Хадис

Кутуб ситтә, № 3960

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
536. Шақыруға бару және қонақасы
Нөмірі
№ 3960 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
3960
Кутуб ситтә, № 3960 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Масғуд әл-Ансари

وَعَنْ أَبِي مَسْعُودٍ الْأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَجُلٌ مِنَ الْأَنْصَارِ يُقَالَ لَهُ أَبُو شُعَيْبٍ، وَكَانَ لَهُ غُلَامٌ لَحَّامٌ، فَرَأَى النَّبِيَّ ﷺ فَعَرَفَ فِي وَجْهِهِ الْجُوعَ فَقَالَ لِغُلَامِهِ: وَيْحَكَ اصْنَعْ لَنَا طَعَامًا لِخَمْسَةِ نَفَرٍ، فَإِنِّي أُرِيدُ أَنْ أَدْعُوَرَسُولَ اللَّهِ ﷺ خَامِسَ خَمْسَةٍ، فَدَعَا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ خَامِسَ خَمْسَةٍ، فَاتَّبَعَهُمْ رَجُلٌ فَلَمَّا بَلَغَ الْبَابَ قَالَ ﷺ: إِنَّ هَذَا اتَّبَعَنَا، فَإِنْ شِئْتَ تَأْذَنُ لَهُ، وَإِنْ شِئْتَ رَجَعَ. قَالَ: لَا، بَلْ آذَنُ لَهُ يَا رَسُولَ اللَّهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Мәсғуд әл-Ансари (р.а.) былай дейді: «Ансарлардың арасында Әбу Шуғайб деген кісі бар еді. Оның қасапшы қызметшісі болатын. Бір күні ол Алла елшісін (с.а.с.) көріп, аш екенін жүзінен байқады. Қызметшісіне: “Бес кісілік ас әзірле. Алла елшісін (с.а.с.) бесінші кісі етіп шақырайын”, – деді. Ол Алла елшісін (с.а.с.) бесінші адам етіп шақырды. Оларға тағы бір кісі еріп келді. Есікке жеткенде Алла елшісі (с.а.с.): “Мына кісі бізге еріп келді. Қаласаң, кіруіне рұқсат ет, қаламасаң, қайтып кетсін”, – деді. Үй иесі: “Уа, Алла елшісі, оған да рұқсат етемін”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

1. Хадис алдымен шақырылмаған кісінің жиынға өз бетінше қатыспау керегін көрсетеді. Алла елшісі (с.а.с.) соңынан ерген кісіні үй иесіне танытып, кіргізуге рұқсат сұраған. Өйткені шақырылған адамның үй иесінің келісімінсіз басқа біреуді ертіп келуге құқығы жоқ. Алла елшісі (с.а.с.) мұны өзіне рұқсат санамай, үй иесінің келісімін алды.

2. Үй иесі ас әзірлеп, кісіні үйіне шақыра алады немесе тамақты оған жіберуіне болады. Ғалымдар осы екеуінің қайсысы абзал екені жөнінде әртүрлі пікір айтқан. Имам Мәлик тамақты жібергенді жөн көрген, өйткені сонда қонақтың үй ішіндегілер де астан ауыз тиеді.

3. Үй иесінің қонаққа еріп келген кісіні кері қайтармай, қабыл алғаны жақсы. Ал еріп келген адам үй иесінің рұқсатын алмайынша кірмейді.

4. Ибн Хажар бұл хадистен мынадай тұжырым шығарған: үй иесі шақырылған қонаққа еріп келген кісіге рұқсат бермесе, шақырылған қонақтың өзі отырыстан бас тарта алмайды.

5. Қасапшылық – Алла елшісінің (с.а.с.) заманында да болған адал кәсіп.

6. Біреуді асқа шақырғанда, оның жақындарын да бірге шақыру – мұстахаб.

7. Асты шақырылатын кісінің санына қарай әзірлеген жөн. «Бір кісілік ас екі кісіге жетеді» деген хадиске ғана сүйеніп қоймай, еріп келетін кісі болуы мүмкін екенін де ескерген дұрыс. Келесі хадистегі парсы көрші де алғашында қосымша қонаққа келіспей, кейін оны шақырған.

  1. 1Бұхари, Атғима 57, 34, Буйуғ 21, Мазалим 14; Мүслим, Ашриба 138, (2036); Тирмизи, Никах 12, (1099).