وَفِي رِوَايَةٍ لِلشَّيْخَيْنِ: «أَنَّ الْأَنْصَارَ كَانُوا قَبْلَ أَنْ يُسْلِمُوا هُمْ وَغَسَّانُ يُهِلُّونَ لِمَنَاةَ، فَتَحَرَّجُوا أَنْ يَطُوفُوا بَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ، وَكَانَ ذَٰلِكَ سُنَّةً فِي آبَائِهِمْ، مَنْ أَحْرَمَ لِمَنَاةَ لَمْ يَطُفْ بَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ، وَأَنَّهُمْ سَأَلُوا النَّبِيَّ ﷺ عَنْ ذَٰلِكَ حِينَ أَسْلَمُوا، فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى فِي ذَٰلِكَ: ﴿إِنَّ الصَّفَا وَالْمَرْوَةَ مِنْ شَعَائِرِ اللَّهِ﴾ الْآيَةَ».
Бұхари мен Мүслім жеткізген риуаятта былай делінеді: «Исламды қабылдамай тұрған кезде ансарлар мен Ғассан тайпасы Манат пұтының құрметіне тәлбия айтып, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасаудан тартынатын. Бұл – ата-бабасынан қалған әдет. Манат үшін ихрамға кіргендер Сафа мен Мәруа арасында сағи жасамайтын. Исламды қабылдаған соң, олар Алла елшісінен (с.а.с.) осы жайында сұрады. Сонда Алла тағала: “Сафа мен Мәруа – Алланың (һәм хақ дін Исламның) қасиетті нышандарының бірі...” – деген аятты түсірді».
Түсіндірме
Сафа мен Мәруа арасындағы сағидың қажылықта алатын орнын анықтау үшін жоғарыдағы риуаяттың маңызы зор. Бұл мәселені ғалымдар әртүрлі түсіндірген.
Сафа мен Мәруа – Қағбаның іргесіндегі екі төбе. Қажылық пен ұмра кезінде осы екі төбенің арасында сағи жасалады. Мүшәлләл – теңіз жағасындағы төбе. Оның маңындағы Құдәйд – Мекке мен Мәдиненің арасында орналасқан, суы мол ауыл.
«Шағаир» сөзі «белгілер», «нышандар» дегенді білдіреді. Ол қажылық рәсімдерін және Аллаға мойынсұну ниетімен жасалатын амалдардың бәрін қамтиды.
Жоғарыдағы риуаятқа қарағанда, жаһилия дәуірінде кейбір тайпалар Сафа мен Мәруа арасында сағи жасамай, Манат пұтын тауап етумен шектелген. Ибн Хажар келтірген риуаятта бұл жайт толығырақ баяндалады: «Амр ибн Лұхай Манат пұтын Құдәйдке жақын теңіз жағасына орнатқан. Әзд пен Ғассан тайпалары Қағбаға қажылық жасағанда, осы пұтты да тауап етіп, оған тағзым ететін. Қағбаны тауап етіп, Арафатта тұрып, Минадағы рәсімдерін аяқтаған соң, бірден Манатқа барып, оны тауап ететін әрі оның құрметіне тәлбия айтатын. Манат үшін тәлбия айтқандар Сафа мен Мәруа арасында сағи жасауға қайтып бармайтын». Риуаятта Манатты қастерлеп, осы рәсімді ұстанғандардың арасында кейін ансар атанған Әус пен Хазраж тайпаларының да болғаны айтылады.
Бұл мәселені Шағбиден сенімді иснадпен жеткен тағы бір риуаят айқындай түседі: «Сафа төбесінде Исаф, Мәруа төбесінде Наилә деген пұт тұрған. Жаһилия жұрты осы екі пұттың арасында сағи жасайтын. Ислам келгенде пұттар қиратылды. Мұсылмандар жаһилия жұрты Сафа мен Мәруа арасында осы пұттар үшін сағи жасаған деп ойлап, ол рәсімнен бас тартты. Сонда жоғарыдағы аят түсіп, Сафа мен Мәруаның Алланың қасиетті нышандары екені жарияланды».
Бұл екі пұт жайында мынадай дерек те айтылады: «Кітап иелерінің айтуынша, екеуі әуелде адам болған. Қағбаның ішінде зина жасағаны үшін Алла оларды тасқа айналдырған. Жұртқа ғибрат болсын деп, оларды Сафа мен Мәруа төбелеріне қойған. Арада көп уақыт өтіп, ел олардың әуелде кім болғанын ұмытқан да, сол тастарды қастерлеп, оларға табына бастаған».
Риуаяттардың әртүрлілігін ескерген Ибн Хажар ансарлардың екі топ болуы мүмкін екенін айтады. Бір тобы жаһилия дәуірінде Сафа мен Мәруа арасында сағи жасап жүрген, екінші тобы одан бас тартқан. Ислам келген соң екі топ та сағи жасаудан тартынған.
Ислам жаһилия дәуіріндегі арабтардың қажылық рәсімдерінің негізін қабылдағандықтан, мұсылмандар бұрынғы рәсімдердің қайсысынан бас тарту керегін сұраған. Мұндағы сауал Сафа мен Мәруа арасындағы сағиға қатысты еді. Бұл рәсімді ансарлардың кемінде бір бөлігі бұрын да жасамайтын.
Осы сауалға жауап ретінде түскен аят Сафа мен Мәруаны Алланың қасиетті нышандары деп жариялайды. Уруа ибн Зубәйір аяттың сыртқы мағынасына сүйеніп, қажылық пен ұмра кезінде екі төбенің арасында сағи жасау адамның өз еркінде, қаламаса, жасамауына болады деп түсінеді. Ол осы ойын Айшаға (р.а.) айтады.
Айша (р.а.) аяттың түсу себебін баяндап, Уруаға оның қай тұста жаңылғанын түсіндіреді.
Фиқһ ғалымдарының Сафа мен Мәруа арасындағы сағи туралы пікірлері әртүрлі. Ғұламалардың көбі: «Сағи – рүкін, онсыз қажылық толық болмайды», – деген. Әбу Ханифадан: «Сағи – уәжіп, жасалмай қалса, құрбан шалу керек», – деген пікір жеткен. Суфиян әс-Сәури: «Сағиды әдейі емес, ұмытып жасамаған адам құрбан шалуы керек», – деген. Ата да осы пікірді ұстанған. Одан: «Сағи – сүннет, жасалмай қалса, ештеңе өтеу қажет емес», – деген пікір де жеткен. Басқа пікірлер айтылғанымен, сағиды «парыз» деп атаған ғалым болмаған.
Сафа мен Мәруа арасындағы сағидың үкімі жөніндегі пікірлерді үшке топтастыруға болады:
1. Рүкін. Ибн Хажар мұны ғұламалардың басым көпшілігі ұстанған пікір деп көрсетеді.
2. Уәжіп. Бұл – ханафилердің ұстанымы.
3. Сүннет. Бұл – Ибн Аббас, Ибн Сирин, Мужаһид ұстанған пікір. Ахмад ибн Ханбалдан жеткен пікірлердің бірі де осы.