وَعَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنِ اصْطَبَحَ كُلَّ يَوْمٍ سَبْعَ تَمَرَاتٍ مِنْ عَجْوَةٍ لَمْ يَضُرَّهُ سَمٌّ، وَلَا سِحْرٌ ذَلِكَ الْيَوْمَ إِلَى اللَّيْلِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.
Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізген: «Кім әр таңда әжуа құрмасынан жеті түйір жесе, сол күні түн түскенше оған у да, сиқыр да зиян тигізбейді».1
Түсіндірме
1. Әжуа – Мәдинада өсетін ең сапалы әрі ең жұмсақ құрма. Ибн әл-Әсир бұл құрманы былай деп сипаттаған: «Бұл құрманың сайхани түрінен үлкенірек түрі. Түсі қою реңді. Алла елшісінің (с.а.с.) Мәдинаға өз қолымен еккен құрмасы».
2. Ибн Хажар Мәдинаның Нәжид аймағындағы Мәдинаға ең жақын бөлігі үш, ең алыс бөлігі сегіз миль болған Алия деп аталатын жерде өсетін құрмалардың шипалы екенін қуаттайтын басқа да риуаяттардың барын айтады. Кейбір риуаяттарда «ем», кейбіреулерінде «тириақ» (антидот) делінген. Нәсәидің риуаятында: «Әжуа жәннат жемісі. Ол улануға қарсы ем», – делінген.
3. Хадистегі «түнге дейін» тіркесі күндізгі уақытты білдіреді. Күндіз күн шыққаннан батқанға дейін жалғасады, түн күн батқанда басталады. Түннің басында құрма жеген кісі түні бойы у мен сиқырдан аман бола ма дегенге риуаяттарда анық жауап жоқ.
Хаттаби әжуаның осы қасиетін Алла елшісінің (с.а.с.) дұғасымен байланыстырады. Ибн әт-Тин оны сол заманда болған, қазір белгісіз бір ағашқа тән қасиет болуы мүмкін дейді.
Құрманың жеті түйір болуы және Мәдина құрмасымен шектелуі тәрізді шарттарға сүйенген кейбір ғалымдар бұл ерекшелікті Алла елшісінің (с.а.с.) дәуіріне тән деп жорыған. Бұл туралы ғалымдар бірін-бірі айыптауға дейін барған түрлі пікірлер айтқан.
- 1Бұхари, Тибб 52, 56, Атғима 43; Мүслим, Ашриба 154, (2047); Әбу Дәуіт, Тибб 12, (3875, 3876).