Хадис

Кутуб ситтә, № 3901

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
519. Әртүрлі әдептер
Нөмірі
№ 3901 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
3901
Кутуб ситтә, № 3901 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ إِذَا أُتِيَ بِأَوَّلِ الثَّمَرَةِ قَالَ: اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي مَدِينَتِنَا، وَفِي ثِمَارِنَا، وَفِي مُدِّنَا، وَفِي صَاعِنَا بَرَكَةً مَعَ بَرَكَةٍ، ثُمَّ يُعْطِيهِ أَصْغَرَ مَنْ يَحْضُرُهُ مِنَ الْوِلْدَانِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Маусымның алғашқы жемісі әкелінгенде, Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Мәдинамызға, жемістерімізге, мүдд пен сағ өлшемдерімізге береке дарытып, берекемізді еселей гөр!” – деп дұға ететін. Содан кейін жемісті сол жердегі балалардың ең кішісіне беретін».1

Түсіндірме

Риуаяттан сахабалардың маусымның алғашқы жемісін Алла елшісіне (с.а.с.) әкеліп, дұға тілегенін білеміз. Алланың жаңа бір нығметіне қол жеткізгенде, шүкір айтып, дұға етудің және оны өзінше бір рәсіммен қарсы алудың үлгісі осы.

Алла елшісінің (с.а.с.) балаларды ұмытпай, оларға алғашқы жемістен беруі – мейірімінің белгісі. Бұл оның балаларды қуанышты рәсімге қатыстыруды құп көргенін де аңғартады. Бала жүрген жерге қуаныш пен шаттық кіреді. Жанан жаңа піскен жемісті Алла елшісіне ұсынуды ұнамды мерекелік рәсім ретінде түсіндіреді. Кей риуаятта жылдың алғашқы жемісі, кейбірінде әр жемістің маусымы сөз болады. Бір нұсқада Алла елшісі дұға оқып, жемісті үш рет оң, үш рет сол көзіне тигізіп, сүйген соң, отырғандардың ең кішісіне ұсынғаны айтылады.

  1. 1Мүслим, Хажж 474 (1373).