وَعَنْ مَسْرُوقٍ قَالَ: «مَا أُبَالِي خَيَّرْتُ امْرَأَتِي وَاحِدَةً، أَوْ مِائِةً، أَوْ أَلْفًا بَعْدَ أَنْ تَخْتَارَنِي، وَلَقَدْ سَأَلْتُ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا فَقَالَتْ: خَيَّرَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَفَكَانَ طَلَاقًا؟». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ
Мәсруқ (рахимаһуллаһ) былай дейді: «Әйелім мені таңдаса, оған таңдау құқығын бір рет бердім бе, жүз рет пе, мың рет пе – бәрібір. Бұл туралы Айшадан (р.а.) сұрадым. Ол: “Алла елшісі (с.а.с.) бізге таңдау еркіндігін берді. Сонда бұл талақ саналды ма?” – деді».1
Түсіндірме
Бұл риуаятта өзіне таңдау берілген әйел күйеуін таңдаса, қосымша рәсім қажет болмайтыны айтылады. Мәһірді қайта беру немесе некені жаңарту талап етілмейді. Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларына таңдау бергенін, бәрінің оны таңдағанын және мұның талаққа саналмағанын айтқан. Төрт мәзһаб осы үкімге келіскен.
Зәйд ибн Сәбит, Хасан Басри мен Ләйс ибн Сағд сияқты кейбір ғалымдар әйел күйеуін таңдаса да, таңдамаса да, таңдау құқығын берудің өзі байн талаққа жатады деген.
Хаттаби осы пікірді және оған қатысты таласты Имам Мәликтен жеткізген. Қади оны Имам Мәликке телуді қабылдамай, былай деген: «Бұл – әлсіз, қабылданбайтын пікір. Оны айтқандар осы хадисті көрмеген болуы керек. Көрсе, бұлай айтпас еді».
- 1Бұхари, «Талақ», 5; Мүслим, «Талақ», 25 (№1477); Әбу Дәуіт, «Талақ», 12 (№2203); Тирмизи, «Талақ», 4 (№1179); Нәсәи, «Никах», 2 (6/56).