وَعَنْهُ: «أَتَى رَجُلٌ ابْنَ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَقَالَ: إِنَّى جَعَلْتُ امْرَأَتِي عَلَيَّ حَرَامًا، فَقَالَ: كَذَبْتَ لَيْسَتْ بِحَرَامٍ، ثُمَّ تَلَا هَذِهِ الْآيَةَ: يَا أَيُّهَا النَّبِيُّ لَمْ تُحَرِّمُ مَا أَحَلَّ اللَّهُ لَكَ ثُمَّ قَالَ: عَلَيْكَ أَغْلَظُ الْكَفَّارَةِ: عِتْقُ رَقَبَةٍ».
Нәсәи келтірген риуаятта бір кісі Ибн Аббасқа (р.а.): «Әйелімді өзіме харам еттім», – деді. Ибн Аббас: «Олай деуің жөнсіз. Ол саған харам болған жоқ», – деп, мына аятты оқыды: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِىُّ لِمَ تُحَرِّمُ مَآ أَحَلَّ ٱللَّهُ لَكَ تَبْتَغِى مَرْضَاتَ أَزْوَٰجِكَ﴾ «Уа, пайғамбар! Жұбайларыңның разылығын қалап, көңілін табам деп, неліктен Алланың адал еткенін өзіңе харам қыласың?!» («Тахрим» сүресі, 1-аяттан). Содан кейін: «Саған ең ауыр кәффарат жүктеледі: бір құлды азат етесің», – деді.1
Түсіндірме
1. Бұл тұста «Тахрим» сүресінің түсу себептері қарастырылады. Риуаят бойынша, ерінің әйеліне «Сен маған харамсың» деуі – ант. Осыған ұқсас сөзді Алла елшісі (с.а.с.) да айтқан, одан кейін «Тахрим» сүресі түскен. Сүреде антты бұзуға қатысты үкім баяндалған. Ибн Аббас риуаятының мағынасы осы.
Кітаптың үшінші томында бұл сүренің түсуіне бірнеше себеп айтылғанын көрсеткен едік. Сол себепті жалқы түрде «сәбәб ән-нузул» деуден гөрі көпше түрде «әсбаб ән-нузул» деген орынды. Онда риуаятқа сай себептердің біріне, бал сусынына қатысты оқиғаға тоқталғанбыз (№219–223). Бұл жерде оны қайталамай, тақырыпқа қатысы бар екінші себепті келтіреміз.
Тәпсірлерде келтірілген бір нұсқада сүренің түсуіне Алла елшісінің (с.а.с.) күңі Мәрияға (р.а.) қатысты оқиға себеп болған. Нәсәи мен Табари Әнәс пен Зәйд ибн Әсләмнан жеткен, бірін-бірі толықтыратын риуаяттар келтіреді. Соларға қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) бір күні ұлы Ибраһимнің анасы Мәриямен жұбайы Хафсаның бөлмесінде жақындасқан. Хафса ренжіп: «Уа, Алла елшісі, менің бөлмемде, менің төсегімде мұны қалай істедіңіз?» – деген. Алла елшісі осыны құпия ұстау шартымен Мәрияны өзіне харам еткен. Хафса: «Уа, Алла елшісі! Өзіңізге адал нәрсені қалай харам етесіз?» – деп сұрағанда, ол Мәриямен жақындаспауға ант берген. Осыдан кейін «Тахрим» сүресі түскен. Зәйд ибн Әсләм оқиғаны жеткізіп, ерінің әйеліне «Сен маған харамсың» деген сөзін лағу, яғни байыбына бармай айтылған сөз деп түсіндірген. Бұл сөзбен талақ түспейді. Егер кісі ант етсе, антының кәффаратын өтейді.
Ибн Аббас (р.а.) осы ұстанымды ұстанған, сөз болып отырған риуаят та соны көрсетеді. «Тахрим» сүресінде Алла Тағаланың анттың өтемін белгілегені баяндалады. Алла елшісіне (с.а.с.) антында табандап қалмай, кәффаратын өтеу бұйырылған. ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِىُّ لِمَ تُحَرِّمُ مَآ أَحَلَّ ٱللَّهُ لَكَ تَبْتَغِى مَرْضَاتَ أَزْوَٰجِكَ وَٱللَّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾ «Уа, пайғамбар! Жұбайларыңның разылығын қалап, көңілін табам деп, неліктен Алланың адал еткенін өзіңе харам қыласың?! Алла − Ғафур (өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!» ﴿قَدْ فَرَضَ ٱللَّهُ لَكُمْ تَحِلَّةَ أَيْمَٰنِكُمْ وَٱللَّهُ مَوْلَىٰكُمْ وَهُوَ ٱلْعَلِيمُ ٱلْحَكِيمُ﴾ «Алла қажет кезде анттарыңды бұза аласыңдар деп үкім шығарып, сендерге оның өтемін белгілеп берді. Алла сендердің қамқор иелерің! Ол – Алим (шексіз ілім иесі), Хаким (асқан даналық иесі)!» ﴿وَإِذْ أَسَرَّ ٱلنَّبِىُّ إِلَىٰ بَعْضِ أَزْوَٰجِهِۦ حَدِيثًا فَلَمَّا نَبَّأَتْ بِهِۦ وَأَظْهَرَهُ ٱللَّهُ عَلَيْهِ عَرَّفَ بَعْضَهُۥ وَأَعْرَضَ عَنۢ بَعْضٍ﴾ «Кезінде Пайғамбар жұбайларының біріне бір сыр айтқан еді. Алайда жұбайы ол сырды ашып қойғанда, Алла оны (елшісін) ашылған сыр жайынан хабардар етті. Сонда ол жұбайына ашқан сырының бір бөлігін айтып, бір бөлігін айтпады» («Тахрим» сүресі, 1–3-аяттар).
2. Ант кәффараты «Мәида» сүресінің 89-аятында айтылады. Онда мына амалдар көрсетілген.
1. ﴿إِطْعَامُ عَشَرَةِ مَسَٰكِينَ مِنْ أَوْسَطِ مَا تُطْعِمُونَ أَهْلِيكُمْ﴾ «өз бала-шағаларыңа беретін ас-ауқаттың орташа мөлшерінде он міскінді тамақтандыру»
2. ﴿أَوْ كِسْوَتُهُمْ﴾ «немесе он пақырды киіндіру»
3. ﴿أَوْ تَحْرِيرُ رَقَبَةٍ﴾ «я болмаса бір құлды азат ету»
4. ﴿فَمَن لَّمْ يَجِدْ فَصِيَامُ ثَلَٰثَةِ أَيَّامٍ﴾ «Бұған шамасы жетпеген кісі үш күн ораза ұстасын»
Бұл амал ант ішкен адамның материалдық жағдайына қарай орындалады. Риуаятта ең ауыр кәффарат, яғни құл азат ету аталады. Ибн Хажардың түсіндіруінше, Ибн Аббас сауал қойған кісінің дәулетті екенін білгендіктен, оған осы өтемді міндеттеген.
3. Бұл түсіндірмелер мәселенің фиқыһтық жағын да қамтиды. Жоғарыда айтылғандай, ерінің әйелін өзіне харам етуінің үкімі жөнінде әртүрлі пікір бар. Үкімді түсіну үшін ері әйеліне жақындасқан ба, әйел азат па, күң бе деген жайттар ескеріледі.
Ғалымдар осы жағдайларға қарай әртүрлі үкім берген.
а) Азат әйелге қатысты үкім
Ханафи мәзһабында ердің ниеті ескеріледі. Ер адам ажырасуды көздесе, байн, яғни қайтарымсыз талақ түседі. Үш не екі талақ ниет етсе, ниет еткен саны есепке алынады. Ештеңені көздемесе, бұл ант саналып, оның кәффараты өтеледі. Егер өтірік айтуды көздесе, ол лағу, яғни күші жоқ сөз болып, кәффарат та, талақ та жүрмейді.
Шәфиғи мәзһабында ер адам талақты ниет етсе, талақ, зиһарды көздесе, зиһар іске асады. Әйелін өзіне харам етуді ғана көздесе, сөз ант саналмаса да, анттың кәффараты жүктеледі. Ешбір ниеті болмағанын айтса да кәффарат өтейді. Шәфиғиден жеткен екінші пікірде бұл сөз лағу саналып, ешбір міндет жүктелмейді.
Имам Мәликтің кең тараған пікірі бойынша, ерлі-зайыптының жақындасқан-жақындаспағанына қарамастан, бұл сөзбен үш талақ түседі. Ер адам үштен аз талақты көздегенін айтса, әйелімен әлі жақындаспаған жағдайда ғана сөзі қабылданады.
ә) Күңге қатысты үкім
Имам Ағзамның пікірінше, кісі өзіне бір нәрсені, мейлі күңді, мейлі асты, харам етсе, ол өзіне харам болады. Антын бұзбаса, оған ештеңе жүктелмейді. Антын бұзса, ант кәффаратын өтейді.
Имам Шәфиғи күңіне «Сен маған харамсың» деген қожайынның ниетін ескерген. Оны азат етуді көздесе, азат болады. Өзіне харам етуді көздесе, сөзі ант саналмаса да, ант кәффаратын өтейді. Ештеңені ниет етпеген кісі де кәффарат өтейді.
Имам Мәлик күңге айтылған бұл сөзді лағу деп санап, ештеңе жүктелмейді деген.
- 1Нәсәи, Талақ 16, (6, 151).