وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: خَيْرُ مَا تَدَاوَيْتُمْ بِهِ السَّعُوطُ وَالْحِجَامَةُ وَاللَّدُودُ وَالْمَشِيُّ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «السَّعُوطُ» مَا يَسْتَعَطُ بِهِ فِي الْأَنْفِ».الْمَشِيُّ» شُرْبُ الْمُسَهِّلِ
Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Емдік амалдарыңның ең абзалы – сағут (мұрынға дәрі тамызу), хижама (қан алдыру), ләдуд (ауыздың бір шетінен дәрі тамызу) және мәший (іш жүргізетін дәрі ішу)», – деген сөзін жеткізген.1
Түсіндірме
1. Алдыңғы риуаятта «Үш нәрседе ем бар» деп тек осы нәселермен шектелетін тәсілмен бастағаннан кейін, бал шәрбаты, қан алдыру және киізбен күйдіріп емдеуді назарға ұсынған Алла елшісі (с.а.с.) емделетін ең жақсы заттар ретінде алдымен ауыз және мұрын арқылы қабылданатын кейбір дәрілермен қоса қан алдыруды көрсеткен. Оның үстіне алдыңғы хадистің мақсаты хаср емес («Хаср» деп, баяндау процесі жүріп жатқанда өзге сауалдардан аулақ бола отырып тек мәселеге қатысты сұрақтармен ғана шектелуді атайды). Сол сияқты, бұл риуаятта да мақсат хаср емес. Хадистің Тримизиде берілген жолында мына қосымша бар: «Расулалла (с.а.с.) ауырған кезде, сахабалар оның аузына дәрі тамызды. Олар бұл істі тоқтатқан кезде, Расулалла (с.а.с.): «Оларға да дәрі ішкізіңдер!» деп әмір берді. Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Аббастан өзге бәріне дәрі ішкізілді».
Ибн Аббас (р.а.) бұл хабарға №3982 хадистегі оқиғаны да қосқан. «Тәйсир» авторы оқиғаны бұған дейін келтіргендіктен, осы тұста риуаяттың сол бөлігін қайталамаған.
2. «Мәший» сөзінің түпкі мағынасы – «жүру». Іш жүргізетін дәрінің осы атауы адамды дәретханаға жиі жүргізуіне байланысты екенін жоғарыда айттық. Жанан іш жүргізудің мәнін түсіндіру үшін өз дәуіріндегі медицинадан мына пайымды келтіреді: ас аш ішектің жоғарғы үштен екі бөлігінде сіңіп, одан әрі өтеді. Сіңбеген ас аш ішек пен тоқ ішектің төменгі үштен бір бөлігіне жетсе, улы заттар, газ түзетін және обыр туғызатын қосылыстар, соның ішінде индол мен индоксил түзіледі делінген. Автор олардың ағзаны мазасыздандырып, ауруды асқындыруы немесе жаңа дертке себеп болуы мүмкін деген пікірді келтіреді. Осы тұжырым бойынша, ондай заттарды сыртқа шығару үшін іш жүргізетін дәрі қолданылған.
3. Хижама туралы түсіндірме №4006 хадисте жалғасады.
- 1Тирмизи, Тибб 9, (2048, 2049).