Хадис

Кутуб ситтә, № 3893

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
518. Шамадан тыс жеудің ұнамсыздығы
Нөмірі
№ 3893 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
3893
Кутуб ситтә, № 3893 · тараудағы реті: 3

وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ وَالتِّرْمِذِيِّ، عَنْ جَابِرٍ: «طَعَامُ الْإِثْنَيْنِ يَكْفِي الْأَرْبَعَةَ، وَطَعَامُ الْأَرْبَعَةِ يَكْفِي الثَّمَانِيَةَ».

Қазақша аудармасы

Мүслим мен Тирмизи Жәбирден мына риуаятты жеткізген: «Екі кісілік ас төрт кісіге, төрт кісілік ас сегіз кісіге жетеді».1

Түсіндірме

1. Бұл риуаяттарда аз астың көп адамға да жететіні айтылады. Кейбір ғалымдар мұны: «Бір кісіні тойдыратын ас екі кісінің қажетін өтейді, ал екі кісілік тамақ төрт кісіге жетеді», – деп түсіндірген. Мұһаллаб: «Хадистер көркем мінезге, азды қанағат етуге үндейді2. Мұнда ас мөлшеріне шек қоюдан гөрі, өзгені асқа ортақтастыру көзделген. Екі кісі асына үшіншіні, үш кісі төртіншіні қоса алады», – дейді. Ибн Мәжада келген бір риуаятта: «Бір кісінің асы екіге, екі кісінің асы үш-төртке, төрт кісінің асы бес-алтыға жетеді», – делінген. Бұл хадистер Алла елшісінің (с.а.с.) бұған дейінгі «Бірге тамақтаныңдар, бөлек жемеңдер. Берекесі болса, бір кісілік ас екі кісіге де жетеді» деген өсиетін толықтырады. Олар бірге ішкен астың берекеленетінін түсіндіреді. Алла елшісі тіршілікке қажетті асты «бойды тіктеуге жарайтын бірнеше асам» деп сипаттаған. Өзі де дастархан басында бірнеше асам жеп, тез тұратын кісідей отыратын (№3882 хадис). Осыны ескерсек, бұл хадистердің мәні ашыла түседі. Бір кісінің қалыпты асы саналатын мөлшердің шамамен жартысы ағза қажетіне жетіп жатады. Алайда адамдар жаман әдетке бой алдырып, қажетінен артық жеп қояды. Жанан бір дастарханнан ішкендердің бірінің толық, екіншісінің арық болуын және кейде тұрмысы жұпыны балалардың ауқатты отбасының балаларынан ширақ көрінуін де осы пікіріне мысал етеді.

2. Хадистен шығарылған үкімдер:

• Ғалымдар Әбу Һурайраның хадисіне сүйеніп, жалғыз ішкеннен гөрі бірге ас ішуді мұстахаб санаған.

• Өзгені дастарханға шақырып, қолдағы асты бөлісу берекеге себеп болады. Дастарқандастардың әрқайсысы сол берекеден үлес алады.

• Қолындағы ас аз болса да, адам өзгеге сый-құрмет көрсетуден тартынбасын. Аз ас адамның қарнын толық тойдырмаса да, аштығын басып, бойына қуат береді. Сүннетте ұсынылған ас ішу әдебі де осыған саяды.

  1. 1Мүслим, Ашриба 179 (2059); Тирмизи, Атғима 21 (1821).
  2. 2Ибн Хажар «Бірге тамақтаныңдар, бөлек жемеңдер. Берекесі болса, бір кісілік ас екі кісіге де жетеді» деген хадисті былай түсіндіреді: «Астың жетуі бірге отырудың берекесінен. Дастарқандас көбейген сайын, береке де молаяды».