Хадис

Кутуб ситтә, № 4069

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
551. Некеден бұрын айтылған талақ
Нөмірі
№ 4069 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
4069
Кутуб ситтә, № 4069 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «جَعَلَ اللَّهُ الطَّلَاقَ بَعْدَ النِّكَاحِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِي فِي تَرْجُمَةٍ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Алла талақты некеден кейін бекіткен», – деген.1

Түсіндірме

1. Ғалымдар некесінде жоқ әйелге бірден айтылған, яғни шартсыз талақтың жарамсыз екеніне бірауыздан келіскен. Ал «Пәлен әйелге үйленсем, ол талақ болсын» деген тәрізді некеге байланған талақты сахабалар, табиғиндер және кейінгі ғалымдардың көпшілігі жарамсыз санаған.

Әбу Ханифа мен оның шәкірттері мұндай талақты жарамды санаған.

Имам Мәликтен жеткен кең тараған пікір бойынша, Рабиға, Сәури, Ләйс, Әузағи және Ибн Әбу Ләйла секілді ғалымдар осы мәселені жіктеп қараған. Ер адам белгілі бір рудан не ауылдан үйленетін әйеліне талақ айтса, неке қиылғанда талақ түседі. Жалпы түрде «Үйленетін әйелдерім талақ болсын» десе, оған ештеңе жүктелмейді. Олардың пікірінше, неке қиылмаса, талақ та түспейді.

2. Хадис кісінің өзіне тиесілі емес мүлікті сата алмайтынын, өз иелігінде жоқ құлды азат ете алмайтынын білдіреді. Кісі өз құлы болмаса да «Мына құлды азат еттім» десе, сөзі күшсіз болады. Құлды сатып алып, содан кейін азат еткенде ғана азаттық іске асады.

3. Күнәлі іске ант ету – бір күнәні жасаймын деп ант ішу. Алла елшісі (с.а.с.) туыстық қатынасты үзуге ант етуді де осыған жатқызып, мұндай ант жүрмейді деген.

Хаттаби мұның екі түсінігін келтірген. Біріншісі – кәдімгі ант. Ант еткен адам оны орындау арқылы күнәдан құтылмайды. Антын бұзса, кәффаратын өтейді. Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Кісі бір істі істемеуге ант етіп, кейін сол істі істеуді абзал көрсе, антының кәффаратын өтеп, абзал істі атқарсын», – деген. Ант еттім деп зиянды істе табандаудың қажеті жоқ. Пайдалы немесе пайдасы көбірек іс тұрғанда, пайдасыз не пайдасы аз істен бас тарту жөн.

Екінші түсінік бойынша, кісі ант сөзімен нәзір атауы мүмкін. Мысалы, белгілі бір істі жасаса, баласына қиянат етемін деп ант ішуі мүмкін. Мұндай ант жарамсыз, орындалмайды. Оған кәффарат та, підия да жүктелмейді. Ізгілік пен Аллаға жақындауды көздеп, баласын құрбан етуге нәзір атаған адамның сөзі де осыған жатады. Бұл нәзір жарамсыз болғандықтан, оны орындау және кәффарат өтеу талап етілмейді.

Нәзір Алланың разылығы көзделген іске қатысты аталады. Мәселен, белгілі күндерде ораза ұстау, белгілі мөлшерде намаз оқу, садақа беру, құрбан шалу немесе зекет беру. Бұлар Алланың разылығы үшін атқарылатын ғибадаттарға жатады.

  1. 1Бұхари, «Талақ», 9. Тарау тақырыбында иснадсыз келтірілген.