وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَحْتَجِمُ فِي الْأَخْدَعَيْنِ وَالْكَاهِلِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِي
Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мойнының екі қапталынан және екі жауырынының арасынан қан алдыратын».1
Түсіндірме
Хижама (қан алдыру) процедурасы дененің кез келген бөлігіне жасалмайды. Хижама жасауда денеде арнайы белгілі нүктелері болады. Аурудың бетін қайтару үшін сол нүктелерді айқындау керек. Себебі кез келген нүктеден қан алу, адамның денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Білікті адам қанның қалай алынатынын ғана білмейді, ол денедегі нүктелерден науқастың ауруының бетін қайтаруға дұрыс келетін қанды алуды да жақсы біледі. Бұл риуаятта Расулалланың (с.а.с.) басы мен мойнының екі жағында орналасқан тамырлардан қан алдырғаны айтылған. Ибн әл-Қайим мойын айналасындағы екі негізгі тамырдан (әл-ахдағайн) алынатын қан, басқа және баста орналасқан бет, тіс, құлақ, көз және мұрын сияқты дене ағзаларында сезілетін ауруларға пайдалы екенін айтады. Ол «ауру қанның көптігінен немесе бұзылғанынан немесе екеуінен пайда болған жағдайда ғана», – дейді. Қан алдырған кезде, ауруға дұрыс келетін нүктелерден алдырмаса, адамның ағзасына кері әсер етіп адам сырқаттанып қалуы мүмкін. Мұны Әбу Дәуіттің мына риуаяты жақсы түсіндіреді: «Мағмар айтады: «Мен басымнан қан алдырып едім. Есім шығып ақымақ болып қалдым. Намаз оқып тұрғанда маған «Фатиха» сүресінің тәлқин етілгенін көрдім». Түсіндірме жасаушылар бұл халді оның басынан қан алдырумен түсіндіреді. Алиюл Қари: «Бастан уға қарсы қан алынады. Ал Мағмар уланбаса да басынан қан алдырып, қателік жасады. Сол үшін бұдан зардап шекті», – дейді. Қан алдыру ісінде «Қанды қай күні, қай сағатта алдырған тиімді?» деген мәселе төменде берілетін хадистерде айтылатын болады.
Ибн Мәжа мойынның екі қапталы мен жауырынның арасынан қан алуға тыйым салынған бір риуаят келтірген. Риуаятта бұл тыйымды Алла елшісіне (с.а.с.) Жәбірейілдің (а.с.) жеткізгені айтылады.
Ескерту. Мойынның екі жағында тіршілік үшін маңызды тамырлар орналасқан. Жанан олардың зақымдануы өмірге қауіп төндіретінін, әсіресе мұны біліксіз адамның істеуі қатерлі екенін ескертеді.
Жанан Мағмардың сөзін оның жеке басынан өткен оқиға деп түсіндіреді. Ол қан алдырған күнін, аш не тоқ болғанын, қанша қан алынғанын, қан алған кісінің біліктілігін және қанды көргенде мазасызданған-мазасызданбағанын айтпаған. Автор осы деректер белгісіз болғандықтан, жеке оқиғаға сүйеніп жалпы үкім беруге және басқа риуаяттарда айтылған хижаманы түгел жоққа шығаруға болмайды деп санайды.
- 1Әбу Дәуіт, Тибб 4, (3860); Тирмизи, Тибб 12, (2052); ибн Мәжа, Тибб 21, (3483).