وَعَنْ الْمِقْدَامِ بْنِ مَعْدِي كَرِبَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا مَلَأَ آدَمِيٌّ وِعَاءً شَرًّا مِنْ بَطْنٍ، بِحَسَبِ ابْنِ آدَمَ لُقَيْمَاتٌ يُقِمْنَ صُلْبَهُ، فَإِنْ كَانَ لَا مُحَالَةَ فَاعِلًا، فَثُلُثٌ لِطَعَامِهِ، وَثُلُثٌ لِشَرَابِهِ، وَثُلُثٌ لِنَفَسِهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Миқдам ибн Мағдикәриб (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Адам баласы қарнынан жаман ыдыс толтырған емес. Оған бойын тіктеп ұстауға жететін бірнеше асам ас жеткілікті. Артық жеуге тура келсе, қарнының үштен бірін асқа, үштен бірін сусынға, үштен бірін тыныс алуға қалдырсын».1
Түсіндірме
Хадисте асқазан алдымен ыдысқа теңелген. Ыдыстың құны ішіне салынған нәрсемен айқындалады. Асқазанды «ең жаман ыдыс» деу оны лық толтырудың зиянына назар аудартады. Асты шамадан тыс, мезгілсіз жеудің, сапасыз не харам ас жеудің әрқайсысының өз зияны бар. Мунауи: «Асқазанды толтыру дінге де, дүниеге де зиян. Ол дүниеге құмарлық пен тоғышарлықтан туады. Шектен тыс тоқтық адамды жұрттан алыстатып, бойына жалқаулық пен құлшылыққа енжарлық ұялатады. Ашуы мен құмарлығы күшейіп, қажетінен артық дүние тілей бастайды», – дейді. Кей ойшылдар: «Тоқтық – нәпсіге шайтанды, аштық – рухқа періштені шақыратын өзен», – деген. Мунауи Ғазалиден жеткізген сөзінде хадистегі «луқаймат» бірнеше асамды, яғни оннан аз мөлшерді білдіретінін айтады. Хадис асқазанды ойланбай әрі мөлшерсіз толтырудан сақтандырады. Аз асты ұсынумен бірге, одан көбірек жеуге тура келгенде зиянын азайтатын өлшемді де көрсетеді.
Хадисте асқазанның үштен бірін асқа, үштен бірін сусынға, үштен бірін тыныс алуға қалдыру айтылған. Мунауи айтады: «Осы өлшемді ұстанғанда рух тазаланып, жүректе нәзік сезім пайда болады. Бұл ас ішкенде ұстануға керекті өлшем. Дене мен жүрек үшін ең пайдалысы осы. Себебі қарын тамаққа тойса, су ішуге қиындық туады. Су ішкенде тыныс алуға қиындық туады. Дене ауырлап, адамды селқостық басады. Адам табиғатының жеуге, суға және ауаға қатысы бар болуы себепті2, Расулалла (с.а.с.) жеу, ішу және тыныстауды үшке бөлуге кеңес берген. Бұл бөлуде отқа қатысты жағына орын берілмеген. Себебі ибн әл-Қайымның айтуынша, дәрігерлерден бір топтың айтуынша, денеде отқа қатысты бөлік жоқ. Қуртуби айтады: «Егер Гиппократ Расулалланың тамақтану туралы айтқан осы үш бөлікке бөлу туралысын естігенде, бұндағы хикметке таңғалар еді». Ғазали айтады: «Бұл хадис пәлсапашылардың біріне айтылғанда, «Мен аз жеу турасында бұдан өткен хикметті сөз естіген емеспін» – деді. Расулалла сол үш нәрсені арнайы атады, өйткені жануарға тән өмірдің негізін солар құрайды». Мунауи осы түсіндірмеден кейін «Ескерту» деген атпен мынаны қосады: «Ибн Араби айтады: «Аштық екі түрлі: Бірі адам еркіндегі аштық, бұл саликтердің (сопылық жолына түскендердің) ашығуы. Екіншісі қиындықпен (ыздырари) аштық. Бұл шынайы ғұламалардың ұстанатын аштығы. Себебі шынайы адам өзін аштыққа қамамайды, қайта жейтінін «унсият» мақамында азайтып, «хайбат» мақамында көбейтеді. Олар үшін көп жеу «азамат» хәлінде көргендерінен жүректеріне түскен ақиқат нұрларының басым күшінің дұрыстығына дәлел. Аз жеулері болса көргендерімен «унсият» хәлінде тілдескендерінің дұрыстығына дәлел. Көп жеу саликтер үшін Алладан алыстау, Алланың босағасынан алыстау, хайуани сезімдерге бой алдыру, бойларын нәпсінің құмарлығы билеп алғандығына дәлел. Аз жеу олар үшін жомарт жаратушыдан жүректеріне жеткен сырлардың барына дәлел. Бұл оларды тәнге байланудан алыстатады. Аштық, қандай жағдай болсын салик пен мухаққиқ үшін саликке тән ірі хәлдерге, мұхаққиқке тән сырларға қол жеткізуде ішкі себепке жатады. Тек ашығуда шектен шықпаса болды. Себебі оның астамдыққа баруы әуестікке, ақыл тұмшаланып, мінездің бұзылуына апарады. Ендеше, салик өзі көздеген күйге жету үшін шейхынан рұқсат алмай, мұндай ашығуға бармауы керек. Әсіресе, өз бетінше тіптен бармағаны жөн. Оның міндеті: тамақты азайту, оразаны жалғастыру, тәулікті қосқанда бір күнде бір рет қана тамақтануды ұстаным етуі. Өзіне хәлдерін түзетіп бере алатындай шейх тапқанға дейін үсті-үстіне май жемеу, аптасына екі реттен көп қатық алмауы тиіс».