Хадис

Кутуб ситтә, № 4028

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
543. Қазіргі таңдағы медицинадағы отпен күйдіру
Нөмірі
№ 4028 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
4028
Кутуб ситтә, № 4028 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ ثَابِتِ بْنِ قَيْسِ بْنِ شَمَّاسِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ دَخَلَ عَلَيْهِ وَهُوَ مَرِيضٌ، فَقَالَ: اكْشِفِ الْبَأْسَ رَبَّ النَّاسِ عَنْ ثَابِتِ بْنِ قَيْسِ بْنِ شَمَّاسٍ، ثُمَّ أَخَذَ تُرَابًا مِنْ بُطْحَانَ فَجَعَلَهُ فِي قَدَحٍ، ثُمَّ نَفَثَ عَلَيْهِ بِمَاءٍ، ثُمَّ صَبَّهُ عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Сәбит ибн Қайс ибн Шәммас (р.а.) былай дейді: «Науқастанып жатқанымда Алла елшісі (с.а.с.) келіп: “Уа, адамдардың Раббысы, Сәбит ибн Қайс ибн Шәммастың дертін кетіре гөр!” – деді. Содан кейін Бутханнан топырақ алып, ыдысқа салды да, су бүркіп дем салды. Сосын оны үстіме құйды».1

Түсіндірме

1. Бұл хадисте Расулалланың (с.а.с.) басқа бір дем салу тәсіліне куә болып отырмыз. Алдыңғы риуаяттар Расулалланың (с.а.с.) халін сұрап келген науқастарға тек қана шипа дұғасын оқығанын көрсетсе, соңғы риуаяттан Бутхан алқабынан топырақ алып, оған су құйып, үстіне үрлеп, (дем салып) содан кейін сумен араласып дем салынған бұл топырақты науқастың үстіне сепкенін көреміз.

Хадиске түсіндірме жасаушылар Расулалланың (с.а.с.) суды алдымен ішіп, сілекейімен араластырғаннан кейін топыраққа түкірген болуы мүмкін екенін айтады. Алайда ол суды ішпей-ақ топыраққа құйып, осы су мен топырақ қоспасын Сәбиттің үстіне шашыратқан болуы мүмкін деген де ықтимал бар. Қалай болғанда да, ол соңында сумен араласқан топырақты Сәбит ибн Қайс ибн Шәммастың үстіне сепкен.

Хадиске түсіндірме жасаушылар бірінші ықтималды қуаттайтын бір риуаятты «Сахихайнда» көрсетеді: «Әзірет Айша (р.а.) айтады: «Біреу Расулаллаға (с.а.с.) сырқаттанып келген кезде немесе сыздауық не жара шығып, содан зардап шеккен кезде, Расулалла (рауилердің бірі Суфиян айтады) сұқ саусағын түкіріктеп, топыраққа тигізіп, пайда болған лай топырақты ауырған жерге жағып былай дейтін: «Бисмилла, арамыздағы біреудің түкірігі тиген жердің топырағы Раббымыздың рұқсатымен науқасымызға шипа болар». Көріп отырғанымыздай, бұл риуаятта дем салу кезінде түкіріктің топырақпен бірге болғандығы айтылған.

2. Бұл хадистер ғұламалар арасында мүлде басқа жорамалдарға себеп болды. Олардың кейбірі топырақ пен түкірік туралы сол кезеңге тән медициналық білімді бұл хадистерге қолданғысы келді, бірақ басқалары оларға қарсы болды. Енді әртүрлі көзқарастарды қорытындылауға тырысамыз:

a) Ибн әл-Қайим қозғап отырған Әбу Дәуіт хадисін былай бағалаған: «Бұл – оңай, кез келген адам жасай алатын ең пайдалы қоспа дәрілердің бірі. Бұл – оңай емдеу әдісі. Бұл әдіспен жаралар мен жаңа іріңдер емделеді. Әсіресе қолданатын басқа дәрі болмаған кезде көп қолдануға болады, өйткені барлық жерде қолдануға болады».

Ибн әл-Қайим бұған ежелгі медицина түсінігіне сәйкес мынадай түсіндірме қосады: «Таза топырақтың табиғаты салқын және құрғақ, әсіресе ыстық елдерде және ыстық қанды адамдарды тез емдеп және жаралардың жабылуына кедергі болатын жара мен іріңдегі салқынды да алатыны белгілі. Жаралар мен іріңдер көбінесе ыстық қанды адамдарда пайда болады. Содан бірнеше жағымсыз жағдай бір жерге жиналады: Елдің ыстықтығы, темперамент(тен пайда болатын ыстық) және жара. Таза топырақ табиғаты – салқын және құрғақ болады. Топырақтың бұл табиғаты салқын және құрғақ болатын барлық Муфрад дәрілерден2 алда келеді. Осылайша, топырақтың салқындығы аурудың қызуына қарсы келеді, әсіресе топырақ жуылып, кептірілген болса. Жарада айтылған жағымсыз жағдайлардың жиналуын, жаман ылғалдың артуы мен мұрын ағуы жалғастыратын болады. Топырақ шамадан тыс құрғақ болуы себепті осы ылғалды құрғатып, мұрынның ағуын кетіреді. Ол салқын болғандықтан ыстықтың көтерілуіне бөгет болады. Топырақтың әсерінен осы айтылғандардан бөлек басқа артықшылықтар да пайда болады: Науқастың ағзасы қалпына келеді. Ағза қалпына келген соң оның қорғаныш күші күшейіп, Алланың рұқсатымен ағзадағы ауруды жояды. «Сахихайн» кітабындағы әзірет Айша (р.а.) жеткізген хадистің мағынасы Нәуәуидің пікірінше мынадай: «Алла елшісі (с.а.с.) сұқ саусағын түкіріктеп, содан кейін оны топыраққа тигізіп, пайда болған лай топырақты ауырған жерге немесе жараға жағады. Сол кезде аталған дұғаны ішінде Алланың есімін зікір ету және істі Аллаға тапсырып, Оған тәуекел ету сияқты қасиеттер пайда ететін берекет бар болғаны үшін оқитын. Осылайша, бір дәрі екіншісіне қосылу арқылы әсерін арттырады».

«Арамыздағы біреудің түкірігі тиген жердің топырағы» сөзімен «бүкіл жер беті айтылып тұр ма әлде Мәдина топырағы ма?» деген сауал туындауы мүмкін. Кейбір ғалымдар: «Бұл жерде Мәдина топырағы меңзелген, ал “арамыздағы біреудің” сөзімен түкірігінің құрметіне Расулалланың (с.а.с.) өзі меңзелген», – дейді. Алайда басқалар, бұлай болса хадистің үкімі жекеленген болады деп, бұл пікірмен келіспейді.

Ибн әл-Қайим сөзін жағастырып былай дейді: «Топырақта көптеген ауруларға дауа болатын, көптеген жаман ауруларға шипа беретін қасиет бар».

Гален өз сөзінде: «Мен Александрияда қаншама көк бауырмен ауыратындар мен қарнына су жиналатындарды көрдім. Олар бұған дәрі ретінде Египет топырағын қолданатын. Олар оны аяқтарына, жамбастарына, қолдарына, қабырғаларына жағып, көзге көрінетін нәтижелерге қол жеткізді», – деген. Ол сөзін жалғастырып былай дейді: «Осылайша, топырақты жағу арқылы емдеу кейде қатты және жұмсақ ісінуге қарсы тұрады. Мен бір тайпаны білемін, олардың денелері көп қан жоғалтқаны үшін ісіп кетті. Олар осы топырақты жағу арқылы көзге көрінетін жақсы нәтижеге қол жеткізді. Мен басқа бір тайпаны білемін, олар бұл топырақты денесіндегі созылмалы ауру (ауырсынуларға) қарсы қолданды. Олар да сауығып, ауруларынан толықтай айықты».

Китабул Мәсих иесі айтады: «Кабус деп аталатын құрма ағашынан алынатын топырақ сығындысы (сағыз ұны) жаралардың етін тазалап жуады және жараны кетіреді».

Егер бұл топырақта осындай қасиеттер болса, жер бетіндегі ең жақсы, ең мүбәрак топырақ Расулалланың (с.а.с.) түкірігімен араласып, Оның Алла Тағаланың есімін оқи отырып, нәтижені Аллаға тапсырып, дем салуының нәтижесін бірге көрген кезде, қаншалықты әсерлі болатыны белгілі болады».

Ибн әл-Қайим түсіндірмесінің соңын топырақтың емдік қасиетіне байланысты риуаяттар, барлық топырақтарға тән жалпы медициналық насихат болғаннан көрі, Расулалланың (с.а.с.) түкірігі және дұғасымен ерекше және әсерлі болған оқиғаларды көрсетті деген оймен байланыстырады.

Бұл мәселеге байланысты Байзауи былай дейді: «Кейбір медициналық түсіндірмелер бойынша, түкірік темпераменттің жетілуінде және қалпына келуінде маңызды рөл атқарады. Сол сияқты, туып-өскен Отан топырағы да темпераментті сақтау мен оны зияннан қорғауда рөл атқарады. Тіпті жолаушы өзімен бірге тұратын жерінің суын алып жүре алмаса да, топырағын алып жүруі керек. Ол әртүрлі суларға кезіккен кезде, ол сулардың зарарынан қорғану үшін алып жүрген топырағының біраз мөлшерін су құйылған ыдысына салады. Сонымен қатар, дем салу (руқия) мен дұғалардың біздің ақылымыз жете бермейтін ғажап әсерлері бар».

Турбушти айтады: «Топырақ сөзімен әзірет Адамның (с.а.с.) жаратылысына ишарат етілген. Ал рика (түкірік) ұрыққа ишарат етілген. Расулалла (с.а.с.) дәл былай хал тілімен былай жалбарынып: «Сен алғаш топырақты жараттың. Содан кейін оны бұзылған судан жараттың. Олай болса бастауы осындай болған адамға шипа беру Саған түк емес», – деген.

Жоғарыда жазылған топырақ турасындағы грек тілінен алынған ой-пікірлерді хадистерге қолдана отырып, «топырақ мутлақ (абсолютті) шипа береді» деген көзқарасқа бейім Ислам ғалымдарын сынға алған Қуртуби былай дейді: «Бұл емдеу әдісі (түкірікті топыраққа жағып қолданылатын емдеу) егер оның тиісті заңдары орындалса ғана тиімді, жақсы нәтиже береді. “Орындалуы керек заң” дегенде, топырақ пен түкіріктің (араласуындағы) мөлшерін және оны тиісті уақыттарда пайдалануды меңзеп тұрмыз. Өйткені хадистегі кеңесте – дем салу және сұқ саусақты топыраққа тигізу бар. Саусақ оған ешқандай қатысы жоқ нәрсені жабыстырады. Алайда бұл процесс Алланың есімі және Расулының сүннетті мен тәбәріктен тұрады. Ал саусақты топыраққа тигізу бәлкім, мұнда бір қасиет бар болғаны үшін немесе дағдыланған себепке кірісіп, иләһи құдіретің таңдай қақтырарлық көмегін жасыру хикметіне байланысты». Бұл жағдайда, дем салу тақырыбы да, басқа көптеген тақырыптар сияқты хадистердің бірімен ғана амал етілмеуі тиіс мәселе. Тіпті беделді ғалымдардың өзі бұл турасында әртүрлі пікірлерді алға тартқан. Біз осы көзқарастардың бірін екіншісінен артық көру сияқты астамшылыққа жол беруді кеңес етпейміз. Қайталап айтамыз, Тибб нәбәуи (Пайғамбар медицинасы) – бұл маман ісі. Расулалланың (с.а.с.) сүннетінен мамандар әртүрлі қағидаларды ұстанып, әртүрлі жағдайда түрлі денелерге қолданып, тәжірибесін көрсете алатыны сияқты, кейбір дәрі-дәрмектерді жасай алады. Түкірік пен топырақта ем бар ма, жоқ па? Қазір бұған «бар» немесе «жоқ» деп қысқа қайырып жауап бермес бұрын, оны алдымен зерттеу керек. Адам мен өзі тұратын жердің топырағы арасында денсаулығына қатысты материалдық бір байланыс бар ма? Жат жердің суы адамға жағымсыз әсер ете ме, етпей ме? Егер дем салу (руқия) Қуртуби айтқандай, жай тәбәрік болса, Расулалла (с.а.с.) неліктен Бутхан алқабының топырағына саусағын тигізіп қолданды? Расулалланың (с.а.с.) бұл әрекетін назарға ала отырып, Мәдинаның топырақты жақсылап залалсыздандыратын ыстық климатының, сол аймақтың топырағына беретін ерекше қасиетін ескеріп, хадистің үкімін кейбір ауруларға немесе жеке адамдар үшін қолдануға болады деген ғалымдардың да пікірінің дұрыс екендігін мойындау қажет емес пе? Бұл сұрақтардың барлығы бізді бұл мәселе зерттеуге әлі де ашық деп айтуға итермелейді. Яғни, Тибб нәбәуиді (Пайғамбар медицинасы) жоққа шығару мүмкін емес, бірақ онымен емдеумен шектелу, сақтықты және мамандануды қажет етеді. Сондықтан мұны да негізгі емес, екінші дәрежелі үкімдерде фақиһтерге қажеттілік болатыны сияқты қабылдау керек.

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 18, (3885).
  2. 2«Муфрад» бір ғана заттан тұратын, қоспасыз дәріні білдіреді.