وَعَنْ أَعْرَجٍ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ كَانَ يَقُولُ: شَرُّ الطَّعَامِ طَعَامُ الْوَلِيمَةِ، يُدْعَى لَهَا الأَغْنِيَاءُ، وَتُتْرَكُ الْمَسَاكِينُ، وَمَنْ لَمْ يَأْتِ الدَّعْوَةَ فَقَدْ عَصَى اللَّهَ وَرَسُولَهُ». وَفِي أُخْرَى «يُمْنَعُهَا مَنْ يَأْتِيهَا، وَيُدْعَى إِلَيْهَا مَنْ يَأْبَاهَا». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَأَبُو دَاوُدَ.
Ағраждың Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Астың ең жаманы – байлар шақырылып, кедейлер шет қалған үйлену тойының асы. Шақырылған асқа келмеген адам Аллаға және Оның елшісіне қарсы келген болады», – деген.
Басқа бір риуаятта: «Астың ең жаманы – келгісі келген адамға берілмей, келгісі жоқ адам шақырылған ас», – делінген.1
Түсіндірме
Хадисте шақырса келетін, шақырылуға да лайық кедейлерді шет қалдырып, тек байларға жайылған дастархан «астың ең жаманы» деп сипатталған.
Хадис алдағы күннен де хабар береді. Алла елшісі (с.а.с.) өзінен кейін асқа байларды сыйлап шақырып, кедейлерді елеусіз қалдыратындар болатынын айтқан.
Бұл жөніндегі кейбір түсіндірмені №3962 хадистен қараңыз.
- 1Бұхари, «Никах», 72. Мүслим, «Никах», 107–110 (№1432). Мәлик, «Муатта», «Никах», 50 (2/546). Әбу Дәуіт, «Атғима», 1 (№3742).