عَنْ مِلْقَامِ بْنِ تَلِبٍّ عَنْ أَبِيهِ قَالَ: «صَحِبْتُ النَّبِيَّ ﷺ فَلَمْ أَسْمَعْ لِحَشَرَةٍ مِنَ الْأَرْضِ تَحْرِيمًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Милқам ибн Тәлиб әкесінің сөзін жеткізеді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге жүрдім. Оның жер бетіндегі ұсақ жәндіктердің бірін харам дегенін естімедім».1
Түсіндірме
1. Мұнда жер бетіндегі ұсақ жануарлар туралы айтылған. Түсіндірмешілер мысал ретінде кесірткені, кірпіні және уабрды атайды.
2. Хаттаби: «Бұл хадис ұсақ жануарларды жеуге рұқсат екенін өздігінен дәлелдемейді. Рауидың естімеуі басқа ешкім естімеді деген сөз емес. Риуаяттың тағы бір ықтимал мағынасы бар: ол кезде арабтар ұсақ жануарларды жеуге болатын ас деп білген. Алла елшісі (с.а.с.) бұл әдетті біліп, оларға тыйым салмаған». Хаттаби одан әрі ғалымдардың «Дәлел келгенге дейін заттың бастапқы үкімі рұқсат па, тыйым ба?» деген мәселеде пікір таластырғанын айтады. Бұл – фиқһ әдіснамасының ірі мәселелерінің бірі. Кейбірі бастапқы үкімді рұқсат, басқалары тыйым санаған, ал енді біреулер заттың түріне қарай екі түрлі үкім болуы мүмкін деген.
Ғалымдар уабр2 секілді ұсақ жануарлардың үкімін де талқылаған. Уруа, Ата, Шәфиғи және Әбу Сәур уабрды жеуге рұқсат берген. Имам Мәлик те одан ерсі ештеңе көрмеген. Ата, Мужаһид пен Тауустан да осындай пікір жеткен. Ибн Сирин, Хаммад, Әбу Ханифа және оның шәкірттері оны мәкруһ санаған. Әбу Ханифа мен шәкірттері кірпіні де мәкруһ көрген. Кірпі жайында Имам Мәликтен сұрағанда: «Білмеймін», – деген. Әбу Сәур мен Шәфиғи оны жеуден ерсі ештеңе көрмеген. Ибн Омардың да рұқсат бергені айтылады. Әбу Дәуіт жеткізген тыйым риуаятының тізбегі әлсіз саналған. Егер риуаят сахих болса, кірпі харам деген үкім шығады.