وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَتِ النُّفَسَاءُ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ تَقْعُدُ بَعْدَ نِفَاسِهَا أَرْبَعِينَ يَوْمًا أَوْ أَرْبَعِينَ لَيْلَةً، وَكُنَّا نَطْلِي عَلَى وُجُوهِنَا الْوَرْسَ يَعْنِي مِنَ الْكَلَفِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Үммі Сәләма (р.а.) былай деген: «Алла елшісінің (с.а.с.) заманында нифас қаны келген әйелдер қырық күн немесе қырық түн намаз оқымайтын. Бетімізге түскен қарақоңыр даққа қарсы уарс жағатынбыз».1
Түсіндірме
1. Хадистегі «нифас» сөзі босануды меңзейді. Босанғаннан кейін қырық күн күту дегені – сол аралықта тазарған болып есептелмей, таза кезде рұқсат етілетін ораза ұстау, намаз оқу сияқты амалдарды істемеу. Тирмизи сахабалар, табиғиндер және кейінгі сәләф ғалымдары босанған әйелдің қырық күнге дейін ораза ұстамай, намаз оқымайтыны жөнінде ортақ пікірге келгенін айтқан.
«Нифас» – босанғаннан кейін келетін қан. Бұл мерзім қырық күнге дейін созылады. Қан одан бұрын тоқтаса, әйел ғұсыл алып, намаз оқып, ораза ұстай алады. Қырық күннен кейін келген қанды ғалымдардың көпшілігі истихазаға жатқызған. Мәзһабымызда да осы пікір негізге алынады.
2. Хадистің екінші бөлігі Алла елшісінің (с.а.с.) заманында әйелдердің өзара бас қосқанда немесе үйінде күйеуінің алдында әсемдік заттарын қолданғанын аңғартады.
• Уарс – Йеменде өсетін, бояу жасауға қолданылған сары өсімдік. Әйелдер оны бетіне қызғылт рең беру үшін жаққан.
• Кәләф – қара мен қызылдың арасындағы қарақоңыр түс. Хадистегі مِنَ الْكَلَفِ тіркесі беттегі қарақоңыр дақты білдіреді. Әбу Дәуіт пен Тирмизидегі сөз орамы әйелдердің уарсты сол даққа қарсы жаққанын көрсетеді.
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 121 (№311); Тирмизи, «Таһарат», 105 (№139). Әбу Дәуітте «қырық күн немесе қырық түн», Тирмизиде «қырық күн» деп келген.