وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عِكْرَاشِ بْنِ ذُؤَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ قَالَ: «بَعَثَنِي قَوْمِي بَنُو مُرَّةَ بْنِ عَبِيدٍ بِصَدَقَاتِ أَمْوَالِهِمْ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَدِمْتُ الْمَدِينَةَ فَوَجَدْتُهُ جَالِسًا بَيْنَ الْمُهَاجِرِينَ وَالْأَنْصَارِ. فَأَخَذَ بِيَدِي فَأَدْخَلَنِي بَيْتَ أُمِّ سَلَمَةَ، فَقَالَ: هَلْ مِنْ طَعَامٍ؟ فَأُتِينَا بِجَفْنَةٍ كَثِيرَةِ الثَّرِيدِ وَالْوَذْرِ. فَأَقْبَلْنَا نَأْكُلُ مِنْهَا فَخَبَطْتُ بِيَدِي فِي نَوَاحِيهَا، وَأَكَلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ مِنْ بَيْنَ يَدَيْهِ فَقَبَضَ بِيَدِهِ الْيُسْرَى عَلَى يَدِي الْيُمْنَى ثُمَّ قَالَ: يَا عِكْرَاشُ كُلْ مِنْ مَوْضِعٍ وَاحِدٍ، فَإِنَّهُ طَعَامٌ وَاحِدٌ. ثُمَّ أُتِينَا بِطَبَقٍ فِيهِ أَلْوَانُ التَّمْرِ وَالرُّطَبِ فَجَعَلْتُ آكُلُ مِنْ بَيْنَ يَدَيَّ، وَجَالَتْ يَدُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فِي الطَّبَقِ. فَقَالَ: يَا عِكْرَاشُ كُلْ مِنْ حَيْثُ شِئْتَ فَإِنَّهُ غَيْرُ لَوْنٍ وَاحِدٍ. ثُمَّ أُتِينَا بِمَاءٍ فَغَسَلَ يَدَهُ وَمَسَحَ بِبَلَلِ كَفِّهِ وَجْهَهُ وَذِرَاعَيْهِ وَرَأْسَهُ وَقَالَ يَا عِكْرَاشُ: هَذَا الْوُضُوءُ مِمَّا غَيَّرَتِ النَّارُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. الْوَذْرُ» جَمْعُ وَذْرَةٍ بِسُكُونِ الذَّالِ: وَهِىَ القِطْعَةُ مِنَ اللَّحْمِ.
Абдулла ибн Икраш ибн Зуайб әкесінің мына сөзін жеткізген: «Қауымым Бәни Мурра ибн Абид малдарының садақасын Алла елшісіне (с.а.с.) мен арқылы жіберді. Мәдинаға келгенде оның мұһажирлер мен ансардың арасында отырғанын көрдім. Ол қолымнан ұстап, Үммі Сәләманың (р.а.) үйіне ертіп барды да: “Жейтін нәрсе бар ма?” – деп сұрады. Бізге көп сәрид (сорпаға жібітілген нан) пен ет кесектері салынған үлкен табақ әкелінді. Асқа жақындап отырдық. Мен қолымды табақтың әр жеріне создым, Алла елшісі өз алдынан жеді. Сосын сол қолымен оң қолымнан ұстап: “Уа, Икраш, бір жерінен ғана же. Мұның бәрі бір ас”, – деді. Содан кейін түрлі жас және кепкен құрма салынған табақ әкелді. Бұл жолы өз алдымнан жей бастадым, Алла елшісі табақтың әр жерінен алды. Маған: “Уа, Икраш, қалаған жеріңнен ал. Мұнда құрманың бірнеше түрі бар”, – деді. Одан соң су әкелінді. Алла елшісі қолын жуып, қолындағы дымқылмен жүзін, білектерін және басын сүртті. Сөйтіп: “Уа, Икраш, отта піскен ас жегеннен кейінгі дәрет осы”, – деді».1
Түсіндірме
1. Риуаят бойынша, сорпа не палау сияқты құрамы біркелкі асты өз алдынан жеу – әдеп. Түрі мен сапасы әртүрлі жеміс болса, қалағанын таңдап алуға болады. Кейбір ғалым осы хадиске сүйеніп, табақтағы жеміс біркелкі болса, өз алдынан алып, басқа тұсына қол созбаған дұрыс деген. Табақта әртүрлі тағам болса, жан-жағынан таңдап жеуге рұқсат етіледі. Кейінгі хадистегі «шетінен жеңдер» деген бұйрықты ескерсек, қалаған жерінен жеуге берілген рұқсат астың ортасына жүрмейді. Өйткені риуаятта береке астың ортасына түседі делінген.
2. Ас ішкеннен кейін қол жуу хадисте «дәрет» деп аталған. Мұнда ғибадат алдындағы шариғи дәретке қарағанда, ас ішкеннен кейін қол жуудың күнделікті әдебі меңзеледі. Риуаятта қол жуудың себебі отта піскен ас екені айтылған. Піскен тамақ шикідей желінетін жеміске ұқсамайды. Оның қалдығы не иісі қолайсыздық тудыруы мүмкін, сондықтан тамақтан соң қол жуу орынды.
- 1Тирмизи, «Атғима», 41 (№1848).