وَعَنْهَا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ فِي بَرِيرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا ثَلَاثُ سُنَنٍ أُعْتِقَتْ فَخُيِّرَتْ فِي زَوْجِهَا، وَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ فِيهَا: الْوَلَاءُ لِمَنْ أَعْتَقَ، وَدَخَلَ وَالْبُرْمَةُ تَفُورُ فَقُرِّبَ إِلَيْهِ خُبْزٌ وَأُدْمٌ مِنْ أُدْمِ الْبَيْتِ فَقَالَ: أَلَمْ أَرَ الْبُرْمَةَ تَفُورُ؟ قَالُوا: إِنَّهُ لَحْمٌ تُصُدِّقَ بِهِ عَلَى بَرِيرَةَ، وَأَنْتَ لَا تَأْكُلُ الصَّدَقَةَ. فَقَالَ: هُوَ عَلَيْهَا صَدَقَةٌ، وَلَنَا هَدِيَّةٌ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Бәрираға қатысты үш сүннет орнықты. Біріншісі – азат етілгенде оған күйеуімен қалу не одан ажырау құқығы берілді. Екіншісі – Алла елшісі (с.а.с.): “Уәлә құқығы азат еткен кісіге тиесілі”, – деді. Үшіншісі – бірде Алла елшісі (с.а.с.) кіргенде, қазанда ет қайнап жатқан еді. Алдына нан мен үйдегі дәм қойылды. Ол: “Ет қайнап жатқан қазанды көріп тұрмын ғой”, – деді. Қасындағылар: “Ол – Бәрираға садақаға берілген ет. Сіз садақа жемейсіз ғой”, – деді. Сонда ол: “Оған – садақа, бізге – сый”, – деді».1
Түсіндірме
1. Бәрира (р.а.) Айшаның (р.а.) күңі және Мұғис есімді құлдың әйелі еді. Айша оны азат еткенде, ол таңдау құқығын пайдаланып, күйеуінен ажырауды таңдаған. Келесі хадисте айтылғандай, Мұғис оны қатты жақсы көрген. Алла елшісі (с.а.с.) Бәрираның күйеуіне қайтуын сұрап, ара түскенмен, Бәрира ұсынысты қабылдамаған.
2. Айша (р.а.) Бәрираға қатысты үш үкім белгілі болғанын айтады. Біріншісі – азат етілген соң оған таңдау құқығы берілді және ол сол құқығын пайдаланып, күйеуінен ажырасты. Бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) оған бұл құқығын азат болған соң қолдануы керектігін, оған дейін күйеуімен жақындасса, таңдау құқығы жойылатынын айтқан.
Айшаның (р.а.) айтқан екінші үкімі Алла елшісінің (с.а.с.) «Уәлә құқығы азат еткен кісіге тиесілі» деген сөзіне негізделген.
Уәлә – құқықтық туыстықтың мұрагерлікке негіз болатын түрі. Келісімнен туатын түрі «уәлә әл-мууалат», азат етуден туатын түрі «уәлә әл-итқ» делінеді. Риуаят бойынша Бәрираның уәлә құқығы Айшаға тиесілі. Осы арқылы екеуінің арасында құқықтық туыстық туып, шарттары орындалған кезде мұрагерлікке негіз қаланады.
Үшінші үкім – садақа алған кісі сол затты басқаға сыйласа, екінші кісі үшін ол сый болады. Алла елшісіне (с.а.с.) және оның әулетіне садақа харам болғаны белгілі. Сол себепті оларға қазынадағы зекет пен садақадан айлық не үлес бөлінбейтін. Алла елшісі Бәрираға садақаға берілген еттің өзіне сый ретінде ұсынылғанын білдіріп, оны қабылдаған.
3. Бәрираның күйеуінің азат не құл болғаны жөніндегі риуаяттар әртүрлі. Құл болғанын айтатын нұсқалар дұрысырақ деп танылған. Осыған сүйенген Шәфиғи, Ахмад, Мәлик, Исхақ және ғалымдардың көпшілігі азат етілген күңнің күйеуі азат болса, таңдау құқығы берілмейді, құл болса, беріледі деген.
Күйеуінің азат болғаны айтылған нұсқаға сүйенгендер, күңді қожайыны өз келісімінсіз некеге берген болса, күйеуі азат болса да, өзі азат етілгенде таңдау құқығы бар деген. Әбу Ханифа, оның шәкірттері және Суфиян Сәури осы пікірді ұстанған.
- 1Бұхари, Талақ 14, Никах 18, Атғима 31, Итқ 10, Фараиз 22, 23, 19, 25; Мүслим, Итқ 14, (1504); Муатта, Талақ 25, (2, 562); Әбу Дәуіт, Талақ 19, (2233, 2235, 2236); Тирмизи, Рада (1154, 1155); Нәсәи, Талақ 29, 30 (6, 162, 163).