Хадис

Кутуб ситтә, № 437

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
53. «Фатиха» сүресі
Нөмірі
№ 437 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
437
Кутуб ситтә, № 437 · тараудағы реті: 1

عَنْ أَبِي سَعِيدِ بْنِ الْمُعَلَّى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ أُصَلِّي فِي الْمَسْجِدِ، فَدَعَانِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَلَمْ أُجِبْهُ، ثُمَّ أَتَيْتُهُ فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي كُنْتُ أُصَلِّي. فَقَالَ: أَلَمْ يَقُلِ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اسْتَجِيبُوا لِلَّهِ وَلِلرَّسُولِ إِذَا دَعَاكُمْ﴾؟ ثُمَّ قَالَ: أَلَا أُعَلِّمُكَ سُورَةً هِيَ أَعْظَمُ السُّوَرِ فِي الْقُرْآنِ قَبْلَ أَنْ تَخْرُجَ مِنَ الْمَسْجِدِ؟ ثُمَّ أَخَذَ بِيَدِي، فَلَمَّا أَرَادَ أَنْ يَخْرُجَ قُلْتُ: أَلَمْ تَقُلْ لَأُعَلِّمَنَّكَ سُورَةً هِيَ أَعْظَمُ سُورَةٍ فِي الْقُرْآنِ؟ قَالَ: ﴿الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ﴾، هِيَ السَّبْعُ الْمَثَانِي وَالْقُرْآنُ الْعَظِيمُ الَّذِي أُوتِيتُهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ، وَأَبُو دَاوُدَ، وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид ибн әл-Муалла (р.а.) былай дейді: «Мен мешітте намаз оқып тұр едім. Алла елшісі (с.а.с.) мені шақырды, бірақ жауап бермедім. Кейін қасына барып: “Уа, Алланың елшісі, мен намаз оқып тұр едім”, – дедім. Сонда ол: “Алла Тағала ‘Уа, иман келтіргендер! Алла мен Елшісі сендерді шақырғанда, шақыруына жауап беріңдер’1 деп айтпады ма?” – деді. Артынша: “Мешіттен шықпай тұрып, саған Құрандағы ең ұлы сүрені үйретейін бе?” – деп, қолымнан ұстады. Мешіттен шыға бергенде: “Маған Құрандағы ең ұлы сүрені үйретемін деп едіңіз ғой?” – дедім. Ол: “‘Әлхамду лилләһи раббил-ғаләмин’ сүресі – қайталанып оқылатын жеті аят әрі маған берілген ұлы Құран”, – деді».2

Түсіндірме

Бұл хадисте «Фатиха» сүресінің артықшылығы айтылған. Ол артықшылық сүренің мағынасына және оны оқыған адамға берілетін мол сауапқа байланысты. Құранның барлық сүрелері мен аяттары Алладан уахи етілген. Осы тұрғыдан қарағанда, олардың дәрежесі бірдей. «Фатиха» жеті аяттан тұратындықтан, «әс-Сәбғул-Мәсәни» деп аталған. «Мәсәни» – «мәснә» сөзінің көпше түрі. Ол «жұпталған», «қайталанатын» деген мағыналарды білдіреді. «Фатиха» намаздың әр рәкатында қайталанып оқылатындықтан және одан кейін оқылатын сүреге жұп болатындықтан «мәсәни» аталған деседі. «Хижр» сүресінің 87-аятында «Расында, Біз саған қайталанып оқылатын жеті аятты және ұлы Құранды бердік»3 делінген.

Жоғарыдағы хадисте «әс-Сәбғул-Мәсәни» деп «Фатиха» сүресі аталған. Ал Ибн Аббастан жеткен бір риуаятта бұл атаумен жеті ұзын сүре меңзелген. Олар – «Бақара», «Әли Имран», «Ниса», «Мәида», «Әнғам», «Ағраф» және «Юнус» сүрелері.

  1. 1«Әнфал» сүресі, 24-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», № 4474. Нәсәи, «Ифтитах», № 913. Әбу Дәуіт, «Уитр», № 1458.
  3. 3«Хижр» сүресі, 87-аят.