Хадис

Кутуб ситтә, № 4020

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
542. Расулалла кеңес берген емдер
Нөмірі
№ 4020 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 36
4020
Кутуб ситтә, № 4020 · тараудағы реті: 36Риуаят етуші: Имран ибн Хусайн

وَعَنْ عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَانَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ الْكَىِّ فَابْتُلِينَا فَاكْتَوَيْنَا كَيَّاتٍ فَمَا أَفْلَحْنَا وَلَا أَنْجَحْنَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Имран ибн Хусайн (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге қарып емделуге тыйым салды. Сырқатқа шалдығып, бірнеше рет қарып емделдік. Алайда одан қайыр көріп, айыға алмадық».1

Түсіндірме

Бұл хадистер отпен күйдіріп емдеуге қатысты түрлі үкімдерді баяндайды. Бірі отпен күйдіруді тыйса, №4018 хадисте Расулалланың (с.а.с.) өзінің отпен күйдіріп емдегенін байқаймыз. Ал №4002 хадисте отпен күйдіріп емдеуді үмбетіне тыйым салғанын көрдік. Отпен күйдіріп емдеуге тыйым салатын басқа риуаяттар да бар. Алайда ол жерде ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) отпен күйдіруді емдеудің жетекші әдістерінің бірі ретінде ұсынғанын да көрдік. Негізінде, қазіргі кезде кейбір жаралар мен ауруларды емдеуде қолданылатын сәулелік диатермия және каутериямен күйдіру әдістері отпен күйдірудің қазіргі замандағы техникалық мүмкіндіктерге сай жетілдірілген түрі болып саналады. Сондықтан Алла елшісінің (с.а.с.) медицинаның негізін баяндаған сөздері қияметке дейін жарамды болады деп айтуға болады.

2. Нәйл әл-Әутар бұл мәселе турасында былай деп жазады: «Ибн Раслан тек қана отпен күйдіру арқылы емделуге болатын, одан бас тартқан жағдайда адам өліміне апарып соғатыны анықталған созылмалы ауруларға қарсы отпен күйдіріп емдеудің қажет екенін айтқан. Ол осы үкімінің дәлелі ретінде, біз келтірген хадисте ишарат етілген оқиғаны көрсетеді: «Сағд ибн Муаздың (р.а.) қаны тоқтамады. Расулалла (с.а.с.) оның көп қан жоғалтуынан қорқып, қолын отпен басып күйдірді. Негізінде, қолы немесе аяғы кесілген адамдардың қанын тоқтату үшін отпен күйдіреді.

Ибн Раслан отпен күйдіріп емдеуге тыйым салынған хадисті риуаят еткен Имран ибн Хусейн (р.а.) туралы келесі мәлімдемені жазады: «Алла елшісінің (с.а.с.) оған тыйым салуы оның ауруының табиғатына байланысты еді. Өйткені ол геморройдан зардап шегетін және күйдірілетін жері қауіпті болды. Осы себепті оны күйдіруге тыйым салды. Демек, тыйым жалпы тыйым емес, қауіпті аурудан зардап шегетіндерге қатысты. Сонымен қатар, арабтар сол кезеңде дәрі-дәрмектің көмегімен емделмейтін ауруларға шипалы болатын нәрсе отпен күйдіру деп есептеді және сол емді қолданбағандар опат болады деп сенді. Алла елшісі (с.а.с.) олардың осындай ниеттері үшін оларға отпен күйдіріп емдеуге тыйым салды. Өйткені шипа беретін ​​тек Алла Тағала».

Ибн Қутайба айтады: «Отпен күйдіріп емдеу екі түрлі болады:

1. Дені сау адамды отпен күйдіру. Бұл оған аурудың алдын алу үшін (сақтық шарасы) ретінде жасалады. Хадисте келген لَمْ يَتَوَكَّلْ مَنِ اكْتَوَى «Қарып емделген адам тәуекел етпеген болады» деген сөз осындай адамдарды ишарат етеді. Өйткені ол осы әрекетімен өзіне қатысты тағдырдың үкімін өзгертуге тырысады.

2. Аяқ-қол кесілгенде қанды күйдіру немесе басқалай жолдармен қаны тоқтамаған басқа да жаралардың қанын тоқтату үшін жасалған күйдіру кезінде, оның емі – Алланың қалауымен осы күйдіру арқылы болмақ.

Емделу және емделмеу ықтималы бар жаралар үшін қолданылатын отпен күйдіруге келетін болсақ, олар мәкруһқа жақын. Хадистерде төрт түрлі күйдіру туралы айтылады».

Бұл жерде қысқаша берілген төрт түрлі күйдіріп емдеуден мақсат:

а) Қолдануға болатын Алла елшісі (с.а.с.) рұқсат берген күйдіру;

ә) Белгіленген себептермен тыйым салынған күйдіру;

б) Бас тартқандарды мақтап-мадақтаған күйдіру. Бір риуаятта сұрақ-жауапсыз жәннатқа кіретін жетпіс мың адамның отпен күйдіріп емделуден бас тартқандар болатыны айтылған;

в) Расулалланың адами сезімін білдірген күйдіру. «Сахихайнда»ғы бір хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Киіз өртеп емделуді құп көрмеймін», – деген. Сондықтан бұл төрт түрлі күйдіру риуаяттарының түрлі жағдайларға байланысты екенін ескерсек, олардың арасында нақты қайшылық жоқ, әрбірінің өзіндік тәсілі бар.

3. Отпен күйдіруге тыйым салған хадистер мен рұқсат берген хадистер арасындағы қайшылықты біріктіру мақсатында жасалған басқа бір түсіндірмені Мирқатус-Суудта көреміз: «Отпен күйдіріп емдеу кейде оны қажет ететін себептердің пайда болуымен жасалады. Бұл жағдайда оны қолданбауға болмайды. Өйткені бұл кезде күйдіріп емдеу адамнан зиянды кетіреді. Кейде күйдіріп емдеуге себепсіз жүгініп жатады. Негізінде, адамның мазасын алып, аурудың денеге дендеуінің алдын алу үшін жасалатын күйдіру туралы риуаяттар да бар. Мұндай түрдегі күйдіруден бас тарту, оны қолданғаннан тиімді. Өйткені мұнда үлкен залал барын бірден көруге болады. Негізі, басқа емдеу әдісін қолдану арқылы да ауруды жоюға болады».

4. Хаттаби айтады: «Расулалла (с.а.с.) Сағд ибн Муғаздың (р.а.) жарақатының қанын тоқтату үшін күйдірген. Себебі оның қанды көп жоғалтудан қайтыс болуынан қорықты. Отпен күйдіру осындай кездері қолданылатын әдіс. Бұл хауасс (таңдаулылар) тобына және көпшілікке белгілі ем. Арабтар оның пайдасын білгендіктен, соған көп жүгінетін. Оларда мына сөйлемдер нақыл сөзге айналған еді: «Дәрілердің соңғысы – отпен күйдіру». «Отпен күйдіру – шариғат заңдастырған дәрі-дәрмектер мен емдеулер қатарына жатады».

  1. 1Тирмизи, Тибб 10, (2050); Әбу Дәуіт, Тибб 7, (3865).