَا خِلَافَ فِيهَا عِنْدَنَا.
Имам Мәлик былай дейді: «Ибн әл-Мусайяб, Хумайд ибн Абдуррахман ибн Ауф, Убайдулла ибн Абдулла ибн Утба және Сүлеймен ибн Ясардың әрқайсысынан естідім. Бәрі Әбу Һурайрадан (р.а.), ал ол Омардан (р.а.) мына сөзді жеткізген: “Ер адам әйеліне бір не екі талақ айтып, иддаты біткенше қайта қосылмаса, кейін ол әйелге басқа ер үйленсе, екінші ері қайтыс болып не талақ айтып, содан соң әйел алғашқы еріне қайтып қосылса, бұрынғы талақтарынан қаншасы қалса, соншасы күшінде қалады”».
Имам Мәлик (рахимаһуллаһ): «Бұл – арамызда талас жоқ сүннет», – деген.1
Түсіндірме
Риуаят бойынша, бір не екі талақ айтылып, иддат аяқталғанда байн талақ іске асады. Әйел кейін басқа ерге тұрмысқа шығып, заңды шарттармен алғашқы еріне жаңа неке арқылы қайтып қосылса, алғашқы ажырасудан қалған талақ саны сақталады.
Имам Мәлик бұл пікірдің сүннеттің мекені Мәдинада қабылданғанын айтады. Үш имам, сахабалар мен табиғиндердің көпшілігі осы пікірді ұстанған. Олардың айтуынша, екінші күйеу алғашқы некеде айтылған үшке жетпейтін талақтардың күшін жоймайды. Өйткені әйел екінші рет некелеспей тұрып-ақ алғашқы ерінің онымен қайта қосылуына жол ашық еді.
Әбу Ханифа және сахабалар мен табиғиндердің кейбірі екінші некеден кейін үш талақтың күші жойылатыны тәрізді, үшке жетпейтін талақтардың да күші жойылады деген. Олардың пікірінше, әйел бұрынғы күйеуіне қайтып қосылғанда, жаңа некеде үш талақ құқығы толық болады.
- 1Мәлик, «Муатта», «Талақ», 77 (1/586).