Хадис

Лас нәрсемен қоректенетін жануарлар (жаллала)

Кутуб ситтә, 9-том, 527-тарау · 3 хадис · № 3917–3919

Хадистер

3917
Кутуб ситтә, № 3917 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ جَلَّالَةِ الْإِبِلِ أَنْ يُرْكَبَ عَلَيْهَا، أَوْ يُشْرَبَ مِنَ أَلْبَانِهَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) лас нәрсемен қоректенетін түйеге мінуге және оның сүтін ішуге тыйым салды».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Атғима 25 (3785, 3787); Тирмизи, Атғима 24 (1825).
3918
Кутуб ситтә, № 3918 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ أَكْلِ الْمُجَثَّمَةِ: وَهِيَ الْمَصْبُورَةُ لِلْقَتْلِ، وَعَنْ أَكْلِ الْجَلَّالَةِ، وَشُرْبِ لَبَنِهَا، وَعَنِ الشُّرْبِ مِنْ فِي السِّقَاءِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَاللَّفْظُ لِلتِّرْمِذِيِّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) нысанаға байлап қойып өлтірген жануардың етін, лас нәрсемен қоректенетін малдың етін жеуге, сүтін ішуге және торсықтың аузынан сусын ішуге тыйым салды».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Атғима 25 (3786); Тирмизи, Атғима 24 (1826); Нәсәи, Дахая 44 (7, 240).
3919
Кутуб ситтә, № 3919 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ زَهْدَمِ بْنِ مُضَرِّبٍ قَالَ: «أُتِيَ أَبُو مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بِدَجَاجَةٍ فَتَنَحَّى رَجُلٌ مِنَ الْقَوْمِ، فَقَالَ: مَا شَأْنُكَ؟ فَقَالَ: إِنَّي رَأَيْتُهُ يَأْكُلُ شَيْئًا فَقَذِرْتُهُ فَحَلَفْتُ أَنْ لَا آكُلُهُ، فَقَالَ أَبُو مُوسَى: اُدْنُ فَكُلْ، فَإِنِّي رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَأْكُلُهُ، وَأَمَرَهُ أَنْ يُكَفِّرَ عَنْ يَمِينِهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Заһдам ибн Мұдарриб айтады: «Әбу Мұсаға (р.а.) тауық еті әкелінгенде, отырғандардың бірі шетке шықты. Әбу Мұса: “Не болды?” – деп сұрады. Ол: “Тауықтың бірде лас нәрсе жегенін көріп, тіксінген едім. Содан бері оның етін жемеймін деп ант бергем”, – деді. Әбу Мұса: “Бері кел де же. Алла елшісінің (с.а.с.) тауық етін жегенін көрдім”, – деді де, әлгі кісіге антының кәффаратын өтеуді бұйырды».1

Түсіндірме

Бұл үш хадисте негізінде еті адал жануардың қорегіне немесе қалай өлтірілгеніне байланысты туатын үкім сөз болады.

1. Жаллала – лас нәрсемен қоректенетін жануарлардың ортақ атауы. Бұл атау сиырға, түйеге, қойға, ешкіге және үй құстарына да қолданылады. Ғалымдар малдың қандай жағдайда жаллала аталатынын әртүрлі түсіндірген. Кейбірі қорегінің көбі таза болса да, лас нәрсе жеген жануарды жаллалаға жатқызған. Басқалары аз ғана ластық жеген мал бұл топқа кірмейді деген. Нәуәуи жеген ластықтың мөлшерінен гөрі оның белгісіне қараған: ластықтың түсі не иісі етке немесе сорпаға сіңсе, мал жаллала саналады.

2. Хаттаби жаллаланың сүті мен етіне қатысты пікірлерді былай келтіреді:

• Ханафи ғалымдары, Шәфиғи және Ахмад ибн Ханбал жаллаланың етін мәкруһ санаған. Олардың пікірінше, жануарды біраз уақыт қамап, таза жем бергеннен кейін сою керек. Ғалымдар қамау мерзімін әртүрлі белгілеген.

• Кейбір риуаятта сиырды қырық күн, тауықты үш күн қамаған соң сойып жеуге рұқсат айтылған.

• Фақиһтар тауықты үш күн, қойды төрт күн, сиыр мен түйені он күн қамау туралы пәтуа берген.

• Хасан әл-Басри мен Имам Мәлик секілді ғалымдар жаллаланың етін жеуді мәкруһ көрмеген.

• Исхақ ибн Раһауайһтан: «Жаллаланың етін мұқият жуып жесе болады», – деген сөз жеткен.

• Доңыздың сүтін емген қозының етін жеуді де мәкруһ көрмеген. Себебі сүт денеге сіңіп, бұрынғы қалпынан өзгерген.

3. Мужассама – атуға нысана етіп байлап қойған жануар. Алла елшісі (с.а.с.) жануарды нысанаға байлап өлтіруге қатаң тыйым салып, оны істегендерге лағынет айтқан. Осылай өлген малдың етін жеуге болмайды. Жануар тірі кезінде шариғатқа сай бауыздалса, еті адал. Оқ тиіп, бауыздалмай өлсе, соққыдан өлген жануар (мауқуза) саналады.

  1. 1Бұхари, Забаих 26, Хумус 15, Мағази 74, 78, Әйман 1, 4, 18, Кәффарат 9, 10, Тәухид 56; Мүслим Әйман 9 (1649); Нәсәи, Сайд 33 (7, 206).