وَلِأَبِي دَاوُدَ فِي أُخْرَى: «أُتِيَ النَّبِيُّ بِتَمْرٍ عَتِيقٍ، فَجَعَلَ يُفَتِّشُهُ يُخْرِجُ مِنْهُ السُّوسَ». «الْإِقْعَاءُ»: فِي الْأَكْلِ أَنْ يَجْلِسَ الْآكِلُ عَلَى وَرَكَيهِ مُسْتَوْفِزًا غَيْرَ مُتَمَكِّنِ.
Әбу Дәуіттің басқа риуаятында Алла елшісіне (с.а.с.) ескі құрма әкелгенде, ол арасынан құрттарын алып тастау үшін құрманы тексере бастағаны айтылады.1
Түсіндірме
Бұл риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) ескі құрма әкелінгенде, құрттары болса, алып тастау үшін мұқият қараған.
Ғалымдар хадистен ескі құрманы тексермей жеудің мәкруһ екенін шығарған. Құрттаған жемісті нәжіс деп санамай, құртын алып тастаған соң жеудің ағаттығы жоқ деген.
Әли әл-Қари Табаранидің Ибн Омардан жақсы иснадпен жеткізген риуаятында Алла елшісінің (с.а.с.) құрмадан құрт іздеуге тыйым салғанын айтады. Ол күдікке жол бермеу үшін тыйымның жас құрмаға қатысты болуы мүмкін екенін түсіндіреді. Немесе Алла елшісінің өзі тексергені оған рұқсат барын көрсетеді. Бұл жағдайда тыйым харамдықты емес, тәнзиһи мәкруһты білдіреді.
- 1Әбу Дәуіт, Атғима 43, (3832, 3833).