Хадис

Кутуб ситтә, № 508

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 508 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 68
508
Кутуб ситтә, № 508 · тараудағы реті: 68Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَسْعُودٍ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّ لِلشَّيْطَانِ لَمَّةً بِابْنِ آدَمَ وَلِلْمَلَكِ لَمَّةً، فَأَمَّا لَمَّةُ الشَّيْطَانِ فَإِيعَادٌ بِالشَّرِّ وَتَكْذِيبٌ بِالْحَقِّ، وَأَمَّا لَمَّةُ الْمَلَكِ فَإِيعَادٌ بِالْخَيْرِ وَتَصْدِيقٌ بِالْحَقِّ، فَمَنْ وَجَدَ ذَلِكَ فَلْيَعْلَمْ أَنَّهُ مِنَ اللَّهِ فَلْيَحْمَدِ اللَّهَ، وَمَنْ وَجَدَ الْأُخْرَىٰ فَلْيَتَعَوَّذْ بِاللَّهِ مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ». ثُمَّ قَرَأَ: ﴿الشَّيْطَانُ يَعِدُكُمُ الْفَقْرَ وَيَأْمُرُكُمْ بِالْفَحْشَاءِ﴾. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Адам баласына шайтан да, періште де ой салады. Шайтан жамандықпен қорқытып, ақиқатты жалғанға шығарады. Періште жақсылықты уәде етіп, ақиқатты растайды. Кім жүрегінен осы соңғысын тапса, оның Алладан екенін білсін де, Аллаға мадақ айтсын. Ал кім шайтанның салғанын сезсе, қуылған шайтаннан Аллаға сыйынып, пана тілесін». Содан кейін Алла елшісі (с.а.с.): «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады, сөйтіп сендерге арсыз істерді бұйырады»1, – деген аятты оқыды2.

Түсіндірме

Хадисте «ләммә» сөзі періштенің игі ой салуы мен шайтанның уәсуәсасына қатысты қолданылған. «Ләммә» жақындау, келіп тию деген мағыналарды білдіреді. Кейбір кітаптарда кездесетін «Адамның жүрегінде шайтанның ләммасы бар» деген тіркес те осыны меңзейді. Оны тура мағынасында қабылдаған оқырман жүректен шайтанға тән бір мүше не саңылау іздеп, жаңсақ түсінуі мүмкін.

Хадис шайтан мен періштеге адам жанына ықпал етіп, ой салу қабілеті берілгенін білдіреді. Осы ықпал «жақындау», «тию» мағыналарын қамтитын «ләммә» сөзімен берілген. Оның табиғаты бізге беймәлім.

Хадис жаман ойға бой алдыра бастаған адамға одан бойын аулақ салып, Аллаға сыйынып, пана тілеуді үйретеді. Ізгі ойлар – Алланың жүрекке періште арқылы салған ойлары. Оларға құлақ асып, іске ұмтылған адамның ісі қайырлы аяқталады. Қол жеткен жақсылық пен табыс та масаттануға себеп болмай, шүкіршілігімізді арттыруы керек. Бұл да хадистен алынатын бір ғибрат.

  1. 1«Бақара» сүресі, 268-аят (үзінді).
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Бақара» (2988, кей басылымда 2991).