Хадис

Кутуб ситтә, № 3985

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
542. Расулалла кеңес берген емдер
Нөмірі
№ 3985 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
3985
Кутуб ситтә, № 3985 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Сағид

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ إِلَى النَّبِيِّ ﷺ فَقَالَ: إِنَّ أَخِي اسْتُطْلِقَ بَطْنُهُ، فَقَالَ: اسْقِهِ عَسَلًا فَسَقَاهُ، ثُمَّ جَاءَهُ فَقَالَ: إِنِّي سَقَيْتُهُ عَسَلًا، فَلَمْ يَزِدْهُ إِلَّا اسْتِطْلَاقًا ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: صَدَقَ اللَّهُ وَكَذَبَ بَطْنُ أَخِيكَ، فَسَقَاهُ فَبَرَأَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай деген: «Бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Бауырымның іші өтіп жатыр”, – деді. Алла елшісі: “Оған бал ішкіз”, – деді. Ол бауырына бал ішкізді. Сосын қайта келіп: “Бал ішкіздім, іш өтуі үдей түсті”, – деді. Бұл үш рет қайталанды. Ақырында Алла елшісі: “Алла рас айтты, бауырыңның қарны жалған айтты”, – деді. Ол бауырына тағы бал ішкізгенде, бауыры сауығып кетті».1

Түсіндірме

1. Риуаяттарда оқиғаға қатысқандардың есімдері аталмаған. Хадистің басқа нұсқаларында әлгі кісінің үш рет келіп, бал ішкізген сайын бауырының іші бұрынғыдан да өтетінін айтқаны баяндалады. Алла елшісі (с.а.с.) әр жолы бал ішкізуді айтқан. Мүслимнің бір нұсқасында төртінші рет келгенде Алла елшісі «Алла рас айтты» деген сөзді қосады. Басқа жолдарда да осылай. Төртінші рет бал ішкен соң бауыры сауығады.

2. Түсіндірушілер «бауырыңның қарны жалған айтты» дегендегі كَذَبَ сөзін «қателесті» деп ұғады. Хижаз арабтарының бұл сөзді осындай мағынада қолданғанына басқа да мысал келтіреді. Осы тұрғыдан كَذَبَ بَطْنُهُ дегені – қарны шипаны қабылдай алмай, жаңылды деген сөз.

3. Ибн Хажардың осы хадиске жасаған талдауын келтіреміз: «Кейбір дінсіздер: “Бал іш өткізетін болса, іші өтіп жүрген адамға оны қалай ұсынуға болады?” – деп хадиске тіл тигізді. Бұған жауабымыз: “Бұл – айтушының білместігі. Мұндай сөз ‘Юнус’ сүресінің 39-аятындағы ﴿بَلْ كَذَّبُوا۟ بِمَا لَمْ يُحِيطُوا۟ بِعِلْمِهِۦ وَلَمَّا يَأْتِهِمْ تَأْوِيلُهُۥ﴾ ‘Олар ол кітап жайлы нақты әрі толық біліп алмай тұрып және оның мән-мағынасы өздеріне толық ашылмай жатып, оны бірден жоққа шығарды’ дегенге саяды”.

Белгілі болғандай, дәрігерлер бір аурудың емі адамның жас шамасы, әдеттері, уақыты, тұтынылатын тағамы, салауатты өмір салтын ұстануына, табиғатының күшіне қарай өзгеретінін және іш өтудің бірнеше түрі барын айтады. Мәселен, осындай түрлердің бірі – құсу пайда болатын ауыр іш өту (диарея). Бұл ас қорытудың бұзылуынан пайда болады. Дәрігерлер мына мәселеде ортақ пікірде: «Іш өтудің мұндай түрін емдеу – адамның өзінің табиғаты мен оның функциясын тәрк етуі арқылы жүзеге асады. Егер адам организмі белгілі бір іш айдайтын дәріге мұқтаж болса, ол науқасқа күші болғанша көмек көрсетіледі. Хадисте сөз етілген науқас та ас қорытудың бұзылуының нәтижесінде пайда болған іш өту ауруына шалдыққан секілді. Расулалла (с.а.с.) оған асқазан мен ішектерінде жиналған артық заттарды шығарып тастау үшін балды кеңес еткен. Себебі балдың құрамында асқазандағы тамақтың бірін қалдырмай сыртқа шығаратын жабысқақ қоспалардан тұратын ерекше зат бар. Асқазанда сүлгілерде болатын түктер сияқты түктер бар. Егер бұл түктерге жабысқақ қоспалар қосылса, асқазанның жұмысын және асқазандағы ас-ауқатты да бұзады. Сондықтан оны емдеу осы қоспаларды асқазаннан шығаратын затты қолдану арқылы орындалады. Осы мақсатта балдан тиімді нәрсе жоқ, әсіресе егер ол ыстық суда ерітіліп, шәрбат халінде ішкізілсе. Расулалланың (с.а.с.) тәжірибесінде бал біріншісінде нәтиже бермеді. Себебі аурудың емі – көбінесе белгілі бір уақыт аралығы мен белгілі мөлшерде қабылданатын дәріге байланысты болады. Егер бұл мерзім қысқа болса, асқазандағы заттар толық шығарылмайды, ал ол қалыпты уақыттан асып кетсе, адамды әлсіретіп, басқа бір зиянын тигізеді. Бұл оқиғада адам бірінші ретте ауруды кетіру үшін балды жеткілікті мөлшерде ішпеген. Расулалла (с.а.с.) да оған ішуді жалғастыруды айтқан. Сөйтіп әлгі адам балды ауруына қарай ішуді жалғастырып, Алланың рұқсатымен сауыққан. Расулалланың (с.а.с.): “Бауырыңның қарыны өтірік айтты” деген сөзінде бұл дәрінің пайдалы екендігіне, аурудың тоқтамауының дәрідегі нұқсандыққа емес, асқазанда бұзылған заттың көптігіне байланысты екеніне ишарат бар. Сондықтан Расулалла (с.а.с.) осы заттарды асқазаннан шығарып тастау үшін бал ішуді жалғастыруды бұйырған. Расында, солай болды. Әлгі адам Алланның рұқсатымен сауықты».

Автор он бесінші ғасырдың ортасында айтылған бұл пайымға таңданысын білдіреді. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) бұл сөзін ғайыпты өздігінен білуімен емес, оған берілген уахимен байланыстырады. Осы жолды ықыласпен ұстануды үмбеттің бақыты деп біледі.

Автор балдың микробтар мен зеңнің көбеюін тежейтін қасиетін атайды. Сондай-ақ ыстық бал шәрбатын іш ауырғанда қолданғанын жазады.

  1. 1Бұхари, Тибб 4, 24; Мүслим, Сәлем 91, (2217); Тирмизи, Тибб 31, (2083).