وَعَنْ سُمَىٍّ مَوْلَى أَبِي بَكْرِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ: «إِنَّ الْقَعْقَاعَ وَزَيْدَ بْنَ أَسْلَمٍ أَرْسَلَاهُ إِلَى سَعِيدِ بْنِ الْمُسَيِّبِ رَحِمَهُ اللَّهُ يَسْأَلُهُ: كَيْفَ تَغْتَسِلُ الْمُسْتَحَاضَةُ؟ قَالَ: تَغْتَسِلُ مِنْ ظُهْرٍ إِلَى ظُهْرٍ وَتَتَوَضَّأُ لِكُلِّ صَلَاةٍ فَإِنْ غَلَبَهَا الدَّمُ اسْتَثْفَرَتْ بِثَوْبٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. قَالَ: وَكَذَلِكَ رُوِيَ عَنِ ابْنِ عُمَرَ وَأَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، وَهُوَ قَوْلُ سَالِمِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ وَالْحَسَنِ وَعَطَاءٍ رَحِمَهُمْ اللَّهُ. وَقَالَ مَالِكٌ: أَظُنُّ حَدِيثَ ابْنِ الْمُسَيِّبِ مِنْ طُهْرٍ إِلَى طُهْرٍ، إِنَّمَا هُوَ مِنْ ظُهْرٍ إِلَى ظُهْرٍ وَلَكِنَّ الْوَهْمَ دَخَلَ فِيهِ. وَرَوَاهُ الْمِسْوَرُ بْنُ عَبْدِ الْمَلِكِ فَقَالَ فِيهِ: مِنْ طُهْرٍ إِلَى طُهْرٍ. فَقَلَبَهَا النَّاسُ مِنْ ظُهْرٍ إِلَى ظُهْرٍ. قُلْتُ: ذَكَرَ الْقَاضِى عِيَاضُ أَنَّ رِوَايَةَ الْمُعْجَمَةِ صَحِيحَةٌ. وَاللَّهُ أَعْلَمُ.
Әбу Бәкір ибн Абдуррахманның азат еткен құлы Сүмәй былай деген: «Қағқағ пен Зәйд ибн Әсләм мені Сағид ибн әл-Мүсәйябқа (р.а.) жіберіп, истихаза қаны келген әйелдің қалай ғұсыл алатынын сұратты. Сағид: “Күн сайын бесін уақытында ғұсыл алып, әр намаз үшін дәрет алады. Қаны күшейсе, мата байлайды”, – деді».1
Әбу Дәуіт мұндай риуаяттың Ибн Омар мен Әнәстан (р.а.) да жеткенін айтады. Сәлим ибн Абдулла, Хасан әл-Басри және Ата (р.а.) да осы пікірде болған.
Имам Мәлик былай деген: «Меніңше, Ибн әл-Мүсәйябтың риуаятында “тазалықтан тазалыққа дейін” делінген. “Бесіннен бесінге дейін” деп жетуіне жаңсақтық себеп болған тәрізді».
Мұны әл-Мисуар ибн Абдулмәлик те «тазалықтан тазалыққа дейін» деп риуаят еткен. Жұрт оны «бесіннен бесінге дейін» деп өзгертіп айтқан. «Тәйсир» авторы:2 «Қади Иядтың айтуынша, нүктелі әріппен, яғни مِنْ ظُهْرٍ إِلَى ظُهْرٍ деп жеткен нұсқа дұрыс. Дұрысын Алла біледі», – деген.
Түсіндірме
Осы риуаятқа қарағанда, Ибн әл-Мүсәйяб истихаза қаны келген әйелге күн сайын бесін уақытында ғұсыл алуға пәтуа берген. Әбу Дәуіт мұндай риуаяттың Абдулла ибн Омар мен Әнәстан да жеткенін, Хасан әл-Басри, Сәлим, Ата сияқты табиғиндердің де осы пікірде болғанын айтады. Имам Мәлик риуаяттағы әріп нүктесі қате қойылған деп, оны مِنْ طُهْرٍ إِلَى طُهْرٍ түрінде оқуды жөн көрген. Бұл нұсқада әйелдің бір тазалық мерзімінен екіншісіне дейін, яғни етеккірі тоқтағанда ғана ғұсыл алатыны айтылады. Демек, истихазасы бар әйел де өзге әйелдер сияқты бір етеккірі біткеннен келесі етеккірі біткенге дейін қайта ғұсыл алмайды.
Хаттаби де Имам Мәликтің пікірін қолдаған: «Истихаза қаны келген әйелдің күн сайын бесін уақытында ғұсыл алуының мәнін көрмеймін», – дейді. Ол мұндай пікірді бірде-бір фақиһтан кездестірмегенін айтып, مِنْ طُهْرٍ إِلَى طُهْرٍ деген нұсқаны дұрыс санаған.
Әбу Бәкір ибн әл-Араби Хаттабидің пікірімен келіспеген: «Бұлай болуы мүмкіндігін жоққа шығару дұрыс емес. Истихаза қаны келген әйелге машақатына байланысты әр намаз үшін ғұсыл алу міндеттелмесе, кемінде күн сайын түс мезгілінде бір рет жуынады. Бұл тазалық сақтауға қолайлы», – дейді.