Хадис

Кутуб ситтә, № 3965

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
537. Той асы (уәлима)
Нөмірі
№ 3965 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
3965
Кутуб ситтә, № 3965 · тараудағы реті: 4

وَلِلْبُخَارِيِّ رَحِمَهُ اللَّهِ: «عَنْ صَفِيَّةَ بِنْتِ شَيْبَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: أَوْلَمَ النَّبِيُّ ﷺ عَلَى بَعْضِ نِسَائِهِ بِمُدَّيْنِ مِنْ شَعِيرٍ»

Қазақша аудармасы

Бұхари жеткізген риуаятта Сафия бинт Шәйба (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жұбайларының бірінің тойында екі мүдд арпадан ас әзірлетіп, қонақ күтті».1

Түсіндірме

1. Алдыңғы хадисте Зейнептің (р.а.) тойы өзгеше өтіп, оған қой сойылғаны айтылды. Ибн Баттал мұнда Алла елшісі (с.а.с.) жұбайларының біріне артықшылық беруді көздемеген дейді. Сол тойда қой табылған соң сойған, ал басқа тойларда қой табылмаған. Табылғанда, адамдардың ең жомарты ретінде әр жұбайының тойына қой сояр еді. Алла елшісі (с.а.с.) дүниелік істе шектен шықпай, әр нәрсені қалыпты қалпымен өткізген. Қирмани басқа бір себеп болуы мүмкін екенін айтады: «Алла Тағала Зейнепті оған уахи арқылы некеледі. Ол осы нығметке ерекше шүкіршілік білдірген болса керек». Қирмани «Ахзаб» сүресінің 37-аятындағы ﴿زَوَّجْنَٰكَهَا﴾ «оның талақ еткен әйелін саған қостық» деген сөзді меңзеп отыр. Осы уахидан кейін Алла елшісі (с.а.с.) Зейнепке үйленгенде бөлек неке қидыру қажет болмады. Тіпті Зейнеп өзге жұбайларға: «Сендердің некелеріңді адамдар қиды, ал менің некемді Алланың Өзі қиды», – деп мақтанатын.

Ибн Хажар Әнәстің сөзін «өзінің білуінше» деп шектеуді орынды санайды. Не болмаса Әнәс бір қой мен нанның көп мұсылманға жеткен берекесін айтқысы келген болуы мүмкін. Ибн Хажар былай дейді: «Умратул-қаза кезінде Меккеде Мәймуна бинт әл-Хариске үйленгенде берген ас бір қойдан молырақ болса керек. Өйткені ол бұл асқа меккеліктердің де көптеп келгенін қалаған. Сол кезде малды көбірек союға шамасы жететіндей молшылық орнаған еді. Бұл оқиға Хайбар алынғаннан кейін болды. Алла сол жер алынғалы мүміндерге молшылық нәсіп еткен еді».

2. Алдыңғы риуаятта Сафияның (р.а.) той асының қарапайым болғаны айтылады. Келесі риуаят мұндай қарапайым астың екі мүдд арпадан да әзірленгенін көрсетеді. Қай жұбайының тойына екі мүдд арпа жұмсалғаны анық айтылмаған. Ибн Хажар осыған сай келетін ең жақын деректің Үммі Сәләмаға қатысты екенін айтады. Ибн Сағд келтірген риуаятта Үммі Сәләма (р.а.) өз тойының асын қолымен үгіткен арпадан әзірлегенін айтады.

3. Сафияның (р.а.) тойы туралы «Сахихайндағы» риуаятта құрма, сүзбе және сары майдан жасалған хайс ұсынылғаны айтылады.

Әли әл-Қари «Мирқатта» екі риуаятты былай үйлестіреді: «Сафияның тойында екі түрлі ас та болған. Әр рауи өзі көрген тағамды атаған».

  1. 1Бұхари, Никах 70.