وَعَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا أَتَى أَحَدُكُمْ عَلَى مَاشِيَةٍ، فَإِنْ كَانَ فِيهَا صَاحِبُهَا فَلْيَسْتَأْذِنْهُ، فَإِنْ أَذِنَ لَهُ فَلْيَحْلُبْ وَلْيَشْرَبْ، وَإِنْ لَمْ يَكُنْ فِيهَا فَلْيُصَوِّتْ ثَلَاثًا، فَإِنْ أَجَابَهُ فَلْيَسْتَأْذِنْهُ وَإِلَّا فَلْيَحْلُبْ وَلْيَشْرَبْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.
Сәмура ибн Жундубтың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Малға кезіксеңдер, иесі сол жерде болса, одан рұқсат сұраңдар. Рұқсат етсе, сүтін сауып ішіңдер. Иесі көрінбесе, үш рет дауыстап шақырыңдар. Жауап қатса, рұқсат сұраңдар. Ешкім жауап қатпаса, сүтін сауып ішіңдер», – деді.1
Түсіндірме
1. Бұл риуаят мұқтаж болып, сауын малға кезіккен адамға не істеу керегін көрсетеді. Иесі сонда болса, разылығын алған соң сүтін ішеді. Көрінбесе, дауыстап шақырады. Бәлкім, ол оңаша жерде тынығып жатқан болар, дауысты естіп келер. Иесі табылмаса, жолаушы қажетін өтей алады.
Хадисті жеке қарастырғанда осындай мағына шығады. Алдыңғы хадисте айтылғандай, осы мәселе жөнінде басқа риуаяттар да бар. Хаттаби бұл жеңілдік қажетін өтейтін ештеңе таппай, аштықтан опат болу қаупіне ұшыраған адамға берілгенін айтады. Өзгенің мүлкіне қол сұғуды ауыр қылмыс санап, қол кесу секілді қатаң жаза белгілеген Исламда бұл жеңілдік өмірді қорғау қағидасына сүйенеді. Адам өмірін сақтау үшін зәру жанға кейбір тыйым салынған нәрселерді қолдануға рұқсат етіледі. «Зәрулік тыйым салынған нәрсеге рұқсат береді» деген жалпы қағида «Мәжәлләда» да жазылған.
2. Кейбір хадис ғалымдары осы риуаятқа сүйеніп: «Зәру кісіге сауған сүті Алла елшісінің (с.а.с.) берген сыйындай, сондықтан мал иесіне оның құнын өтеуге міндетті емес», – деген. Фиқһ ғалымдарының көпшілігі оның құнын мүмкіндігі жеткенде өтеу керек деп есептеген. Олардың дәлелі – Алла елшісінің (с.а.с.) «Мұсылманның мүлкін рұқсатсыз алуға болмайды» деген сөзі.
- 1Әбу Дәуіт, Жиһад 93, (2619); Тирмизи, Буйуғ 60, (1296).