وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ سُفْيَانَ قَالَ: «سَأَلَتْ امْرَأَةٌ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَقَالَتْ: إِنِّي أَقْبَلْتُ أُرِيدُ أَنْ أُطُوفَ بِالْبَيْتِ، حَتَّى إِذَا كُنْتُ عِنْدَ بَابِ الْمَسْجِدِ هَرَقَتِ الدِّمَاءُ فَرَجَعْتُ حَتَّى ذَهَبَ ذَلِكَ عَنِّي. ثُمَّ اغْتَسَلْتُ حَتَّى إِذَا كُنْتُ عِنْدَ بَابِ الْمَسْجِدِ هَرَقَتِ الدِّمَاءُ ثُمَّ جِئْتُ فَكَذَلِكَ فَقَالَ: إِنَّمَا ذَلِكَ رَكْضَةٌ مِنَ الشَّيْطَانِ فَاغْتَسِلِي ثُمَّ اسْتَثْفِرِي بِثَوْبٍ، ثُمَّ طُوفِي». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Абдулла ибн Суфиянның (р.а.) айтуынша, бір әйел Ибн Омарға (р.а.): «Қағбаны тауап етуге келген едім. Мәсжид әл-Харамның қақпасына жеткенде қан кетті. Кері қайтып, қан тоқтағанша күттім де, ғұсыл алдым. Қайтадан тауап етуге келсем, қақпаның алдында тағы қан кетті. Тағы да кері қайтып, сізге келдім», – дейді. Ибн Омар: «Бұл – шайтанның бір соққысы. Ғұсыл ал, мата байла, сосын тауап ет», – деп жауап береді.1
Түсіндірме
Әйелдің сұрақ қоюына етеккірден тыс қан кетуі себеп болған. Түсіндірмешілердің айтуынша, оның кері қайтып күтуі, жуынып, екінші рет тауап етуге келуі бір күннің ішінде болуы мүмкін. Мұндай қан кету хадистерде رَكْضَةٌ مِنَ الشَّيْطَانِ, яғни «шайтанның бір соққысы» деп аталады. «Рәкда» сөзі «соққы», «тебу» деген мағыналар береді. Мұны құлшылыққа кедергі келтіруімен және құлшылықты жарамсыз етеді деген күдік туғызуымен байланыстырып түсіндірген.
Ибн Абдулбәррдің айтуынша, Абдулла ибн Омардың «ғұсыл ал» деген пәтуасы қанды етеккірге жатқызудан немесе истихаза қаны келген әйелге Қағбаны тауап ету алдында ғұсыл алу міндетті деп санаудан тумаған. Ол тауап алдында ғұсыл алуды мәндүп амал деп есептеп, әйелге осы пікірге сүйеніп жауап берген.
- 1Муатта, Хаж: 124, (1, 371).