وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ التَّلْبِينَةَ تُجِمُّ فُؤَادَ الْمَرِيضِ. وَتَذْهَبُ بِبَعْضِ الْحَزَنِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Тәлбина науқастың көңілін тыныштандырып, қайғысын біршама сейілтеді», – дегенін жеткізген.1
Түсіндірме
1. Тәлбина – көженің бір түрі. Құрамы әртүрлі түсіндірілген. Атауы «сүт» деген мағынадағы «ләбән» сөзінен шыққандықтан, ғалымдар көбіне сүт, ұн және бал қосылған көже деп сипаттаған. Бұхаридегі бір нұсқада Айшаның (р.а.) оны сырқаттарға да, жақынынан айырылып қайғырғандарға да бергені айтылады. Риуаяттың соңында Айша: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Тәлбина науқастың көңілін тыныштандырып, қайғысының бір бөлігін сейілтеді”, – дегенін естідім», – дейді. Басқа бір нұсқада: «Жаным қолында болған Аллаға ант етейін, су беттегі кірді қалай кетірсе, тәлбина да қарынды солай тазартады», – делінген.
Расулалла (с.а.с.) науқасқа тәлбина ішуді талап етеді, науқас оны ұнатпаса да, тамақтануға кеңес береді. Тіпті Бұхариде берілген бір риуаятта тәлбина «әл-бағизун-нафиғ» яғни пайдалы дұшпан ретінде сипатталған. Хадиске түсіндірме жасаушылар тәлбинаның «бағиз» яғни дұшпан ретінде айтылуын, науқастардың мұны да өзге дәрі-дәрмек сияқты жау көріп, ұнатпаушылықтарымен түсіндіреді.
2. Әл-Муаффақ әл-Бағдади хадистегі «фуад» сөзін асқазанның жоғарғы бөлігі деп түсіндірген. Ибн Хажардың айтуынша, әл-Муаффақ өз дәуірінің емшілік түсінігіне сүйеніп, қайнатылған арпа суы мен арпа кебегін асқазанды тазартуға қолданғанын, жылы күйінде оның әсері күшейеді деп санағанын жазған.
Сахиб әл-Хади былай деген: «Тәлбина сорпасы (арпаны қайнатып) жасалатын сорпадан жеңілірек. Өйткені тәлбина арпа тартылғаннан кейін пайда болған ұнынан жасалады. Арпаның өзегі ұнтақталған кезде пайда болады. Бұл жақсы қоректендіретін, әсері күшті, асқазанды жақсы тазартатын зат. Дәрігерлер оны жақсылап қайнатып қолдануға кеңес береді. Сонда ол жұқа әрі жұмсақ күйде болып, науқасқа ауыр келмейді. Алайда тәлбинаны адамдардың жағдайына сәйкес әртүрлі қолдану жолдарын қарастыру керек. Кейде науқасқа тек қана жақсылап қайнатылған арпа суын берген жақсы болуы мүмін. Ал қайғыға батқан адамға арпаның қайнағаннан кейін пайда болған суы одан да пайдалы болуы мүмкін. Негізінде, бұлардың арасындағы түрлі ерекшеліктері анықталды».
«Тәлбинаға ұқсас дайындалатын “хәрлә” деп аталатын сорпа қуырылған ұннан жасалады. Оны науқастарға ішкізген кезде терлеуді арттырады, қызуды түсіреді және терлеу арқылы денедегі токсиндер мен зиянды заттар шығарылады».
- 1Бұхари, Тибб 8, Атғима 24; Мүслим, Сәлам 90, (2216).